Мақтаарал ауданындағы су тасқынының салдары қандай?

2623

 Жер телімдерінің мемлекеттік актілері дұрыс емес.

Мақтаарал ауданындағы су тасқынының салдары қандай?

 

Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Жомарт Махмұт Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен кейбір кәсіпкерлердің мүлкіне қатысты құжаты жоқ екенін мәлімдеді.

"Бірқатар кәсіпкерлерде жерге, малға, коммерциялық нысанға қатысты құжат жоқ. Бес балабақша мен бір шеберханада және 11 дүкенде осындай жағдай тіркелді", – деді ол ATAMEKEN BUSINESS телеарнасының "Бизнес және мемлекет" атты телемарафонында.

Оның айтуынша, кейбір нысандар жеке тұрғын үй құрылысын салуға рұқсат беретін құжатпен салынған, ал кейбірінде мүлде құжат жоқ.

"Жер телімдерінің мемлекеттік актілері дұрыс емес. Бір адамның жері екінші адамның атына тіркелген. Олардың арасында бұл туралы келісімшарт жоқ. Барлығы ауызша келісілген. Біз бұл бағытта жұмыс істейміз. "Атамекен" зардап шегіп отырған кәсіпкерлерге барлық қолдау шараларын ұсынады", – деді ол.

Жомарт Махмұттың мәлімдеуінше, Мақтаарал ауданында 11 елдімекенді су шайып кеткен. 7,6 мың гектар жер су астында қалған. Мемлекеттік комиссияның шешімімен шығын шеккен шаруаларға өтемақы төленеді.

"297 мал, оның ішінде 58 ірі-қара,  220 қой мен ешкі, 16 жылқы, 2 түйе, 227 үй құсы суда қалды. Мал шығыны 32 млн теңгені құрады", – деді директордың орынбасары.

Спикердің сөзінше, кәсіпкерлер 136 млн теңге лизингтік кредитті өтеу  бойынша мамыр айының алғашқы күнінен бастап бір жылға шегерім алған.Бұл істі аяғына дейін жеткізу ауыл шаруашылығы министрлігі мен

"ҚазАгро" ұлттық басқару холдингіне жүктелген.

Телемарафонда егіс алқаптары су астында қалған шаруалар мұң шақты.

Фирдоуси аулының тұрғыны Рахматулло Файзиевтің мақта егілген 40 гектар жері жарамсыз болып қалған. Ол күні бүгінге дейін шығынын есептей алмай отыр. Себебі тәуекел алаңына өтуге рұқсат берілмеген.

"12 млн теңге несиеге алған құрылғыларым, тракторым бар. Биыл өнім өндірмейтінім, табыс таппайтыным анық. Ал қарызды қайтару керек. Не істейтінімді білмеймін. Мемлекет несиені шегеретінін айтты. Осы жеңілдікке үміт артып отырмыз", – деді ол.

Оқиға орнында төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге болған блогер Кирилл Павлов тікелей эфирден үкімет қандай нақты шараларды жүзеге асырып жатқанын көрсетті. Көпшілік Фирдоуси ауылының жабық екеніне, үйлердің басым бөлігінің жарамсыздығына, тіркелмеген мүлік пен мал мәселе туғызып жатқанына, бір жер теліміне бірнеше үйдің заңсыз салынғанына куә болды.

Естеріңізге салайық, Мақтаарал ауданынан 31 мың тұрғын

эвакуацияланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен әр тұрғынға 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленетінін мәлімдеді. Бұған қоса аудандағы әр отбасыға ресейлік кәсіпкер Алишер Усмановтың қорынан

1 мың доллардан демеуқаржы берілетін болды. 

Мырзакент ауылында жаңа шағын аудан салынады. Мұнда Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елдімекендерінің тұрғындары көшіріледі.

Тасқыннан зардап шеккендерге "Түркістан" әлеуметтік қолдау қоры мен "Халық" қайырымдылық қорынан да көмек көрсетіледі.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу