Гүл өсіруші бағбан мерекеге орай 16 мың гүлді сатылымға шығарды

Шухрат Ибрагимовтің гүл бизнесін қолға алғанына 15 жылдан асқан.  

Гүл өсіруші бағбан мерекеге орай 16 мың гүлді сатылымға шығарды

Қазығұрт ауданында тұратын бағбан бүгінгі таңда 50 соттық аумақты алып жатқан жылыжайда  қалампыр (гвоздика) және раушан гүлінің қара сиқыр (черная магия) түрін өсіріп отыр. Айтуынша, гүлге деген сұраныс жыл он екі ай үзілмейді. Ал мереке күндері, әсіресе Халықаралық әйелдер күні қарсаңында сатып алушылар саны артады. Есесіне баға да еселеніп, табыс көзі көбейеді.

Мәселен, жай күндері қалампырдың бір данасын көтерме бағамен 70-80 теңгеден, раушан гүлін 150 теңгеден сатса, мереке күндері қалампыр 150 теңгеге, раушан гүлі 500 теңгеге бағаланады екен. 8 – наурыз мерекесіне орай бағбан 16 мың дана гүлді сатып алушыларына жеткізіп үлгерген. Оның 10 мыңы – раушан гүлі. Енді  келесі өнім өсіп шыққанша, тынбай еңбек етпек.

15 жылдан бері аталған кәсіпті қолға алған бағбан өткен жылы 50 соттық жылыжайдан 40 мың дана раушан, 10 мың дана қалампыр алған. Жылыжайға бір жылда 150 тонна көмір жұмсалады. Оған 3 млн теңге шығын кетеді.

Раушан гүлі бір жылда бірнеше рет өнім береді, әр талынан 3 дана гүл алынады.  Ал қалампыр ерекше күтім мен уақытты талап етеді. 6-7 айда бір рет өсіп шығатын гүлдің бұл түрінің бір талынан 7-8 данаға дейін қалампыр алуға болады. Осы ретте Шухрат Ибрагимов қалампырдан табыс аса көп еместігін айтты.

"Оның (қалампыр: авт) әрбір талын жеке-жеке байлап, жіті бақылауды қажет етеді. Еңбек күші де көбірек жұмсалады. Бірақ мен оны тұрақты клиенттерімді жоғалтып алмас үшін өсіремін. Себебі клиент гүлдің тек бір түрін сатып алмайды. Раушан гүлін алып, қалампырға да тапсырыс береді", – деді шаруа.

"Умид" шаруа қожалығының жетекшісі Шухрат Ибрагимов 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өнім көбейіп, сауда қызған сәтте жұмысшылар саны 15-20 адамға дейін жетеді. Олардың алатын жалақысы күнделікті жұмыс көлеміне қарай 3000 теңгеден басталады.

Қазығұрттық бағбанның өсіріп отырған гүлінің басым көпшілігі Шымкент қаласында саудаланады және шаруа сатып алушыларға өнімді өзі жеткізіп береді. Сонымен қатар Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтау, Қызылорда қалаларынан да арнайы іздеп келіп, сатып алушылар бар.

Гүл өсіру кәсібін дөңгелетіп отырған азамат алдағы уақытта өнім түрін көбейтуді көздеп отыр. Айтуынша, алдағы уақытта 20 соттық жылыжайға гүлдің альстромерия түрін, тағы 20 соттық жерге қызғалдақ өсіруді қолға алмақ. 

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу