Мақтааралдағы су тасқыны: Зардап шеккен тұрғындар жанайқайын жеткізді

"Ел шырт ұйқыда жатқанда өзіміз қауіпсіз аймаққа қаштық" деген тұрғындардың жергілікті билікке өкпесі қара қазандай. 

Мақтааралдағы су тасқыны: Зардап шеккен тұрғындар жанайқайын жеткізді

Көктемнің соңғы айы Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының халқы үшін ауыртпашылықпен басталды. Көршілес Өзбекстандағы "Сардоба" су қоймасы бұзылып, салдарынан Мақтаарал ауданындағы бірқатар елдімекенді су шайып кетті.   

"Төтенше жағдай орын алатыны туралы бізге ешкім ескертпеді" деген Жеңіс, Өргебас ауылының тұрғындары мамырдың 1-інен 2-іне қараған түні  ел-жұрт шырт ұйқыда жатқанда бас сауғалап қауіпсіз аймаққа өзіміз қаштық деп отыр. 

"Су басу қаупі бар деп аудан орталығындағы ауылға ескертіпті деп естідік. Алайда бізге ешкім ескертпеді. Көрші ауылдағы жағдайды естіген өзіміз қашуға әрекет еттік. Түннің бір уақытында жан-жаққа бас сауғалап кеттік. Өзім жеті баланың анасымын. Ауданға кіре-берістегі туысымның үйін паналап отырмын. Білмеймін ол үйге қашанға дейін сыйатынымызды... Шыны керек, біз тек бала-шағамызды жинадық та қаштық. Бүкіл жиған-тергеніміз қалды үйде. Осы жағдайдан соң, облыс әкімінің орынбасарымын деп бір кісі келіп, барлық шығын есептелетінін айтты. Қалай уайымдамайсың? Жылап-жылап жасымыз да таусылды", – деді Өргебас ауылының тұрғыны Айман Батырбекова.

Көпбалалы ананың сөзін өзге де тұрғындар қоштап, құтқарушылар "болары болып, бояуы сіңіп қойған" соң барып келді дегенді алға тартты. 

Су тасқыны жеткен Жеңіс ауылы тұрғындарының да өз айтары бар.

"Су келу қаупі бар деген хабарды біз 2 мамыр күні естідік. Ал кейін әкімшіліктен келіп "су үйлеріңізді алмайды, алса егістік алқабына түсуі мүмкін. Сіздерге келер қауіп жоқ" деп басу айтып кетті. Түн жарымда су ауылға келе бастады. Төтенше жағдай қызметі, өзге  құтқарушылар да келмеді. Ешкімнен көмек көрген жоқпыз. Біздің ауылда екі мыңдай халық бар. Барлығымыз өзге ауылдардағы туған-туыстың үйіне қарай қаштық. Алдымен бала-шаға, әйелдерді қауіпсіз аймаққа жеткіздік. Кейін шамамыздың келгенінше, малымызды айдап шықтық. Таңғы уақытта төтенше жағдай қызметінің автобусы келіпті. Ал ауылда адам қалмаған ғой. Шынымды айтсам, балаларымызды көруге уақыт жоқ. Міне, осылай жолдың бойын паналап отырмыз. Малға қарау керек. Қаншама мал жоғалған, біреу тапса малын, екіншісі әлі іздеп жатыр", – деді ауыл тұрғыны Ерболат Қожа.

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда су тасқынына байланысты  ауыл шаруашылығы саласы бойынша келтірілген шығын көлемі есептелуде.  Бұл жұмыстармен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов бастаған арнайы жұмысшы тобы айналысып жатыр. Жексенбідегі  мәлімет бойынша, 3601 гектарға жуық ауыл шаруашылығы дақылдарының су астында қалып, зардап шеккені белгілі болған. Алдын ала болжам бойынша шығын көлемі 404 млн теңгені құрап отыр. Әсіресе, Жаңажол, Еңбекші ауыл округтеріне қарасты Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай ауылдарындағы алқаптар көптеп зардап шеккен. Су астында қалған егістік алқаптың 85 пайызын мақта егістігі құрса, қалғаны жоңышқа мен жүгеріге тиесілі екені анықталған.

Жеңіс ауылының тұрғындары ауыл халқы түгелдей табысын егіннен тауып келгенін алға тартып отыр. Тіпті көбі несие алып, қарызданып егін еккен.  

"Ауыл халқы 100 пайыз диқаншылар. Жерді жалға алып, әрекет еткендері қаншама. Бұл қалай шешіледі? Бір диқан кемі 1 млн теңгеден  8 млн-ға дейін егін егуге шығындалды. Кредит алғандары қаншама. Билік бізге келіп, жағдайды түсіндіріп, алдағы жұмыстарын айтуға да болады ғой. Судың қашан кетіп, кетпейтінін білмей отырмыз. Тым болмағанда жылы сөз айтса нетті? Бізге құрғақ уәде керек емес, іс керек", – деді Сәрсенбай Мырзаханов.

Бұдан өзге зардап шеккен тұрғындар билікке өз талаптарын да қойды.

Бірінші кезекте олар келтірілген шығын көлемі түгелімен өтелсін дейді. Сонымен қатар қараусыз қалған ауылды бақылауды тәртіп сақшылары мықтап қолған алсын дегенді алға тартты. Сонымен қатар дәл қазіргі таңда үлгергенінше айдап шыққан малдарын жаятын жайылым жерді талап етіп отыр.

"Ешкім ескертпеді, біздің ренішіміз сол. Біз енді осылай жолдың жағасын паналап отыра береміз бе? Тым болмағанда палатка ұйымдастырып берсін. Екінші күн далада түнеп отырмыз. Эвакуациялық пунктке бармаймыз, малымызға кім қарайды ол кезде?.. Жайылым жер ұйымдастырып берсін. Ауылымызды құлпыртып жібермесе де, аяқтан тұрғызып берсін", – дейді қараша халық.

"Төрт-түлігімізді қайда жаямыз?" деп алаңдаған шаруалардың бұл мәселесін шешуді жергілікті билік қолға алған. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасындағылардың айтуынша, зардап шеккен тұрғындардың малдарын уақытша ұстау мақсатында көршілес жатқан Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округінен жайылымдық жерлер ұйымдастырылып, мал шаруашылығын кәсіп еткендердің малдарын сол жерге жеткізу шаралары қолға алынып жатыр екен. 

Зардап шеккен мақтааралдықтарға қауіп төнбеген ауыл халқы ас-ауқатын жеткізіп, қолдарынан келгенше көмек беріп жатыр. 

Су тасқынынан зардап шеккен Фирдауси ауылының тұрғындары болса, қауіп туралы алдын ала естігенін, тұрғындардың бір бөлігі эвакуациялық пунктке орналастырылып, малы барлар, жол бойына тұрақтағанын айтты.

Ауданда су тасқыны орын ала сала брифинг өткізген облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары неліктен кеш жүргізілгенін түсіндіріп берді.

"Неге кеш эвакуацияланды? Себебі Өзбекстан тарапы бізді ресми түрде сендірді. Жағдай тұрақты және ешқандай проблема жоқ екені туралы айтылды. Су Түркістан облысына, Мақтаарал ауданына келетіні туралы алдын-ала еркерту болған жоқ... Өзбекстанның  су ресурстары министрі су ағыны тоқтады деп сендірді", – деді Сәкен Қалқаманов.

Айта кетейік, 10 елдімекен халқын аяқтан тік тұрғызған  Мақтааралда 31 мыңнан астам адам қауіпсіз аймаққа эвакуацияланған. Облыс әкімдігінің соңғы мәліметі бойынша, ауданда Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық, яғни, бес  ауыл су астында қалып, тағы 5 елдімекен облыс әкімдігі, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, ҚазСУШар және ауыл тұрғындарынан құралған волонтерлердің көмегімен су басу қаупінен шығарылды. Ал кеше, 3 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасы арқылы Түркістан облысында 10 ауылды су басқанын жеткізді.

"Өзбекстан аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысының 10 ауылын су басты. 22 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Оларға көмек көрсетіліп, Өзбекстан Үкіметімен келіссөздер жүргізіліп жатыр" деп жазды Президент. 

3 мамыр күні Түркістан облыы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев пен "Қазсушар" мекемесінің жауапты мамандары Мақтаарал ауданындағы су тасқыны мәселесін реттеуге Өзбекстан Республикасының Сырдария облысына аттанғанын мәлімдеді. 

"Арнайы топ Өзбекстанның су министрі Хамраевпен және Сырдария облысының басшылығымен кездесіп, келіссөздер жүргізеді. Жалпы бұл жағдай екі елдің үкіметі тарапынан талқыланып, шешілмек. Соңғы мәлімет бойынша бүгінгі күнге дейін ауданға 300 млн текше метрге жуық су келген. Мұндай көлемдегі су бұрын болмаған. Аудандағы қауіп әлі сейілген жоқ. Өйткені Өзбекстан тарапынан әлі қанша су келетіні белгісіз. Себебі Өзбекстанмен су туралы мәлімет алмасу бір жүйеге келтірілмеген. Кездесу нәтижесін алдағы уақытта хабарлайтын боламыз", –  деді Сәкен Қалқаманов.

Ал бүгін Үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал ауданының 7 елдімекенін су басу қаупі әлі жоғары екенін мәлімдеді.  Ал Мырзакент және Ақ жол мекендерінде қауіп сейілді. Тұрғындар үйлеріне қайтты. 

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу