Болашақ полицей етігінің астына ақша шашу дәстүріне тыйым салынды

2978

Отыз жылғы тәуелсіздік дәуірінде құлдық санадан арыла алмаған Қазақстан Ресейдің қаңсығын таңсық көріп, оның ескі дәстүрлерін ұстанып келеді.

Болашақ полицей етігінің астына ақша шашу дәстүріне тыйым салынды

Посткеңестік барлық ел ішінде Ресейдің ықпалы Қазақстанда күштірек екені жасырын емес. Мысалы, алда "Жаңа жыл" мейрамы келе жатыр. Көптеген адам, қазағы, орысы бар, моншаға барады. Әрине, гигиенаны сақтау деген өте тамаша нәрсе. Бірақ моншаның соңы алкогольді ішімдік ішуге ұласады. Себебі ішімдікке сылқия тойып, ес-түсін білмей масайғаны сонша, өзге қалаға ұшып кетіп, бөтен әйелдің үйінен бір-ақ шыққан еркектің тірлігін дәріптейтін "Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңмен!" фильмін қазақстандық телеарналар да жарыса қоя бастайды. Дәстүр, өйткені. Жас ұрпақ содан өнеге алады.

Погон иелену – ішімдікке салынуға себеп емес

Кеңестік залалды дәстүрлер өкінішке қарай, құқық қорғау органдарына, әскерге терең тамыр жайған. Танысымыз спиртті ішімдікті ешқашан ұрттап көрмеген әкесінің қатты мас болып келгенін әңгімеледі. Өздігінен жүре алмайтын хәлге жеткендіктен, оны екі әскери қолтықтап әкеп тастаған. Себебі белгілі "жұлдызды" жуу дәстүрі. Кеңес кезінен қалыптасқан кесапат дәстүрге сәйкес, әскери қызметші атақ, погон, мемлекеттік награда алса, не офицерлік лауазым иеленсе, онысын қызуы жоғары ішімдікке "малуы" ("сполоснуть") шарт.

Әскери тарихшы Константин Гайворонскийдің мәліметінше, бұл дәстүр кеңестік армияның құрылуымен бірге пайда болды және әскери ортада қалыпты ғана емес, тіпті міндетті саналады. Бұл ретте медаль, орден, немесе погондағы жұлдыздар арақ толтырылған қырлы стақанға тасталады. Кейде оған таза спирт құяды екен. Той иесі стақандағыны түбіне дейін төңкере ішуге міндетті. Тіпті спирт өңешін күйдірсе де шыдауы шарт.

"Кеңес армиясында әскерилер көп ішетін. Бертінде кеңестік билік бұл "ритуалды" ішімдікке салынумен дүркін-дүркін күресті. Бірақ дәстүр Ресейде де, Қазақстанда да өте мықты. Қолбасшылықтар кейде көз қылып, күресіп қояды. Алайда офицерлер кезекті тағайындауды немесе марапатты жуудың жолын бәрібір табады. Жұмыста банкет жасамаса, оны мейрамхана не үйде атқарады", – дейді сарапшы.

Қазір тәуелсіз Қазақстанның ұлттық армиясы, төл құқық қорғау органдары құрылып, қалыптасты. Оларға қатысты кәсіби мерекелер де Ресейдегіден ерекшеленеді. Ал офицерлік орта кесірлі дәстүрлерден арыла алатын емес, арылуға тырыспайтын да сияқты.

Болашақ тәртіп сақшыларының арасын "тозығы жеткен" дәстүрлер жайлағаны анықталуда. Олар да кеңес кезінен тамыр тартып жатыр. Мысалы, Ресейде күш құрылымдарына бағынышты әскери жоғарғы оқу орындарының түлектерін ақша шашып, шығарып салу дәстүрі бар. Оны олар ашықтан-ашық жасайды. Мәскеу, Новосібір, Сызрань, Челябі және басқа қалаларында әскери училищелер мен ЖОО-ларды бітірген жас офицерлерді ұлықтау салтанаты бейнеленген видеолар ғаламторда ұшырасады. Мәскеуде Кремль курсанттарына Қызыл алаңда құрмет-қошемет көрсетіледі.

Осыған орай алаңда не плацта шағын парад ұйымдастырылады. Түлектердің оқу орны қолбасшылығының, тиісті күш құрылымының ведомство өкілдерінің және курсанттардың алдынан шеру тартып өтуі – шығарып салу рәсімінің міндетті бөлімі саналады. Саптың соңғы қатары қолбасшылық алдынан өте берген мезетте, жас лейтенанттардың бәрі бірауыздан "Вот и-и-и-и все!" деп саңқ ете қалады. Бір жымиып, қол соғып, қоя салатындай жылы көрініс сияқты. Алайда осы сәтте түлектер үстінен шақа-монета жауып қоя береді екен. Кейбір әскери оқу орындарында ақша аспанға емес, түлектердің етігінің астына лақтырылады.

"Ақша жауыны жас офицерлердің шақадай жалтыраған жарқын мансабын білдіреді. Олар әуелеген жұлдыздар секілді оның алдын жарықтандырады. Жұлдыз болып погондарына, иығына қонады", – деп мақтана, шабыттана жазады әлеуметтік желіде түлектердің бірі.

Сондай-ақ Ресейде курсанттардың түнде шешкен етігінің ішіне купюраларды салу дәстүрі де бар көрінеді. 

"Ақша шашу саладағы былықтың символы ма?"

Қынжылтатыны сол, осы дәстүрді қазақстандық әскери оқу орындары да ұстанып келіпті. Бұл мәселені ІІМ басшысына өтінішінде заңгер Лариса Юнеман көтерді. Ол жиырма жылдан астам уақыт бұрын офицерлердің Қарағанды жоғарғы мектебін бітіріпті.

"Қарағанды жоғарғы мектебі – әрқашан элиталы оқу орнының шынайы үлгісі болғанын толық сеніммен айта аламын. Ондағы барлық деңгейдегі педагогтер – сыйлы офицерлер, өз ісінің майталман маманы, ұлағатты ұстаздар болатын. Олардың беретін білімі барлық халықаралық стандарттарға сай келетін. Тіпті бірқатар көрсеткіштер бойынша жоғары тұратын. Сонау 1900 жылдан бастау алатын сирек кітаптар қоры бар кітапхана Қазақстандағы бірде бір әскери жоғарғы оқу орнында кездеспейді. Осы факторлар арқасында біздің мектептің түлектері нағыз жоғары білімді, білікті маман болып шығатын, өз кәсібінің үздігіне айналатын", – дейді ол.

Дегенмен көңілге кірбің түсіретін жайттарға тап болыпты.

"Кейінгі кезде мектеп түлектерінің білімі төмендей бастағандай. Былтыр менің фирмама жұмыс сұрап, біреуі келді. Мен одан қылмыстық құрамды ажыратып айтып беруді сұрасам, сасып қалды. Заңгер, заңгерлік консультант ретінде азаматтық немесе қылмыстық істер бойынша соттарда адамдардың мүдделерін қорғап, ілгерілетемін. Бірақ қазіргі тергеушілердің деңгейі сын көтермейді. Мектебіміз неге айналып кеткен? Оның орнына бұл мектепте жаңа үрдіс пайда болыпты. Төртінші курс түлектері бітіріп шыққанда, соңғы рет сап түзеу кезінде курс бүкіл мектеппен қоштасып, бәрінің алдынан шеру тартып өтеді. Сол кезде курсанттардың аяғының астына ақша шашатын көрінеді. Бұл қай атамыздан қалған дәстүр? Саланы жайлаған былық аясында бұл әлдебір символдық мәні бар ым-ишара сияқты", – дейді заңгер.

Полиция қызметіне кіріспей жатып, "ақша жауынына" шомылған тәртіп сақшысы бірінші орынға баюды қоймай ма, есіл-дерті ақша болмай ма?

Заңгерге Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ресми блогы арқылы жауап берді.

"Министрлік ведомстволық оқу орындарында полицейлік кадрларды даярлауға үлкен мән береді. Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі Жол картасы аясында ведомстволық білім беру жүйесі оңтайландырылды. Бакалавриат бағдарламасы бойынша талапкер қабылдау тоқтатылды. Қарағанды академиясына күндізгі бөлімде оқытуға қабылдау тек тергеу және криминалистік мамандықтар бойынша ғана жүреді. Тергеушілерді даярлау Тергеу департаменті бекіткен, практикаға бағдарланған бағдарламалар бойынша жүзеге асырылады. Практикалық және көшпелі сабақтар саны арттырылды. Оқиға орнын зерттеу бойынша оқу сабақтары мамандандырылған криминалистік полигонда өткізіледі", – деді ІІМ басшысы.

Министр астары екіұшты әлгі дәстүрге тоқтау салғандарын жеткізді.

"Түлектерді шығарып салу салтанаты кезінде курсанттардың ақша шашу дәстүріне қатаң тыйым салынды. Қазіргі уақытта мұндай практика жойылды", – деді министр.

Бұған тек қуанып, құптауға болады. Қазақ елі азаттықтың келесі онжылдықтарында күш құрылымдарында және басқа да салаларда, қоғамда кеңестік кесірлі дәстүрлерден толық арылса, нағыз рухани жаңғыруға мүмкіндік алар еді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу