"Бізде 2020 жылы атмосфераның жоғары және экстремалды жоғары ластану деректері тіркелген жоқ. Батыс Қазақстан облысы – еліміздің экологиялық қолайлы өңірлерінің бірі", – деп мәлімдеді өткен жылды қорытындылаған БҚО бойынша экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Облыс кей өңірлермен салыстырғанда таза көрінгенмен шешімін күткен мәселе бірнешеу. Оларға бас эколог жеке-жеке тоқталды. Сонымен, проблеманың бірі –иесіз қалдықтардың жайы. Бүгінде облыста осындай қалдық жиналған 14 учаске бар екен. Оның алтауы Теректі ауданының аумағында, екеуі Тасқала ауданында, екеуі Орал қаласында, бір-бірден Ақжайық, Сырым, Бөрлі аудандары мен Бәйтерек ауданының аумағында орналасқан.
Белгілі болғандай, БҚО экология департаменті қала және аудан әкімдеріне оларды жою жөнінде бірнеше мәрте хат жолдаған. Соның арқасында әзірге тек 6 учаске бойынша сот шешімі шығарылыпты. Олардың ішінде, Достық ауылдық округінің аумағындағы мұнай өнімдерінің (мазуттың) қалдығы, Тасқала ауданы Мерей ауылдық округінің аумағындағы жарамсыз болып қалған пестицидтерді, олардың ыдыстарын, улы химикаттарды көметін консервацияланған полигон, сондай-ақ, Орал қаласы Зачаган ауылдық округі Коминтерн ауылының аумағында орналасқан мұнай қалдықтары мен Теректі ауданы Федоровка кентінің аумағындағы пайдаланылған битум мен тыңайтқыштардың қалдықтары бар. Алайда, Коминтерн ауылы мұнай қалдықтарын жою бойынша ешқандай жұмыс жүргізбей отырған көрінеді. Жергілікті әкімдіктер де қалған учаскелер бойынша сотқа жүгінбеген.
"Осыған байланысты Орал қаласы мен аудандардың әкімдеріне иесіз қалдықтарды республикалық немесе коммуналдық меншікке айналдыру бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды тапсыру ұсынылды. Сондай-ақ, әрекетсіздігі үшін тиісті лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарау қажет", - тұжырымдайды Ербол Қуанов.
Шешілмей отырған екінші мәселе - құрылыс қалдықтарын кәдеге жарату. Өкінішке қарай, қалалық полигонда бұл жұмысты жасайтын қондырғы жоқ. Сол себепті, құрылыс қалдықтарын кәдеге жарату кешенін салу жайы айтылып жүр.
Бұдан бөлек өндірістік қалдықтарды жарату мәселесі де кезек күттірмей шешуді қажет етуде. Қазіргі күні облыста 4 табиғат пайдаланушысының жұмысы тоқтап тұр, бұрғылау жұмыстары "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в." компаниясы мен "Жайықмұнай" ЖШС кен орындарында ғана жүргізілуде. Оған тоқталып отырғанымыз, өндірістің негізгі қалдықтары, яғни бұрғылау шламы, бұрғылау ерітіндісі, мұнай шламы, ластанған топырақ және тағы басқалар, мұнай ұңғымаларын бұрғылау кезінде пайда болады.
"ҚПО б.в." компаниясының объектілерінде былтыр қалдықтардың жалпы көлемі 42 276 тоннаны құраған. Оның 6 514 тоннасы – бұрғылау қалдықтары, қалған 35 762 тоннасы - басқа өндіріс қалдықтары. Компанияның бұрғылау қалдықтары Қалдықтарды кәдеге жарату кешенінде (ҚКЖК) өңделеді. 2020 жылы кешенде 6 535 тонна бұрғылау қалдықтары қайта өңделіп, кәдеге жаратылған.
Ал "Жайықмұнай" ЖШС бойынша 2019 жылы 7 011 тонна бұрғылау шламы, 12 479 тонна пайдаланылған бұрғылау ерітіндісі пайда болған. Бұл қалдықтар "Хэлп-Экойл" ЖШС-ның "ТДУ-400" термиялық десорбция қондырғысында өңделген. 2020 жылы серіктестік мұнай ұңғымаларын бұрғылау жұмыстарын жүргізбеген.
Ербол Қуанов нақтылағандай, "ҚПО б.в." компаниясы мен "Жайықмұнай" ЖШС-нің өздерінің түзілетін қалдықтарды қайта өңдейтін объектілері болса да, өндірістік қалдықтарын кәдеге жаратумен және залалсыздандырумен айналысатын мамандандырылған ұйымдарға береді. Облыс бойынша мұндай онға жуық сервистік қызмет көрсететін компаниялар бар. Алайда, олардың қалдықтарды қайта өңдеу және залалсыздандыру жөніндегі жеке полигондары жоқ, әрі жабдықтары да жеткіліксіз. Сол сияқты, БҚО бас экологы аталған сервистік компаниялар жаңа экологиялық кодекстің кей талаптарына сай келмейтінін айтып отыр. Жаңа заң бойынша қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу, залалсыздандыру, кәдеге жарату және жою жөніндегі қызметтер лицензияланатын қызмет түріне жатқызылмақ. Сондай-ақ, онымен айналысатын ұйымдардың қауіпті қалдықтарды қабылдауға арналған кешенінің (полигонның) және қауіпті қалдықтарды жинау мен шығаруды ұйымдастыру үшін арнайы техникасының болуы талап етіледі.
"Алайда, біздің облыстың сервистік компаниялары бұған мүлдем дайын емес, ал қалдықтарды республиканың басқа өңірлеріне кәдеге жарату үшін шығару, экономикалық тұрғыдан алғанда, облыста 2011-2014 жылдар кезеңінде орын алған сияқты үлкен экологиялық проблемалар тудыруы мүмкінға тап келтіруі мүмкін", - дейді БҚО экология департаментінің басшысы.
Дегенмен, бұл мәселе жақын арада жер қойнауын пайдаланушылардың, сервистік ұйымдар мен ықтимал инвесторлардың басын қосатын жиында талқылануы тиіс.
Құралай Қуатова