Миллион алу, миллиард тарту үшін...

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2934

Бақытжан Сағынтаев шетелдік инвесторларға Қазақстанға қаржы құюдың  8 артықшылығын айтты.

Миллион алу, миллиард тарту үшін... Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Астанада өткен "Kazakhstan Global Investment Roundtable" жиынында еліміздегі инвестициялық ахуалды дамыту және инвесторларға жасалып жатқан жағдай жайлы баяндады.

"Қазақстан үкіметі инвесторлардың ұсыныстары мен идеялары үшін қашан да ашық. Үкіметтің мақсаты – Қазақстанға жаңа буынның инвестицияларын тарту процесін ынталандырудың ауқымды әрі орнықты стратегиясын қалыптастыру", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-министр инвесторлардың Қазақстанда бизнестерін дамыта отырып, қандай мүмкіндіктерге ие болатынын айтты.   

"Біріншіден, тұтас әлемді қамтыған қиыншылықтар артта қалып, ел экономикасы тұрақтала бастады. Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде осы жылдың 10 айындағы жалпы ішкі өнімнің өсімі 4%-ды құрады. Жекеменшік инвестициялар мен халықтың тұтынушылық белсенділігі қалыпқа келуде. Еліміз әлемдік шынайылыққа бейімделе бастады. Біз экономикалық өсім жолына түстік", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысы атап өткендей, Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты.

"Екіншіден, биыл ел президенті үшінші жаңғыру бағытын жариялады. Үш бағытта ауқымды жұмыс өріс алды. Үкімет әлеуметтік-экономикалық саясаттың барлық негізгі бағытын қамтитын 2025 жылға дейінгі стратегиялық іс-қимыл жоспарын қабылдады. Өзгерістер мен пайда болуы мүмкін қауіп-қатерлерді тиімді басқару үшін жобалық басқару жүйесі енгізілді", – деді премьер-министр.

Үшіншіден, агроөнеркәсіп кешенін және экономиканың негізгі салаларын жаңарту, заманауи ғылымды қажет ететін өндірісті дамыту бағытындағы үкімет саясаты инвесторларға жаңа мүмкіндік ашады екен.  

"Біз экономиканы әртараптандыруды жалғастырып, металлургия, мұнай өңдеу, химия және машина жасау салаларына инвестор шақырамыз. Өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту үшін геологиялық барлауға, шикізатты байытуға және өңдеуге арналған жаңа технологияларды инвестициялауға басымдық береміз", – деді үкімет басшысы.

Премьер-министр агроөнеркәсіп кешенін ауқымды жаңғырту басталғанын мәлімдеді.

"Қазақстан бидай ұнын шығару бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. Біз бұл артықшылықты одан әрі нығайтамыз. Аграрлық секторды құрылымдық реформалау жұмыстарын жүзеге асырып, нарық сұранысына сәйкес егістік алқаптарын әртараптандырудамыз. Мұның бәрі азық-түлік өнеркәсібіне инвестиция салуға мүмкіндік береді", – деді ол.

Бақытжан Сағынтаев Қытай нарығымен ауқымды жұмыс жүргізілгенін баса айтты. Екі ел арасындағы негізгі сауда кедергілері реттелді. Бізге үлкен нарықтың есігі ашылды. Бүгінде Қазақстанда шығарылатын ауыл шаруашылық, органикалық өнімдер Қытайда жоғары сұранысқа ие.

Төртіншіден, Қазақстан инфрақұрылымды, көлік және логистиканы, сондай-ақ аталған салаларға байланысты қызметтерді дамытуда инвестициялық тартымды ел болып отыр.

"Соңғы үш жылда біз ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс жүргізіп, маңызды әлемдік нарыққа шығу үшін қысқа әрі үнемді көліктік-логистикалық жол  жасадық. "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық транзит дәлізінің қазақстандық учаскесінің шамамен 3 мың шақырымында құрылыс аяқталды. Орталық Азия елдерін Парсы шығанағы мен Иранның оңтүстігіндегі Бандар-Аббас портымен байланыстыратын Қазақстан – Түркіменстан – Иран жаңа теміржол дәлізі салынды. Қытаймен шекарада Қорғас – Шығыс қақпасы құрғақ порты бой көтерді. Бұл Қазақстандағы тұңғыш жер бетіндегі порт және Орталық Азиядағы ең ірі логистикалық парк. Еліміздің батысында Каспий теңізіндегі Ақтау порты кеңейтілді. Жаңа паром кешендері жүйесі бар Құрық жаңа порты салынды. Мұндай қадам қазақстандық порттардың жүктеме қуатын жылына 25 млн тоннаға дейін арттырады", – деді үкімет басшысы.

Бақытжан Сағынтаевтың сөзінше, мұның бәрі инфрақұрылымдық шектеулерді алып тастайды, сонымен қатар солтүстіктен оңтүстікке, шығыстан батысқа қарай жүк тасымалдау уақытын қысқартады. Ал бұл бизнес үшін өте тиімді.

"Біздің стратегиялық мақсатымыз – Қазақстанды Орталық Азияның ірі көліктік-логистикалық хабы ету. Үкімет 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдарды 2 млн контейнерге дейін ұлғайтып, транзиттен 5 млрд долларға дейін пайда табуды жоспарлап отыр. Сондықтан инвесторларды көлік және логистика саласына инвестиция салып, бізбен бірге өсіп-өркендеп, қаржылай пайда табуға шақырамыз", – деді премьер-министр.

Бесіншіден, Қазақстанда инновациялық-индустриялық дамудың екінші бесжылдығы жүріп  жатыр. Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындары алдыңғы қатарлы технологияларды, Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге, өндірісті автоматтандыруға және роботтандыруға мүмкіндік алып отыр.

"Экономиканың негізгі салаларының технологиясын  жаңартып, цифрландырудың жол картасын дайындадық", – деді ол.

"Алтыншыдан, біздің елге инвестиция салу арқылы инвесторлар тиімді нарыққа ие болады. Қазақстанға ЕАЭО, Ресей, Қытай, Орталық Азия нарықтары ашық. Барлық сыртқы экономикалық бағыттардағы сауда-саттықты дамыту үшін кедендік және сертификаттау кедергілерін төмендету бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Жетіншіден, Қазақстан инвесторларға Астана халықаралық қаржы орталығын ұсынып отыр. Оның мақсаты – инновациялық қызметті ынталандыру және инвестиция тартуға тиімді жағдай жасау.

"Біз қаржы орталығын халықаралық биржалармен бірлесудің заманауи қаржы құралы ретінде құрдық. Оның қатысушылары үшін жеңілдетілген салық, виза және еңбек режимі ұсынылады. Орталық сот ісін ағылшын тілінде жүргізу арқылы британдық құқықтың қағидалары мен нормаларына сәйкес жұмыс істейтін болады. Туындайтын дауларды шешу үшін оның аумағында Халықаралық арбитраж орталығы қызметін бастайды. Мұндай қаржы қызметтерін әлемнің санаулы елдері ғана ұсына алады", – деді премьер-министр.

Сегізіншіден, Қазақстанда жүргізіліп жатқан жекешелендірудің екінші толқыны инвесторларға мол мүмкіндік береді. Бұл ретте үкімет экономиканы мемлекет иелігінен алу саясатын жүргізіп жатыр. 900-ге жуық компания бәсекелестік ортаға беріледі.

"Біз ұсынатын шаралар мен жобалар халықаралық бизнес қауымдастықтың қызығушылығын тудырып, пайда әкелетініне сенімдімін. Барлық жоспарымызды табысты жүзеге асыру үшін жаңа инвестиция ағыны қажет", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысы Қазақстанның халықаралық аренадағы орнына да тоқталды. Мәселен, еліміз PriceWaterhouseCoopers (PWC) және Дүниежүзілік банктің есебіне сәйкес, 189 елдің ішінде салық ахуалының қолайлылық деңгейі бойынша 18-ші орынға ие. Сондай-ақ Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингісінде әлемнің 190 елі арасында 36-орында тұр. Ел үкіметі жақын уақытта Doing Business рейтингінде үздік жиырмалықтың қатарынан орын алуды көздеп отыр.

"Инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік күшейіп тұр. Сондықтан әр инвестор үшін күресуден басқа таңдау жоқ әрі біз соған дайынбыз", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-министр үкіметтің инвестициялық ахуалды жақсарту үшін жасаған қадамдары туралы баяндады.

"Инвестиция ағынын ынталандыру үшін жаңа ұлттық инвестициялық стратегия әзірледік. Оны іске асыруды қолға алдық. Шетелдік және аймақтық құрылымдар желісімен "Кazakh Invest" инвестиция тартудың ұлттық компаниясы құрылды. Ол үкімет атынан шетелдік инвесторлармен "бірыңғай келіссөз жүргізуші" ретінде әрекет етеді. Барлық инвесторды алаңдатып отырған мәселе – мемлекеттік-жеке меншік әріптестік. Біз жобаларды жоспарлаудың барлық рәсімін жеңілдеттік", – деді ол.

Инвестициялық ахуалды жақсартудағы жергілікті атқарушы органдар жұмысының маңызды екенін айтқан Бақытжан Сағынтаев биылдан бастап бизнесті жүргізудің қолайлығы бойынша өңірлерді бағалайтын жаңа рейтинг енгізілді. Негізінен инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, өнеркәсіптік нысандарға жер телімдерін беру рәсімінде ашықтықты қамтамасыз етуге назар аударылған.

2018 жылы Үкіметтің жұмысы жеке меншікке беріктікті, заң үстемдігін және транспаренттілікті қамтамасыз ету қағидаттарына негізделетін болады. Сонымен қатар ұлттық заңнамаға ЭЫДҰ-ға мүше елдердің ұсыныстарын, стандарттарын және тәжірибелерін енгізу бойынша арнайы жол картасы іске асырылмақ.

Еске сала кетейік, соңғы 10 жылда экономиканың түрлі секторларына шамамен 250 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған. "Kazakhstan Global Investment roundtable" жиынының қорытындысында 3 млрд долларды  құрайтын 11 келісімге қол қойылды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу