2020 жылғы 1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылып, тасқын су Қазақстанға қарай секундына 180 текше метрдей алапат күшпен ағындай жөнелгені мәлім. Өткізу қабілеті секундына 120 текше метрді ғана құрайтын Орталық бетпақдала коллекторы бұған шыдас бере алмады. Сөйтіп, Мақтаарал ауданындағы бірнеше ауыл су астында қалды.
Оның ішінде 6 мыңнан астам тұрғыны бар 5 елдімекенде – Жеңіс (297 үй, 1 922 адам), Жаңа тұрмыс (52 үй, 300-дей адам), Фирдоуси (386 үй, 2 377 адам), Өргебас (209 үй, 1 451 адам) және Достық (21 үй, 136 адам) ауылдарында нақтыланған деректер бойынша 965 тұрғын үй суға батты. Бүкіл Қазақстан жұртшылығы Мақтааралдан көмегін аяп қалмады.
Қазіргі кезде бұл аймақтағы тасқыннан кейінгі жағдай қандай? Парламент атынан ерікті ретінде аттанған Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл өзінің Facebook парақшасында есебін жариялады.
Мақтааралға облыстан өңір әкімі Өмірзақ Шөкеев, елордадан бірнеше министрліктің өкілдерін ертіп Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр барды. Комиссия мүшелері депутатпен бірге Түркістан облысының Төле би ауданының Достық, Сұлтан Рабат, сонымен қатар Мақтаарал ауданының Өргебас, Фирдоуси ауылдарын, аудан орталығы Мырзакент кентін аралады. Осындағы аудан әкімдігінің ғимаратында бас қаладан келген тұлғалардың, жергілікті активтің және құрылыс компаниялары өкілдерінің қатысуымен Төтенше жағдай салдарларын жою іс-шараларын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
"Сонымен, бұл жақта қандай проблемалар анықталды? Қандай елең еткізерлік жайттарға қанықтым? Ғажайыптан бастайын. Тасқын су айналаны тегіс алып кеткен, кейбір үйлер шатырына дейін батқан екен. Бірақ қызыл су 3 ауылдың да мешітіне тиіспепті. Айналып өткен. Ғаламторда осы мәлімет алғаш таралғанда кейбіреулер көрмей-білмей тұрып, оны "фейк" деп жариялауға асықты. Бұл – шын екен! Өзім куә болдым. Құрғақта қалған мешіттің алдында тұрып, Алланың ғажайыбына тәнті болдым. Соғыс болып, оқ пен снаряд қарша борап жатқанда мешіттердің аман қалатынын білетінмін. Сондай-ақ бұл ауылдардың зираттарын да су баспапты", – дейді депутат.
Ол сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен бірге жергілікті жұртшылықпен кездесті. Фирдоуси ауылының ақсақалдары Бас мүфтиге жүгініп: "Ораза айт намазын мешітке барып оқуға бола ма" деп сұрады. Бас мүфти жағдайды түсіндірді.
"Елімізде төтенше жағдай аяқталғанымен, карантин уақыты біткен жоқ. Биылғы Рамазан айы карантин жағдайында өтіп жатқаны өздеріңізге белгілі. Жамағаттан тағатты қажет ететін бұл талапты орындауымыз керек. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығын, өмірін сақтау үшін қабылданған шешім. Мұсылманның амандығы қажет. Мұны түсіністікпен қабылдайсыздар деген үміттемін. Алла Тағала Құранда бір адамның өмірін сақтап қалу – бүкіл адамзаттың өмірін сақтап қалу, бір адамның өміріне қиянат жасау – бүкіл адамзаттың өміріне қиянат жасау екенін айтқан. Алла сақтасын, ертең мешітке мың адамды жинап алып, олардың өміріне қиянат жасап қойсақ, имандылығымыз қайда?!" – деді бас мүфти.
Мақтаарал ауданының Иіржар ауылдық округінің әкімі Жарқынбек Әбдіровтың айтуынша, жалпы 365 үйдің 160-ы құлаған. Үйлерге сарапшылар бағалау жұмыстарын жүргізіп, қорытынды шығаруда. Жарамды үйлерге тұрғындары оралып, орналасып жатыр. Құрылыс үшін қажетті материалдар жеткізілуде. Құрылысты бақылауға жауапты аудан әкімінің орынбасарлары бекітілді.
"Халықтың еңсесі де, көңілі де көтеріңкі. Мемлекет әр үйді салып, жөндеуге 17 млн теңгеден берілетінін ел біледі. Қазіргі кезде үйлердің құжаттарын жинау және тапсыру жүргізілуде. Жалпы, халық риза!", – деді Жарқынбек Әбдіров.
Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребековтың мәліметінше, қазіргі кезде аудан орталығы Мырзакент кентінің жанында жаңадан бой түзеп жатқан шағын ауданда 937 үй құрылысы басталып кетті. Осы шағын ауданда бой көтеретін жаңа үйлердің әрқайсысының ауданы 100 шаршы метр болады. Онда 38 мердігер компания құрылыс жұмыстарына білек сыбана кірісті. 937 үйдің І кезектегі 100 үйі 20 маусымда ел игілігіне тапсырылады деп жоспарланған. Бұл жердегі жаңа баспаналарда су басқан 3 елдімекеннің – Жаңа тұрмыс, Жеңіс және Достық ауылдарының тұрғындары қоныс тойын тойлайды
"Су астында қалған бес елдімекеннің қалған екеуі – Өргебас және Фирдоуси ауылдарында 600-ден астам зардап шеккен үй толығымен қалпына келтірілетін болады. Осы мақсатта ондағы әр үйге 17 мн теңге қаржылай көмек беріледі. Қаржының мақсатты түрде тек қана үй құрылысына жұмсалуы бақыланады. Құрылыс екі кезеңге бөлініп отыр. Бірінші кезекте баспана иесінің өзі не ол жалдаған құрылысшылар үй құрылысын бастап, іргетасын құйып, кірпішін қалауы керек. Осы кезде ақшаның бір бөлігі беріледі. Қалған жартысы үйдің құрылысы негізінен аяқталып, әрлеу жұмысы жүргізіліп жатқан кезде аударылады", – деп мәлім етті Бақытбек Смағұл.
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Бақытжан Әбдіғаппаровтың мәліметінше, Мақтаарал ауданындағы Өргебас ауылында 5 мамырдан бүгінгі таңға дейін 236 отбасы тұрған 194 үйден 142,56 гектар жерден су шығарылды.
"Түркістан ғана емес, сондай-ақ Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды облыстары және Шымкент қаласының күштері мен құралдары, бұдан бөлек Өзбекстанның төтенше жағдайлар министрлігі жіберген құтқару күштері арқасында 3 миллион 600 мың текше метр су әкетілді. Тек осы Өргебас елді мекеннің өзінде 78 жеке құрам жұмылдырылды. Су астында қалған 220 ірі және ұсақ малдың өлексесі шығарылды. 1630 қапқа құм толтырылып, 1,2 шақырымдық жол бекітілді, судың келуі тоқтатылды. Енді жұмыстың соңғы кезеңі басталды: аулаларда қалған су сыртқа сорып алынуда", – дейді Бақытжан Әбдіғаппаров.
Мәжіліс депутаты одан су тасқынының осы салдарлары қашан толық жойылатын сұрады. 5 күндей мерзімде ауылдан суды әкету жұмыстары аяқталатын көрінеді.
Бақытбек Смағұл су тасқынынан зардап шеккен ауылдарды аралап жүргенде, үйлердің көбінің іргетас-фундаменті жоқ екенін байқағанын баяндады. Олар – Кеңес тұсында саманнан соғылған баспаналар. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ауыл тұрғындарымен әңгімесінде осыған назар аударды:
"Тікелей Президенттің мән беруімен мемлекет үлкен қолдау көрсетуде. Ел қазынасынан 17 миллион теңгеден береді. Ендеше іргетасын құйып, кез келген селге шыдас берер берік үй тұрғызыңыздар. Жақсылап кірпіштен өріп салыңыздар! Оған ақша жетеді", – деді облыс басшысы.
Қызыл судан тағы бір проблема туындауда. Ұлттық Ұланның, Қарулы күштердің әскерилері 87 мың 432 қапты құммен толтырып, ұзындығы 22,3 шақырымнан асатын қамал тұрғызып, суды ұстап қалды. Осының арқасында 24,4 мың тұрғыны бар тағы 8 ауылды су басуына жол бермеді.
"Сапар барысында байқағаным, осындай жасанды бөгетке тоқтаған тұйық су күн ысыған сайын бүлініп барады: оның мүңкіген күлімсі иісі қолқаны қабады. Мысалы, Нұржолда су ауылдың ішіне кірмеген, алайда халықтың ішетін суы ластанған. Демек, бұл аймақта алда ауыз су мәселесі де күн тәртібіне шығуы мүмкін. Бүгінде ауылдарды жағалай суды кептіру жұмыстары жүзеге асырылуда. Айнала кепкесін, ауыз суды хлорлап, тазартып, ішуге жарамды етпек", – дейді Б.Смағұл.
Оның дерегінше, тасқын су өңірдегі ауыл шаруашылығына соққы болып тиді. Ұшақпен ұшып төбеден бақылағанда қалаулы осыған көз жеткізіпті.
"Мысалы, 5 мың 636 гектар жерде мақта өсуі керек еді. Ол жер тегіс су астында қалған. Барлығы 931 мал суға тұншығып өлгені анықталды. Атап айтқанда, 40 сиыр, 871 қой мен ешкі, 7 жылқы, 6 түйе суға батты. Мал өлекселерін алып шығу жұмыстарына әскерилер мен ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері жұмылдырылды. Суға қарық болған барлық жануар өлексе тастау орнына тасымалданып, өртелді. Ауылдықтардың бұл шығындарын ауыл шаруашылығы басқармасы есептеуде. Ол жағынан да мемлекет қамқорлық жасап, қарайласады", – деді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.
Тасқыннан есеңгіреген жұрт есін жиюда. Мақтааралға көмек Қазақстанның барлық өңірінен тасқындап, азық-түлік, киім-кешек жүк көліктерімен жеткізіліп жатыр. Ақшалай аударып жатқандары жетерлік.
"Халқымнан, мемлекетімнен айналайын!" деп жергілікті тұрғындар қазақстандықтарға ризашылығын айтып жатыр.
Жанат Ардақ