Оңтүстік жылыжай бизнесіне басымдық бере бастады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4351

Қаржы қолбайлау болмаса, іс алға басатын сыңайлы.

Оңтүстік жылыжай бизнесіне басымдық бере бастады

2018 жылдың қыркүйек айында сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға жасаған сапары барысында Түркістан облысында 200 гектарға, Жамбыл облысында 136 гектарға жоғары технологиялық жылыжай салу туралы келісімге қол қойып келген болатын.

"2019 жылдың ақпан айында Түркістан аймағында жобаны іске асыру үшін 245 гектар жер телімі бөлінді", – деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрлігі.

Министрліктің хабарлауынша, жобаны жүзеге асыру үшін газ және электр желілері мен ағындарды жер теліміне қосу қажет. Қаржыландыру мәселесін шешумен қатар несиелік желілерді ашу кезінде жобалық тәсілді қарастыруға дайын қаржы институттарына мұқтаждық бар. Министрлік әзірге қаражаттың қайдан алынатынын хабарламай отыр. Соған қарағанда мәселе әлі шешімін таппаған секілді.

"Жоғарыда аталған мәселелерді шешу 2019 жылдың соңына дейін жобалық құжаттамаға сараптама жүргізуді, жер жұмыстарын бастауды, қаржы институттарымен кредиттік келісімдерге қол қоюға және құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді", – деп жазады мемлекеттік орган.

Ал кеше ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров "Kazakhstan Global Investment Roundtable 2019" аясында "Dal Holding" компаниясының президенті Демиржан Кусе мырзамен кездесті. Шараның тақырыбы республиканың өңірлерінде жоғары технологиялық жылыжай кешенінің құрылысы болды.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 500 гектардан асатын жылыжай кешенін салу жоспарланып отыр. Ауқымды жобаның құрылысын бүгін "Kazakhstan Global Investment Roundtable 2019" барысында Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі мен "АПК ЭКО-Культура" ЖШС өкілдері талқылады.

"АПК ЭКО-Культура"  ЖШС бүгінгі күні Алматы облысындағы 18 гектар аумақта осы көлемдегі заманауи жылыжай кешенінің бірінші кезеңін іске асыруда. Екінші кезеңді жүзеге асыру үшін Алматы облысының әкімдігі Береке өнеркәсіптік аумағында жалпы алаңы 40 гектар жер телімін бөлді. Осы кезеңде төрт жақты негіздемелік келісім ("Эко Культура", "Green Land Alatau", "Сбербанк" және "Казах Экспорт") жасасу жоспарланып отыр", – деп хабарлайды ауыл шаруашылығы министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, осы мақсатта облыстың ауыл шаруашылығына 1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылмақ.

Айта кетейік, "Эко Культура" агроөнеркәсіптік холдингі экологиялық таза көкөністердің ресейлік ірі өндірушісі болып табылады. Негізгі өсірілетін дақылдар қызанақ, қияр, баклажан, бұрыш және жапырақты салат. 2017 жылдың соңында агрокешен көкөніс өнімдерінің үлесі отандық көкөніс өнімдерінің 5,4%-ын құрады, 2023 жылы бұл көрсеткіш 30%-ға жетуге тиіс.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу