Болгария Ресейдің мұнайын Қазақстан, Ирак, Тунистікімен алмастырмақ

3114

Өткен айда ел парламенті Ресей мұнайын импорттауға тыйым салды. 

Болгария Ресейдің мұнайын Қазақстан, Ирак, Тунистікімен алмастырмақ Фото: inbusiness.kz

Осы "әділетсіз" заңға байланысты "Лукойл" Болгариядағы активтерін сатуы мүмкін екенін мәлімдеп отыр.

Трейдерлер мен LSEG (Лондон қор биржасы тобы) мәліметінше, қаңтарда Болгария Ресей мұнайын Қазақстанның, Ирактың, Тунистің шикі мұнайымен алмастырмақ.

Болгария Еуропа одағының эмбаргосынан бас тартқандықтан, онда 2024 жылы Ресей мұнайын теңізбен импорттауға мүмкіндік болды. Бірақ осы айдан бастап бұл ел ресейлік "қара алтыннан" өндіріліген барлық мұнай өнімдерін экспорттауды шектеп жатыр. Соның нәтижесінде Болгарияның жалғыз ғана мұнай өңдеуші зауытында ресейлік мұнайды қолданатын мүмкіндік қалмай, сол мұнайды наурыздан бастап импорттауды мүлде тоқтату көзделіп отыр.

Айта кетсек, Болгария парламенті Ресей мұнайын импорттауға наурыздың 1-інен бастап тыйым салу туралы заңды желтоқсанның 18-інде мақұлдады.

"Блумбергтің" мәліметінше, бұл ереже Ресейдің Болгарияны пайдаланып, халықаралық санкцияларды айналып өтуіне жол бермеу үшін қабылданған. 

Болгария өзінің Бургастағы мұнай өңдеу зауытына шикізатты шетелден сатып алады. Бұл зауыттың қуаты тәулігіне 190 мың баррель көмірсутегін өңдеуге жетеді және де стратегиялық маңызы зор кәсіпорынды Ресейдің "Лукойл" компаниясы басқарады. Тағы бір айта кететін жайт, Болгария 2023 жылы Ресейдің теңіз мұнайынан тәулігіне 100 мың баррельден артық сатып алып, төртінші ірі импортерге айналған. 

Алайда, осы айда Ресей мұнайы Бургас портына жеткізілмейді. Себебі "Лукойл" әрі қарай Бургас зауытын өзінің Urals маркалы мұнайымен қамтамасыз ете алмай, басқа жақтың мұнайын қолдануға мәжбүр болайын деп отыр. Ал бұндай тәсіл зауыттың шығындарын арттырып жіберуі ғажап емес.

Сонымен қатар ресейлік компания бақылауындағы зауыттың кірісіне Болгария үкіметінің мұнай өңдеуден түскен пайдадан 60 пайыз салық алу кері әсер етіп отыр.

LSEG-тің дерегінше, Бургас қаңтарда Қазақстан мұнайының (KEBCO маркасы) екі партиясын қабылдауы керек. Олардың әрқайсысы 70 мың тоннадан кем емес. Бұған қоса, болгариялық зауыт Ирактың Basrah Light сұрыбынан 76 мың тонна, СРС Blend маркасынан 50 мың тонна және Тунистен 33 мың тонна мұнай тасымалдайын деп отыр.

Трейдерлердің сөзінше, ресейлік порттардан экспортталатын қазақстандық KEBCO шикізаты сапасы жағынан Urals-ке өте ұқсас.  Сондықтан бұл марканың Болгарияда ресейлік мұнайды алмастыратын мүмкіндігі жоғары. Дегенмен, қазақстандық мұнайдың көлемі шектеулі және оның бағасы ресейлік баламасынан қымбаттау болып тұр.

Бургас зауыты Urals сұрыбын өңдеуге арналған және қазіргі уақытта ол тек қышқыл сорттармен жұмыс істей алады. Бұл Еуропа одағы үшін қиын әрі қымбат, дейді трейдерлер.

"Еуропадағы қышқыл баррельдер нарығы Urals пен күрд мұнайының жоқтығына байланысты күрделі жағдайда", – дейді трейдерлердің бірі "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Ирактың Күрдістан аймағынан мұнай экспорты өткен жылдың көктемінен бері тоқтап тұр.

Осындай шақта "Лукойл" Болгариядағы активтеріне қатысты стратегиясын қайта қарап жатқанын және оларды сату мүмкіндігін ойастыра бастағанын мәлімдеді.

Дегенмен, "Лукойл" мен Болгарияның Экономика және өнеркәсіп министрлігі бұл оқиғаларға қатысты әзірге ресми түсініктеме бермей отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу