Түркістан облысында балалар ауруханасының дәрігерлері басшылыққа наразы

Аурухана қызметкерлеріне үстемақы мен қосымша сыйақы берілмеген.

Түркістан облысында балалар ауруханасының дәрігерлері басшылыққа наразы

Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық балалар клиникалық ауруханасының бір топ дәрігері ауруханаға Гауһар Үкбаева басшылыққа келгелі төленетін ақша азайғанын айтып шағымдануда. Дәрігерлердің айтуынша, материалдық ынталандыру тоқтағанымен, жұмыс көбейе түскен.

"Жұмысымды таңғы сағат 8 жарымнан бастап кешкі 6-ға дейін істеймін. Кейде одан да кеш қалуым мүмкін. Менің басқа да жүктемелерім бар. Мәселен, иммуноферментті анализдер жасаймын, оның ақшасын төлемейді. Бір мөлшерлеменің ақшасы ғана төленеді", – деді аурухананың зертхана меңгерушісі.

Мұндай талапқа шыдай алмаған кейбір қызметкерлер ақыры жұмыстан кетіп тыныпты. Ақ халаттылардың айтуынша, ауруханада қысқарту да орын алған. Осылайша ашуға булыққан дәрігерлер облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен әкімге, министр мен Президентке арыз жазып та қойған.  

Мекеменің бас дәрігері Гауһар Үкбаева басшылық қызметке келгенде аурухананың коммуналдық қызметі, дәрі-дәрмек және басқа да берешегі 700 млн теңгеге жуық болған екен. Қарызы қомақты мекемеде үнемдеуді ойлаған бас дәрігер үстемақы мен сыйақы жағын қысқартуға амалсыздан барған. Сонымен қатар, ауруханадағы штат саны 130 адамға артық болғандықтан, қысқарту жүргізуге тура келген. Қазіргі таңда аурухана қарызын біртіндеп өтеп, 200 млн теңгедей берешегі  қалыпты. 
Дәрігерлер наразылығы туралы Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабардар. Қазіргі таңда арнайы комиссия құрылып та қойған. Мән-жай толығымен тексерілген соң тиісті шешім қабылданатын болады.

Айта кетейік, бас дәрігер Гауһар Үкбаеваның облыстық клиникалық балалар ауруханасына басшылық қызметке келгеніне бір жыл да толған жоқ. Ал аталған мекемеге басшылық еткен бұрынғы бас дәрігер Әнуарбек Маймақовтың  үстінен іс қозғалған. Биылғы жылдың басында белгілі болғаны, ол "сеніп тапсырылған мүлікті иемденді немесе ысырап етті" деген күдікке ілінген. Бұл айып Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті жүргізген сотқа дейінгі тергеу кезінде тағылды. 17 қаңтарда Шымкент тергеу соты санкция шығарып, аурухананың бұрынғы басшысы үй қамаққа алынды. Экс-бас дәрігердің ісіне қатысты әзірге сот үкімі шыққан жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте жедел жәрдем станциясының қызметкерлері шу шығарған болатын. Айтуларынша, коронавирус пандемиясы кезінде екі айға жуық уақыт өмірлерін қауіп-қатерге тігіп еңбек еткен олар, мемлекет тарапынан уәде етілген үстемақыны толық алмаған. Сәл кейінірек қаладағы стерилизация орталығының қызметкерлері жалақыға қатысты басшылыққа наразалығын білдірді. Осы екі мәселе бойынша әкімдік жанынан арнайы комиссия құрылып, нәтижесінде орталықтың бас дәрігері қызметінен босатылды. Ал екі медициналық мекеменің қызметкерлеріне қатысты мәселе оң шешімін тапты.  

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу