Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев халықпен есепті кездесуінде өткен жылы атқарылған жұмыстарына жеке-жеке тоқталып, 2020 жылғы жоспарларымен бөлісті.
Аймақ басшысы өз сөзін 2019 жыл облыс үшін жетістікке толы жыл болғанынан бастады. Айтуынша, өңір бюджеті 561 млрд теңгеден 778 млрд теңгеге жеткен. 2018 жылмен салыстырғанда бюджет 38 пайызға артқан.
Былтыр әлеуметтік қамсыздандыру саласына 82 млрд теңге жұмсалған. "Еңбек" бағдарламасы аясында 96 мыңға жуық адам қамтылып, 7903 тұрғын аталған бағдарлама арқылы жеке кәсібін ашуға мүмкіндік беріліпті. Олардың әрбіріне 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілген.
Ауыз су, құрылыс, білім мен денсаулық сақтау, әлеумет сынды салаларда ауқымды шаруалар атқарылды деген Өмірзақ Шөкеев ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша да жоспар артығымен орындалғанын баяндады.
Түркістан облысының басшысы өз сөзінде ауыл шаруашылығы мен өндіріс орындарынан бөлек туризм саласын дамыту арқылы да ішкі кірісті арттыруға болатынын, ол үшін күнгей өңір табиғатының әлеуеті толықтай жететінін атап өтті. Бұл өз кезегінде туристердің өңірге көптеп келіп, нәтижесінде кірістің артуына септігін тигізеді. Өмірзақ Естайұлының айтуынша, Түркістан облысында тау шаңғы базасы салынады. Облыста теңдесі жоқ жобаға Премьер-министр Асқар Маминнің өзі қызығушылық танытыпты.
"1-2 айда бүкіл құжаттарын жасап, Үкіметке ұсынатын боламыз. Тау курорты деген ауқатты, бай және орташа туристерге арналған нысан болады. Ол жерде бір күнде 6-7 мың туристке қызмет көрсететін нысан салынады. Тау шаңғысымен айналысатын туристер ешнәрсеге қарамайды, қай жерден болсан, тіпті Австралиядан келіп, таудың ауасымен тыныстау үшін келіп демалады. Олар күніне 1,5-2 мың АҚШ долларын жұмсайды. Біз табиғат берген сыйды пайдалана отырып туристерге жағдай жасап, экономиканы дамытуға әрекет етуіміз керек", – деді Өмірзақ Шөкеев.
Аймақ басшысының сөзінше, Түркістан өңірі туризм саласының түрлі бағатын дамытуға қолайлы. "Экотурзимді алайық, оның да бірнеше түрі бар. Мәселен, аңшылық. Оның да өз сұранысы бар. Аңшылыққа жаны құмар жан ешқандай қаржыны аямайды, апталап жатып, демалып кетеді.
Археологиялық туризмді алайық. Біздің облыста тарихи жерлер жетерлік. Туризмнің бұл саласына туристер ғылым, ілім іздеп келеді.
Зияратшылар туралы айтар болсақ, әрине, оларды аса бір қалталы деп айтуға болмайды. Дегенмен зияратшылар да туристер санатына жатады, олардың да жағдайын жасау керек", – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы, өңірдің өзге аудан, қалаларындағы туризмді емес, облыс орталығы Түркістан қаласын жан-жақты дамыту бірінші кезекте екенін атап өтті.
"Әсіресе Түркістан қаласының туристік әлеуетін, оның ішінде тарихи-мәдени және зиярат ету туризм бағыты жоғары екенін көрсету басты назарда. Қазірдің өзінде қалаға жылына 1,5 млн турист келіп-кетеді, 2025 жылы олардың санын 5 млн-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін әуежай, темір жол бағыты, қонақ үй секілді қызмет көрсету түрлерін барынша дамыту керекпіз деп ойлаймын. Бұл өз кезегінде жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына және экономиканың артуына үлесін қосады", – деді Өмірзақ Естайұлы.
25 минутқа жуық уақытқа созылған баяндамадан соң облыс әкімі кездесуге келген халық тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Кентаулық тұрғын Маржан Тілесова өзі тұратын шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлерге қатысты мәселесін көтерді. Айтуынша, облыс орталығына жақын жатқан аумақта халық саны күн санап артып келеді.
Өмірзақ Естайұлы Кентаудағы 4 негізгі проблеманы ашып айтты. Оның біріншісі: жылыту мәселесі. Осыдан 14 жыл бұрын қаладағы жекеменшік жылыту орталығы мемлекет балансына өткен. Алайда бүгінде орталықтың тозығы жеткен. Салдарынан қыс ауасы түссе, кентаулықтар жылу азабын тартады. Ал оны жөндеуден өткізуге 40 млрд теңге қажет екен. Аймақ басшысы қала әкімімен ақылдаса келе, жылыту орталығын жөндеуден өткізгеннен гөрі шаһарды толықтай газдандырып, әр үйге шағын ғана жылыту қазандығын орнату экономикалық тұрғыда тиімді деп тапқан. Оған небәрі 9-ақ млрд теңге жұмсалады. Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше, бұл тек қазына қаржысын емес, тұрғындардың да қалтасын үнемдеуге септігін тигізбек.
Кәріз жүйесі мен қала көшелерін абаттандыру мәселелері де кезең-кезеңімен шешімін таппақ. Ал көпқабатты тұрғын үйлер мәселесіне тоқталған әкімнің Кентау қаласының болашағы туралы айтқан ойы тұрғындарды қуантты.
"Былтыр 64 көпқабатты тұрғын үй салынды, 2432 пәтер берілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады, 2020 жылы 8 мың пәтер пайдалануға берейік деп отырмыз. Кентау Түркістан қаласымен бірге дамиды, себебі шаһар облыс орталығына жақын аумақта орналасқан. Бәлкім алдағы уақытта Түркістан қаласының құрамына қосылып кететін шығар. Мен Кентаудың әдемі шаһар болып қайта дамитынына сенемін" деп сөзін түйді аймақ басшысы.
Есепті кездесуде атаулы әлеуметтік көмек, жол, мектеп тапшылығы сынды өзге де әлеуметтік мәселелер көтерілді. Ал уақыт тығыздығына байланысты сұрақ қойып үлгере алмай қалған тұрғындар әкімнің қабылдауына кіріп, ұсыныстарын айтуға мүмкіндік алды.
Жансая Тәуекелқызы