Өзбекстанмен су мәселесін біржақты етудің орайы келіп тұр – Сапарбай Жобаев

Экономист Сардоба апатына қатысты пікір білдірді. 

Өзбекстанмен су мәселесін біржақты етудің орайы келіп тұр – Сапарбай Жобаев

Өзбекстанның 50-ге жуық ауылын пұшаймен еткен су апатының азабын Қазақстанның 14 ауылы бірге тартып жатыр. Апат айтып келмейді дегенімізбен, көрші елдің шынайы ақпарат  бермеуі, жергілікті биліктің салғырттығы Сыр-ананы телі емген қазақ пен өзбектің арасына тағы бір сына қағатындай жағдай туындатып кетті.

Кәрімов кезеңіндегі кедергілер

Трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану тәртібін алға тартқан кейбір отандастарымыз Өзбекстан тарабы Сардоба тоғанын Қазақстанмен неге ақылдасып салмады деген уәж айтып жатыр. Іргедегі көршіміздің апат туралы шынайы ақпарат бермегенін негізге алып, барлық шығынды солар өтесін деп талап қоюшылар да бар.

Inbusiness.kz осы мәселе бойынша 1989-2005 жылдары Өзбекстанның қаржы министрлігінде басшылық қызмет  атқарған сарапшы,  Қазақ технология және бизнес университетінің оқытушысы,  экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаевтың пікірін білген болатын.

Экономист бір-бірін бауырлас ұлт, стратегиялық серіктес деп санайтын қазақ пен өзбек арасындағы трансшекаралық өзендер мәселесінің 30 жыл бойы шешілмеуін Ислам Кәрімов кезеңімен байланыстырады.

"Сырдарияның бойында әуелі Қырғызстан, одан кейін Тәжікстан мен Өзбекстан, осылардан кейін барып Қазақстан жатыр. Тәжікстан аумағында Қайраққұм, Қырғызстанда Тоқтағұл тоғаны, бізде Шардара су қоймасы бар. Кеңес дәуірінде соның бәрі ың-шыңсыз су өткізіп тұрды. Тәуелсіздік алғаннан кейін, бауырлас мемлекеттер сол қалыптасқан дәстүрді негізге алып келісімдер жасады. Бірақ Ислам Кәрімовтің кезінде Өзбекстан Шардарадан Айдаркөлге су тастау кезінде өз мүдделерін сәл жоғарырақ қоюшы еді. Мысалы, жауын-шашын мол жылдары тасыған суды Шардараға тастап,  біздің ауылдар судың астында қалатын. Ал жазда судың көбін Айдаркөлге бұрып алатын. Билік ауысқаннан кейін, бұл мәселеде ресми Ташкент Қырғызстанмен де, Тәжікстанмен де, Қазақстанмен де дипломатиялық принциптерге сай жұмыс істей бастады. Кезінде Ислам Кәрімов Тәжікстандағы Рогун су электр стансасын салуға түбегейлі қарсы болды. БҰҰ деңгейінде де райынан қайтпай қойған. Тіпті оның аузынан болашақта су мәселесінен жанжал шығуы мүмкін деген сөз шыққан", – дейді сарапшы.

"Сардоба Сырдарияның бойында жатқан жоқ"

"Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры" демекші,  апатқа себеп болған Сардоба тоғаны Өзбекстанның қазіргі Президенті Шавкат Мирзиеев Үкімет басшысы болып тұрғанда қолға алынып, Президент болған тұста аяқталған. Яғни, құрылыс басталған тұста қазақ дипломаттары нысанның қауіпсіздігіне қатысты талаптар қоя алмағанымен, арада жылымық пайда болған кезден бері бұл мәселені неге назардан тыс қалдырып келді? Қазір халықтың түсінбей отырғаны осы болып тұр. 

"Бұл нысан Сырдарияның бойында жатқан жоқ. Осы жерін әлеуметтік желіде бірнеше рет анықтап жазсам да, ел қаперге алмай жатыр. Бұл  судың бойындағы тоған емес. Мырзашөлдің кең даласында, Өзбекстанның Жетісайдан батысына қарай, Жызақ облысының Фариш ауданына су жетпегеннен кейін, сол жақты ылғалдандыру үшін салынған. Сырдариядан 50 шақырым қашықтықта жатыр. Ақалтын, Мырзабас, Фахтакор, Фариш аудандарындағы мақта алқаптарына Сырдариядан су жеткізу қиын болғандықтан, ортаға тоған салған болатын. Күз бен көктемде артылған су осы тоғанда жиналып, жазда мақташылардың пайдасына жарауы керек еді. Бұл нысан таудың аңғарында немесе шатқалда емес, теп-тегіс, жазық далаға салынған. 2010 жылы құрылысы басталды. Ол кезде Ислам Кәрімов бар еді. Нысан 2017 жылы салынып бітті. Өзбекстанның ақпарат құралдары оны шөлде пайда болған өзенге балап, жарыса жазды.  Осы Сардобаның бізге ең жақын жері 25-30 шақырымда жатыр. Өзі Сырдарияның бойында болмағасын, шекарадан 25 шақырым тысқары жатса, құрылысына Қазақстанның араласуы қиындау еді. Оның үстіне тоған жазық жерде салынғандықтан, Өзбекстан тарабы да, біздікілер де аса бір алаңдаған жоқ. Жазықтағы тоғаннан осындай топан су болады деп ешкім ойламаған. Өкінішке қарай, биыл сәуір айында Өзбекстанда қар мен жауын толассыз жауып, мазасыз жел тұрды. Апатқа қатысты екі болжалды себеп айтылып жатыр. Тоғанның суы көтеріліп, желмен бірге бетін шайып кетті деген ақпар бар.

Екінші нұсқада тоғанның түбінен сызат пайда болып, 20 күн бойы су аққан. Оны су мамандары байқамаған немесе елемеген. Бара-бара сызатты су керіп, тоған бүлінген. Халықаралық деңгейде алсақ, бұл арада араздық тудыратындай мәселе емес. Өйткені тоған гидрологиялық өлшеммен алғанда шағын ғана нысан. Мысалы, біздегі Шарбақ СЭС-інің бөгенінде 2 млрд текше метр су бар. Ал Сардобада 952 млн текше метр су жиналады.  Сондықтан бұған халықаралық деңгейде көңіл бөлінбеген болатын. Тоғаннан артылған су кейде маңындағы Абай каналына құйылып, жергілікті диқандар қуанып жататын", – дейді Сапарбай Жобаев.

"Су Жетісайға дейін жетуі мүмкін еді"

Ғалым көрші елдің Қазақстан аумағына суды қасақана немесе салғырттықпен жібермегеніне сенімді. Жергілікті әкімдік көршілердің ақпаратына сүйеніп отыра бермей, сақтық шараларын дер кезінде қабылдауы тиіс еді деп отыр.

"Мен бұған табиғи апат ретінде көбірек көңіл бөлер едім. Өйткені ешкім қасақана әзірлеген жоқ. Техногендік апат дегеннің өзінде табиғи сипаттағы оқиға. Егер тып-тыныш тұрған тоғанның дуалы өздігінен жарылса, 100 пайыз техногендік апат деп баға беруге болар еді. Бірақ адам факторы бар. Астынан сызып шығып жатқан суға көңіл бөлмеген болуы мүмкін. Дуалдың қалыңдығы 20 метр болғандықтан кіп-кішкене сызашық оны шайып кетеді деп ойламаған болып отыр ғой. Өзбекстанда 50-ге жуық ауылды, яғни, 3 ауданды су басып кетті. Ал біздегі ауылдардан судың азаймауына жер бедерінің де әсері бар.  Су тоғаны Мақтаралдағы ауылдардан сәл биікте орналасқан.  Ең қызығы, Ташкент пен Самарқанды қосатын үлкен жол дәл осы Сардоба мен Мақтарал ауданының ортасында жатыр. Сол жол көп суды Өзбекстан жағында ұстап қалды. Ол болмағанда су Жетісайға дейінгі ауылдарды шаюы мүмкін еді. Бізде 14 ауылды су алды деп жатыр ғой. Өзбекстан жолдан асқан суды бір күннің ішінде тоқтаттық деп ақпарат берген. Бірақ кейбір елдімекендерді су құрсауынан шығару үшін Абай каналына тасыған судың бір бөлігін тастаған. Сол канал арқылы Айдаркөлге бірақ кетеді деп есептесе керек. Бірақ су Абай каналына сыймай, ауылдарға жайылған болып тұр. Жергілікті әкімдік не істеу керек еді? Каналдар ернеуін биіктету мәселесін біз тезірек шешсек бүгінгідей жағдай болмас еді. Біздің басшылар Өзбекстанның суды өткізбейміз деген ақпаратынан кейін, бейғамдыққа салған. Соның өзінде 4-5 ауылды бәрі бір құтқара алмаушы едік", – дейді сарапшы.

"Шығын шынайы есептелсін"

Экономист ғалымның сөзіне қарағанда, Қазақстанның су басқан ауылдарының шығынын өтеп беру Өзбекстан үшін айтарлықтай үлкен шығын емес. Тек келіссөзді мейлінше кәсіби тұрғыда, табанды жүргізу керек.

"Жалпы әлемдік тәжірибеде мұндай жағдайлар сақтандыру жолымен шешіледі. Елдімекендердегі алқаптар, мал мен мүлік сақтандырылған болса, сақтандыру компаниясы өтеп беретін еді. Ондай жағдайда кімнің айыпты болғанына тұрғындар бас қатырмас та еді. Еуропа мен Америкада неше түрлі тарнадалар болып жатса да, күйіп-пысып, даурығып жатқан жұрт көрмейсіз. Өйткені барлығы сенімді түрде сақтандырылған. Бізде өкінішке қарай,  сақтандыру мәселесі сөз жүзінде ғана дамыған. Іске келген кезде біз әлі де болса көп дүниені құдайға сеніп тапсырғанды оңай көреміз. Оның үстіне билік те сақтандандыру шығындары арқылы халықтың қалтасына салмақ түсіруден тартыншақтап келеді. Сақтандыруды дұрыс ұйымдастыра алмағандықтан, мемлекет жауапкершілікті өз мойнына алуы керек. Үкіметке тапсырма беріліп, шығындар өтелуі қажет.

Ол үшін әуелі шығын көлемі нақтылануы керек. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев 404 млн теңге шығын келді дегенді айтып қалды. Осы сома әлі нақтылануға тиіс.  404 млн теңге деген 1 миллион доллар ғана. Әрине мұндай сома Өзбекстан үшін де, Қазақстан үшін де қомақты шығын емес. Бірақ қарапайым тұрғындарға шаққанда үлкен ауыртпалық екені сөзсіз. Сондықтан шығын шынайы есептелу керек. Тіпті ол 1 миллион емес, 4-5 милион доллар болғанның өзінде келіссөз арқылы оңай реттеледі деп ойлаймын", – дейді Сапарбай Жобаев.

"Темірді қызған кезде..."

Сарапшы дәл қазір екі ортада жылжымай жатқан келіссөздерді қайта жандандырып, өз ұпайымызды түгендеудің орайы келіп тұр дегенді де айтты.

"Ұлттық қорда 57 млрд долларымыз бар. Содан бір 5 миллион доллар алсақ, ай мен күннің аманында үйсіз қалған, егіні бүлініп, малы қырылған халықтың тіршілігі оңалады ғой. Бірақ бұл Өзбекстанға нота жіберілмесін деген сөз емес. Халықаралық қатынастар стандартына сай әрекеттердің бәрі жасалу керек. Керісінше осы сәтте арадағы су мәселесін барынша реттеп алғанымыз жөн. Бұдан кейін де екі арада су ағады. Айдаркөл мәселесі де бар. Сардобаны Өзбекстан бұзып тастағалы жатқан жоқ. Ертең де су толтырады. Бүгінгі оқиға қайталанбауы үшін өз талаптарымызды қойып, мәселенің басын ашып алғанымыз дұрыс. Керек десеңіз, өзбек ағайындар тоғанның жанынан жаңа СЭС-тер құрып жатыр. СЭС салынса, тоғанның қауіпсіздігі артуы керек. Осының бәрін бірлесіп реттеуге қазір мүмкіндік бар", - дейді ол.

Орта Азия мемлекетінің басшылары кейінгі жылдары жиі бас қосып жүр. Тілі мен діні, тарихы мен тегі бір елдердің ынтымағы туралы биік мінберлерден асқақ ұрандар көп айтылғанымен, іс жүзінде көп дүние әлі шикі күйінде қалып келеді. Сарапшы аталмыш басқосуларда осындай маңызды істерді біржақты етуге күш салынуы керек деп есептейді.

"Былтыр 5 мемлекеттің басшылары жиналып, Елбасын кеңестің төрағасы қылып сайлады ғой. Сол кеңес аясында осы аталған мәселелердің бәрін реттеуге күш салу керек деп ойлаймын. Сардоба апаты бойынша екі елдің Президенттері 2 рет сөйлесті. Бірақ көңіл айту, кешірім сұрау жағы ресми ақпаратта айтылған жоқ. Тек Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға көмек көрсету туралы жазбасы өзбектердің ішінде өте үлкен резонанс туғызды. Қазір ол жақта өзбек билігі Қазақстан басшылығынан үлгі алсын деген талаптар айтылып жатыр", – дейді экономист.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу