"Борат-реформатор": Саша Қазақстандағы тың өзгерістерге серпін берді

4793

Балконға ту ілгендерге бәрібір жаза қарастырылатын болады.  

"Борат-реформатор": Саша Қазақстандағы тың өзгерістерге серпін берді

Ел Үкіметі Президент Қ.Тоқаевтың ту мен отаншылдыққа қатысты тапсырмасын орындауға кірісті. Осы мақсатта Мәдениет және спорт министрлігі жаңа құжатты ел назарына ұсынды. Бұл – "Қазақстанның Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Мемлекеттік Әнұранның мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы" Үкіметтің 2007 жылғы 2 қазандағы №873 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" қаулы жобасы.

Жоба өте шағын және екі өзгерістен ғана тұрады. Яғни халықтың патриоттық сезіміне қолдау көрсету үшін тіпті заңды өзгертудің қажеті де болмады: тек премьер-министр Асқар Мамин осы жобаға қол қоя салса, жеткілікті екен. Оның осыны бұрын неге жасамағаны түсініксіз. Өйткені атқарушы биліктен соны депутаттар да, қоғам белсенділері де, журналистер де, қарапайым бұқара өкілдері де сұраған болатын.

Іс тек Президент ескерткен соң ғана ілгері жылжыды. Мысалы, "Борат-2" фильмінің әлемдік прокатқа шығуына орай пиар-науқан аясында Саша Барон Коэн әбүйірін маскинимен жауып, желбіреген көк байрақ айналасында жалаңаш күйде билегені қазақтардың ашу-ызасын тудырды. Кейбірі пиар үшін, кейбірі шын ниетпен байраққа құрметін көрсете бастады. Бұған Мемлекет басшысы да назар аударыпты. 

"Парламенттің бірқатар депутаттары мен патриот азаматтардың еліміздің мемлекеттік рәміздерін, атап айтқанда, Қазақстанның Мемлекеттік Туын кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдаймын. Қолданыстағы заңнамада туымызды пайдалануға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пәтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына ту ілуге тиым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.

Әйтпесе 2012 жылы Атырау тұрғыны темір тұлпарына көк ту байлап жүргені үшін 323 мың 600 теңге айыппұлмен жазаланған-тын. Бертінде, 2015 жылғы ақпанда, елорда тұрғынына балконға ту ілгені үшін 400 мың теңгеге жуық айыппұл салынған. Кейін ол жаза алынып тасталды. Астана тұрғыны боксер Геннадий Головкиннің кезекті жеңісіне шаттанып, отаншылдық сезімін солай көрсетуге тырысқанын айтып, ақталды.

Айта кету керек, бақылаушы органдардың және полицейлердің елді жазаламасқа амалы жоқ. Әйтпесе мемлекеттік рәміздерге қатысты жағдайды бақыламағаны және заң нормаларын сақтамағаны үшін өздері жазаланады, жергілікті әкім сөгіс естиді. Қолданыстағы "Мемлекеттік Туды пайдалану қағидаларына" сәйкес, халық көк байрақты сирек жағдайда ғана еркін пайдалана алады: көше не ғимараттағы жиналыста. Мысалы, салтанатты рәсімде, жаяу не автошеруге шыққанда.

"Жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік Туды көпшілік іс-шаралар және жеке іс-әрекеттер аясында патриоттық сезімін білдіру, қазақстандық бірегейлікті, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалануы (орнатуы, орналастыруы) мүмкін", – делінген қағидада.

Енді Үкіметтің жаңа қаулысы мұны толықтырады.

"Жеке және заңды тұлғалар Қазақстанның Мемлекеттік Туын патриоттық сезімін білдіру, қазақстандық бірегейлікті, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында ғимараттарда (тұрғын үйлерде және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда пайдалануы (орнатуы, орналастыруы) мүмкін", – делінген жаңа құжатта.

Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтің түсіндіруінше, бұл түзету ел Президентінің 2020 жылғы 28 қазандағы №20-01-25.69 тапсырмасын орындау үшін әзірленді. Сондай-ақ таяуда, 5 қарашада Президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы қойған міндетке орай "Қазақстанның Мемлекеттік Туын пайдалануды регламенттейтін қолданыстағы нормаларды қайта қарауды" жүктепті.

Негізі қолданыстағы 2009 жылы жаңарған қағидалар байрақты тұрғын үй кешеніне ілуге де тыйым салмайды. Тек оны ілетін нақты орындарды бекітеді. Мысалы, балконға ілуге болмайды, шатырға немесе кіреберіс-подъездің жоғарғы жағына орнатуға рұқсат.

"1, 2, 3, 4, 5 қабатты ғимараттарда Мемлекеттік Ту (1х2 метр өлшеммен) ғимараттың төбесінде немесе фронтонында немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада орналастырылады. 6, 7, 8, 9 қабатты ғимараттарда Мемлекеттік Ту ғимараттың төбесінде немесе фронтонында (1,5х3 метрден 2x4 метрге дейін өлшеммен) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1x2 метр өлшеммен) орналастырылады. 9 қабаттан жоғары (30 метрден жоғары) ғимараттарда Мемлекеттік Ту ғимараттың төбесінде немесе фронтонында (2x4 метр және одан жоғары өлшеммен) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1х2 метр өлшеммен) орналастырылады", – деген талап бар.

Үкіметтің жаңа қаулысы қабылданғаннан кейін бұл талап жойылады. Нақтырақ айтқанда, ол тек заңды тұлғаларға ғана қатысты болады. Ал жеке азаматтар туды үйінің қай тұсына ілем десе де өз еркі.

Әйткенмен заңгер Нұрбек Жайсаңбаев жаңа жобада жеке азаматтарды жауапкершіліктен босату туралы бап жоқтығына назар аудартады. Яғни көк ту арқылы Отанға махаббатын паш еткісі келген адам бәрібір белгілі бір шарттарды сақтауға тиіс. Әйтпесе айыппұл арқалайды.

"Біріншіден, туды балконға мықтап бір бекітіп, сонымен ұмытып кетуге болмайды. Егер АҚШ-қа қарасақ, онда азаматтар өз үйіндегі туды таңертең тұғырына көтеріп, қараңғылық түсісімен жинап алып жатады. Қазақстандықтар да солай жасағаны жөн. Әйтпесе ғимараттарда тұрақты орнатылатын Мемлекеттік Ту тәуліктің қараңғы уақытында жарықтандырылуға тиіс. Жарықтандыра алмайды екенсіз, кеш түсе жинап алыңыз. Екіншіден, азаматтар қолданатын ту да ұлттық стандартқа сәйкес келуі қажет. Әрине, көлемі әртүрлі – үлкенді-кішілі болуы мүмкін. Алайда жыртылған, түсі оңып кеткен байрақтың ілініп тұруына жол берілмейді", – деді сарапшы.

Оның айтуынша, талапқа сәйкес елімізде "жеке және заңды тұлғалардың Қазақстанның Мемлекеттік Туын ұлттық стандарттардың талаптарын бұза отырып пайдалануына жол берілмейді". Ешбір адам туды "қорлау нысанасы ретінде пайдалана алмайды". Рас, бұл талаптың күші тек Қазақстанда жүреді. АҚШ, Ұлыбритания, өзге мемлекет азаматтары өз елдерінде оны орындамаса, біздің билік қауқар таныта алмайды. "Бораттың" басынғаны содан. Бірақ Саша бәрібір Қазақстандағы өзгерістерге серпін беріп отыр.

"Бораттың арқасында өз туымызды өзіміз қолдана алатын болдық қой. Үкіметтен қорықпай іле аламыз енді. Сашаға қазақстандық жемқор шенділер жайында жеке кино түсір деп сұрайтын шығармыз. Мүмкін, Президентіміз тек сол кезде оларға қарсы заңдарды күшейтер", – деп келемеждейді жеке кәсіпкер, спорт жанкүйері Айбек Қожабаев.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу