Қазіргі нарық заманында компанияның жетістігін, капиталдың барлық түрінің өсіміне қарап бағамдауға болады. Әдетте, ол өндірістік, қаржылық, әлеуметтік көрсеткіштер болатын. Енді олардың қатарына корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті қосамыз.
Бүгінде Қазақстанда бизнестің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі (КӘЖ) белсенді дамып, кеңінен таралуда. Көптеген ірі компаниялар үшін, мысалы, мұнай саласындағы немесе энергетика, темір жол саласындағы болсын, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік – кәсіпорын қызметінің тұрақты бағытының бірі болып саналады. Кәсіпорын өзінің жеке қайырымдылық қорын құрып, аймақ инфрақұрылымын дамытуға, білім гранттарына қаржы бөліп отырады. Ал әлемдік тәжірибеде, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – қоғамды, яғни оның әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салаларын дамытуда бизнестің ерікті түрі ретінде қарастырылған.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – бірінші кезекте, елімізде өркениетті және әділетті әлеуметтік-еңбек қатынастарын орнату болып табылады, өйткені ол, әлеуметтік серіктестіктің жаңа формасы болып табылады. Алайда, бизнестің тиімді әлеуметтік жауапкершілігі қоғаммен ерікті түрде, өз бетімен ымыраға келген жағдайда мүмкін. Бизнес халық пен қоғам тарапынан түсіністік пен қолдау болмаған жағдайда табысты болмақ емес.
Сондықтан бизнестің әлеуметтік әлеуетін тиімді пайдалану үшін мемлекет, компаниялар және азаматтық қоғам арасында тұрақты серіктестік болуы қажет. Ал Қазақстанда соңғы жылдары аталмыш секторлар арасындағы ынтымақтастықтың әжептәуір белсенділігі артқан.
Жалпы Қазақстан Орталық Азия елдері арасында, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі саласында көшбастап тұр. Алғаш рет тәуелсіз Қазақстанда әлеуметтік жауапкершілікті дамыту үшін бірінші алғышарттар, 1990 жылдардың ортасында ел нарығына шетелдік компанилардың келуімен пайда болды, сол кезде-ақ олар өздерінің әлеуметтік жауапкершіліктерін таныта бастады. Соған қарамастан, осыдан сегіз жыл бұрын КӘЖ ұғымы Қазақстан үшін жаңалықтай болды. Бүгінде халықтың да, отандық компаниялардың да әлеуметтік жауапкершіліктің негізгі қағидалары туралы білімі күрт өскен.
"Қазақстан Республикасының кәсіпкерлігінде бизнесті жауапкершілікпен жүргізудің тәжірибелері мен саясатын дамытуға жәрдемдесу" тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасы кәсіпкерлердің ұлттық палатасының әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов, өткен жылы елімізде ҚР кәсіпкерлердің ұлттық палатасының серіктесі Еуразиядағы Орталық Азия қорымен бірлесе, "Қазақстанда бизнесті жүргізудегі корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік тұжырымдамасының" жасалуын айтулы оқиға ретінде атап өтті.
"Алғаш рет Қазақстанда бизнесті жүргізудегі әлеуметтік жауапкершілік туралы бастаманы елбасы көтерді. Содан бері ірі компаниялар, халықаралық компаниялар бұл процеске біртіндеп өз үлестерін қоса бастады. Бірақ, КӘЖ тұжырымдамасының бірыңғай түсінігі қалыптаспаған еді. Енді кәсіпкерлер палатасы мен ЕОАҚ бірлесе жасап шығарған "Қазақстанда бизнесті жүргізудегі корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік тұжырымдама" бар. Біз оны ресімдедік. Былтыр Парижде өткен форумда әлемдік қоғамдастықта бизнестің сәйкестілігі туралы ұлттық модельді ұсындық. Біздің тұжырымдама халықаралық стандартқа сәйкес келеді. Сонымен қатар біз қызығушылық білдірген бірқатар тараптармен келіссөздер жүргіздік, бірінші кезекте, бұл кәсіподақтар федерациясы. Өйткені, олар еңбек қауіпсіздігін, өндірістегі қолайлы еңбек жағдайын бақылайды. Сонымен қатар министрліктермен, ел үкіметі басшыларымен кездестік.
Жақында бір шара бекітілді, біз оны "Қазақстанда бизнестердің корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктерін дамыту бойынша картасы" деп атадық. Қуантарлығы сол, оған бес халықаралық компаниямен қатар Қазақстандағы Нидерланды корольдігінің елшілігі де қолдау көрсетіп келеді. Университеттер қатарында корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті дамыту, әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша орталықтар құрылды. Бірінші болып жүйелі жұмыс істеуге АМУ Юнивест кірісті, ол мамандарды даярлау орталығын құрып, оларды оқытатын жаңа пән ашты, ол бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деп аталады. Олар әлеуметтік кәсіпкерлікке басымдық беріп отыр" деді КҰП-тың комитет жетекшісі.
Талғат Доскеновтің айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлікті қайырымдылық шарасымен шатастыруға болмайды. Ол бір жолғы қайырымдылық акциясы емес және де ақша сұрау өтініші де емес. Бұл кәсіпкерлік түрі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырумен айналысып, қоғамның өткір мәселелеріне, атап айтқанда, көп балалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, ауру балаларға қолғабыс беру ісімен айналысады. Мұндай әлеуеметтік жобаларды жүзеге асыру барысында бизнес технологиясы пайдаланылады екен. Яғни, әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысушылар өз бетімен қаржы таба алатын субъектілер.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі, сөз орайы келгенде, Өскемендегі бір кәсіпкер туралы да айтып берді. Университет түлегі, студент кезінде жол-көлік апатына ұшырап, содан жүре алмай қалыпты. Бірақ, ерік-жігері жас жігіт тағдыр тауқыметіне мойынұсынбай өзін оңалтуға кіріскен, сөйтіп, сауықтырудың жаңа жүйесін ойлап тапқан. Бүгінде мүгедектерді сауықтыру орталығын құрған ол өзі ойлап шығарған сауықтыру әдістемесімен жұмыс істеуде екен. "Осыдан екі жыл бұрын әлеуметтік форумда ол орнынан тұрып, екі-үш қадам жасағанда, бүкіл зал орнынан тұрып, қошемет көрсетті. Өйткені, бұл адам салы суға кетіп, ғажайыптан күдір үзгендерді өз әрекетімен өмірге құлшындыра түседі" дейді Талғат Доскенов.
Қазақстанда әлеуеметтік кәсіпкерліктің өрісі кеңейе бастағанын көптеген әйел адамның түрлі ауруларға шалдыққан балаларға қатысты жобаларды жүзеге асырумен айналысып отырғанынан да көруге болады. Бірі, балаларды иппотерамиямен емдеу жолымен айналысса, екіншісі, өзге тәсілдерді серік еткен. Нәтижесі, балалардың денсаулығынның жақсарып, өмір сүруге бейім бола бастауынан білінуде. Мұндай жобалар өте көп, мысалы құлағы мүкіс жандар шаштараз ашып, өз алдына ақша табуда. Әрине, сіз олардың шаштаразына барып, шаш алдырсаңыз, қоғамдастық мүшелеріне қарағанда, шаш қию бағасы екі немесе үш есеге қымбат шығуы мүмкін. Бірақ, сіз сонда барып шаш қидыру арқылы, кемтар жандарға аздап болса да, ақшалай көмек бергеніңізді білетін боласыз.
"Біздің елде 600 мыңға жуық түрлі санаттағы мүгедектер бар. Олар, туыла немесе бала кезінен мүгедек, түрлі ауыр жағдайларға, жол-көлік апаттарына тап болып немесе өндірісте жұмыс барысында жазатайым жағдайға ұшырап, мүгедек болып қалған жандар. Әрине, оларға әлеуметтік кәсіпкерлікті, бизнес жүргізуде корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті дамыту арқылы қолғабыс ете аламыз.
Үш жыл бұрын біз қайырымдылық көрсетуден 149 орында тұрдық, бүгінде біз 115-ші орындамыз. Әрине, көрсеткіш соншалықты жоғары емес" дейді кәсіпкерлердің ұлттық палатасының комитет жетекшісі Талғат Доскенов.
Десек те, бүгінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі Қазақстанның тұрақты дамуын қамтитын ұзақмерзімді стратегиясының маңызды бір бөлігі болып саналады. Оған жоғарыда аталып өткен 2015-2020 жылдарға арналған Қазақстанда бизнестің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі Ұлттық тұжырымдамасы дәлел болмақ. Тұжырымдама мақсаты КӘЖ-ді жүйелі дамытуға бірыңғай тәсілдеме әзірлеу және Қазақстанның тұрақты дамуына қол жеткізу үшін компания қызметтерінде КӘЖ-ді біріктіруге қолайлы жағдайлар жасау болмақ. Тұжырымдама мемлекет, бизнес және азаматтық сектордың серіктестігі маңызды рольге ие.
Сөз реті келгенде, Қазақстанның саяси басшылығы да елімізде КӘЖ-ді дамытуға қолдау көрсетіп отырғанын айтар едік. Мемлекет басшысы өз жолдауларында корпоративтік әлеуеметтік жауапкершілікті дамытудың маңыздылығына сан мәрте тоқталып өткен болатын. Ал 2008 жылдан бері ҚР президенті "Парыз" бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша байқауды бекіткен болатын. Бұл байқаудың бас жүлдесі корпоративтік әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік қағидаларын енгізуде ең көп жақсы нәтижеге қол жеткізгендерге беріліп келеді. Демек, компания жетістігінің бір тармағы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті дамытудан бастау алатынын кәсіпкерлер мен бизнес саласы өкілдері есте ұстағаны абзал.
Сұлугүл Бакесова