1 мамыр күні Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып Түркістан облысы Мақтаарал ауданында төрт ауыл су астында қалды. Қазіргі кезде көрші ел тасқынның нақты себебі мен жайылған су көлемі туралы ресми ақпарат берген жоқ. Мамандардың алдын ала болжамынша, Қазақстан аумағына шамамен 300 млн текше метр су келген.
Қауіп сейілген жоқ
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов онлайн брифинг барысында судың қашан тоқтайтыны белгісіз екенін жеткізді.
"Су біз жақтан келіп жатқан жоқ. Сондықтан әлі қанша су келетінін білмейміз. Өзбекстан тарапымен ресми ақпарат алмасу ретке келтірілген жоқ. Олар бүгін кешке қанша су кеткені туралы мәлімет беруге тиіс. Біздің бағалауымызша, 300 млн текше метр су келді. Алайда бұл тек біздің болжамымыз ғана. Облыс әкімі келіссөзге аттанды. Оның нәтижесі туралы алдағы уақытта хабарлаймыз", – деді.
Тағы бір ауылды су шаю қаупі бар
Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Фирдоуси, Өргебас елдімекендерінен бөлек тағы бір ауылды су баса бастады. Бұл ақпаратпен бөліскен Түркістан облысы әкімінің орынбасары оның нақты қай елдімекен екенін атаған жоқ. Алайда су басқан ауылдар саны бесеу болуы мүмкін екенін жеткізді.
"Нақтырақ айтсақ Жаңа тұрмыс ауылында 46 үй, Жеңіс елдімекенінде 130 үй, Фирдоуси ауылында 250 үй, Өргебас елдімекендерінде 194 үй су астында қалды. Сонымен қатар тағы бір ауылды су басып жатыр деген ақпарат бар. Оны нақтылап кейінірек айтамыз. Сонда су басқан ауылдар саны беске жетуі мүмкін", – деді Сәкен Қалқаманов.
Мақтааралда тасқын судан 620 үй бүлінген
Төрт ауылда жалпы саны 620 үйді су басқан. Тұрғындарға 22 эвакуациялық орын әзірленді. Қазіргі кезде онда 1 мыңға жуық адам орналастырылған.
"10 мыңнан астам адамды эвакуациялауға жібердік. Бірақ олар шекаралас ауылдардағы туған-туыстары мен достарының үйлеріне барған. Біраз адам Шымкент қаласына кетті. Халық су деңгейінің түскенін күтіп отыр. Ал эвокуациялық бөлімдерде 120 медициналық маман көмек көрсетуде", – деген ол су тасқыны салдарымен күресу үшін 500-ден аса адам жұмылдырылғанын айтты.
"Су тасқыны салдарымен күресу үшін және Мырзакент елдімекенін қорғап тұратын бөгет салу үшін 10 ауыр техника мен 508 адам жұмылдырылды. Әзірге бұл жеткілікті. Сонымен қатар эвокуацияланған елдімекендерде тонау әрекетін болдырмау үшін ауылдардың кіре берісінде 5 блок-пост орнатылды", – деді Сәкен Қалқаманов.
Келтірілген шығын көлемі шамамен 404 млн теңге
Табиғи апаттың салдарынан Мақтаарал ауданында 3600 гектар егістік алқабы су астында қалды.Оның 85%-ы шаруалар жуырда ғана еккен мақта екен. Алдын ала болжам бойынша, тек егістік шығыны шамамен 404 млн теңге.
"Облыста шамамен 3600 гектар егістік алқабы су астында қалды. Әсіресе, Жаңа тұрмыс және Жеңіс елдімекендерінде. Бұлардың 85%-ы жаңадан егілген мақта. Тек егістік бойынша шығын көлемі шамамен 404 млн теңге. Қазіргі кезде 95 маман шығын есебін жүргізуде", – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар су басқан және жанындағы елдімекендерден 6000 бас мал эвакуацияланған.
"Суға кеткен мал саны белгісіз. Алда шығындар тізімі жасақталады. Уайымдауға негіз жоқ", – деді Сәкен Қалқаманов.
Өзбекстан тарапы өтемақы төлей ме?
Онлайн-брифинг кезінде журналистер "Өзбекстан тарапы өтемақы төлей ме" деген сауал жолдады. Әкімнің орынбасары бұл сұраққа Өзбекстан туралы нақты ақпарат бере алмайтынын жеткізді.
"Өзбекстан туралы ештеңе айта алмаймын. Ол мүлдем басқа ел. Оларды кінәлай да алмаймын. Ал Мақтаарал ауданындағы жапа шеккен бірде бір адам назардан тыс қалмайды", – деген ол Өзбекстан тарапымен реми ақпарат алмасу әлі ретке келтірілмегенін жеткізді.
Жамбыл облысы бірінші болып көмек көрсетті
Зардап шеккен ауылдарға көмек көрсету "Түркістан" корпоративтік қоры әлеуметтік көмек қабылдай бастады. Оның жұмысын "Нұр Отан" партиясы қадағалайды.
"Қор ашық жұмыс істеу үшін қамқоршылық кеңеске ақсақалдар мен облыстағы танымал адамдар да мүше болмақ. Халықтан, мекемелерден әлеуметтік көмек қабылдауды бастады. Атакент ауылының аумағында азық-түлік қоймасы да жұмыс істейді. Бірінші болып көмек қолын Жамбыл облысы созды. Олар 5 ірі жүк көлігімен азық-түлік, бірінші қажеттілік тауарларын жеткізді. Біз жұмсалған қаражат пен берілген гуманитарлық көмек туралы есеп беріп отырамыз. Қоймада бақылау-камералары орнатылып, әлеуметтік желіде тікелей көрсетілімдер жүргізіледі", – деді Сәкен Қалқаманов.
Құралай Құдайберген