Түркістан облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті және орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа ресми пікір білдірді.
"Сырдария өзені мен Шардара су қоймасындағы балықтарды екі жылға дейін тұтынуға болмайды". Дәл осылай мәтінмен ел арасында тараған ақпарат көпті даурықтырды.
Мамандар пікірінше, бұл ақпарат жуырда ғана Өзбекстандағы "Сардоба" су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Мақтаарал ауданындағы бірқатар елдімекендерді су басуынан тараған болуы мүмкін.
Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкен Боранбайдың айтуынша, "Сардоба" су қоймасы мен Сырдария өзенінің ара қашықтығы алшақ. Яғни, топан судың бір тамшысы да Сырдария мен Шардара су қоймасына келіп құйылмаған.
"Жеуге жарамсыз балықтар туралы мәліметтің Сырдария өзені мен Шардара су қоймасына ешқандай қатысы жоқ екенін ресми мәлімдеймін. Жалған ақпарат таратқан адамға заң шеңберінде шара қолданатынын ескертеміз", – деді Шәкен Боранбай.
Бұған дейін ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің "Республикалық ветеринариялық зертханасы" мамандары жасаған "Сардоба" су қоймасынан топан сумен бірге Мақтаарал ауданындағы бірқатар елдімекендерге ағып келген балықтарға сараптамаға жасаған болатын. Қорытындыға сәйкес ол балықтардың жеуге жарамсыз екені анықталды.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясындағылар тұрғындарға су басқан аумақтарда балық аулауға болмайтыны ескертілгенін және балық аулау фактілерінің тіркелмеуі қадағаланатынын атап өтті.
Ал Түркістан облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің инфекциялық емес ауруларды бақылау бөлімінің басшысы Шарифа Имантаева Мақтааралдағы жеуге жарамсыз балықтар бүгінгі таңда толығымен жойылғанын мәлімдеді.
"Мақтааралдағы Нұрлы жол, Жаңа жол, Фердоуси елдімекендеріне топан сумен ағып келген балықтар құрамында ішек таяқшалары тобындағы бактериялардың бар екені анықталды. Олар әртүрлі жұқпалы ішек ауруларымен қоса тағаммен улану жағдайларына әкеп соқтыруы мүмкін. Сол себепті тұғрындарға бұл жарамсыз балықтарды тұтынудан бас тартуға кеңес берілген. Қазіргі таңда су басқан елдімекендер судан толық тазартылып, онымен қоса жарамсыз балықтар толығымен жойылды. Бүгінгі таңда тұрғындар денсаулығы үшін бұл балықтардан келер қауіп жоқ", – деді Шарифа Имантаева.
Еске салсақ, бұған дейін Whats App мессенджері және өзге де әлеуметтік желілерде "Түркістан облысындағы Сырдария өзені мен Шардара су қоймасындағы балықтар – ішек таяқшалары, сифилис сынды қауіпті аурулардың тасымалдаушысы. Оларды екі жылға дейін тұтынуға болмайды. Сырдария өзеніне жақын жатқан елдімекендердегі үйлердің әжетханаларынан шыққан нәжіс қалдықтары суға ағызылыпты" деген ақпарат тараған еді.
Жансая Тәуекелқызы