БҚО мен Павлодарда шағын және орта бизнес көрсеткіштері төмен

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2509

"Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы жалпы экономикаға оң серпін бергенімен, бірқатар өңірдің көрсеткіші көңіл көншітпей отыр.  

БҚО мен Павлодарда шағын және орта бизнес көрсеткіштері төмен

"Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасының іске асырылып келе жатқанына 4 жылдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында бағдарламаға республикалық бюджеттен 210 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы 13 мың шағын және орта бизнес субъектісін қаржыландыруға, сондай-ақ жыл сайын орташа есеппен 20 мың кәсіпкерді оқытуға жұмсалған. 4 жыл ішінде бағдарлама аясында 10 мың жұмыс орны құрылып, 3,3 трлн теңгенің өнімі шығарылған. Бұдан бөлек, бюджетке жыл сайын 175 млрд теңге көлемінде салық түскен.

"Бөлінген қаражаттың көп бөлігі кредиттердің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға бағытталды. Дәлірек айтсақ, аталған бағытқа 53 млрд теңге жұмсалды. Бұл бөлінген қаражаттың 25 пайызы. Сонымен қатар, фабрикалар мен зауыттардың, шағын және орта бизнестің өндірістік нысандарына қажетті инфрақұрылым тартуға жұмсалды. Қаражаттың қалған бөлігі кредиттерді кепілдендіруге, гранттар беруге, оқытуға және кәсіпкерлерге консультациялық қызмет көрсетуге бағытталды", – деді Руслан Дәленов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің сөзінше, осы жылдар бойы бөлінген қаражат 100 пайыз игерілген. Демек, бағдарлама құралдарына сұраныс жоғары деген сөз.

Бағдарлама іске асырылған 4 жылда 13 231 жобаға 246,5 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Қолдау шаралары республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

"Ал 2019 жылдың бірінші тоқсанында 715 жобаға қолдау көрсетілген. Оларға 11,5 млрд теңге көлемінде субсидиялар мен кепілдіктер төленген. Төрт жылда 7 466 жоба субсидияланды. Оған 135 млрд теңге жұмсалды. 4 148 жобаға 56 млрд теңге көлемінде кепілдік берілді", – дейді министр.

Республика бойынша бір жылда субсидияланған жобалардың орташа саны 466 екен. Алайда аталған көрсеткіш Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында төмен. Ал бір жылда кепілдік берілген жобалардың орташа саны – 259. Жобаларға кепілдік беру көрсеткішінің төмендігі Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында байқалып отыр.

Министрдің айтуынша, бизнесті қаржылай емес қолдау шарасы аясында жыл сайын 20 мыңға жуық кәсіпкер білім алады және біліктілігін арттырады. Сонымен қатар, жыл сайын орта есеппен 154 мың кәсіпкерге консультациялық және сервистік қызмет көрсетіледі. Атап айтқанда, бизнес-жоспарды әзірлеу, салықты төлеу және декларацияны тапсыру, банктерге өтінімді беру, лицензияны алу туралы кеңестер түсіндіріледі.

"2015 жылы шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 24,9 пайызды құраса, 2018 жылғы 9 айдың деректері бойынша 28,9 пайызға тең.  Осылайша, 2015 жылмен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілерінің ел экономикасына қатысуы 4 пайыздық тармаққа өскен", – деді Руслан Дәленов.

Деректерге сүйенсек, 2017 жылы шағын және орта бизнес 23 трлн теңгенің өнімін шығарған. Бұл ретте, өнім шығару құрылымының бестен бір бөлігі өнеркәсіптің үлесіне тиесілі.

"2018 жылғы  9 айдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі әр түрлі. Мәселен, шағын және орта бизнестің жоғары үлесі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Шығыс Қазақстан облысында байқалып отыр. Ең төменгі үлес – Қызылорда, Павлодар және Қарағанды облыстарында", – деп нақтылады ұлттық экономика министрі.

Министрдің сөзінше, соңғы төрт жылда бірқатар өңірде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі төмендеген. Әсіресе, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында.

"Сонымен қатар, 2017 жылы республика бойынша өнімнің заттай көріністегі шығарылымының өсімі 2015 жылдың деңгейімен салыстырғанда 23,2 трлн теңгені құрады. Өңірлер бөлінісінде ең жоғары өсім Атырау облысында, Алматы қаласында және Қостанай облысында қамтамасыз етілген. Ең төмен өсім Ақтөбе, Павлодар және Маңғыстау облыстарында байқалған", – деді министр.

2019 жылғы 1 қаңтардағы дерекке сәйкес, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,2 млн бірлікке жеткен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8,3 пайызға өсіп отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу