Түркістан облысында 98 жастағы ерлі-зайыпты тұрады

Қарт тұрғындардың шаңырақ көтергеніне биыл 78 жыл толып отыр.   

Түркістан облысында 98 жастағы ерлі-зайыпты тұрады

Түркістан облысындағы Жетісай ауданында тұратын Ақшаевтар отбасы ел демографиясының дамуына сүбелі үлес қосып отырған әулеттердің бірі. Отанасы Гүлсім әжей 13 рет құрсақ көтерген батыр ана. Тағдырдың жазғаны болу керек, перзенттерінің тек жетеуінің ғана көрер жарығы болыпты. Бүгінде ең қарт жұптан тараған ұрпақ саны 202-ге жетіп отыр. Оның 40-ы немере болса, 104-і шөбере, 15-і шөпшек. Қалғаны ұл-қыздары, келіндері мен күйеу балалары.

Ғасырға жуық ғұмыр кешкен тұрғындардың шаңырақ көтеруі бүгінгі жастар үшін ерсі көрінуі мүмкін. Себебі ол заманда қыз бен жігіт болып кездесіп жүріп отау құрау өте сирек кездескен. Үлкендердің шешімімен екі жақтың ата-анасы құда болуға сөз байласыпты. Шаңырақ көтергенге дейін бір-бірін мүлдем көрмеген сол кездегі 20 жастағы Орын ақсақал мен Гүлсім ана 78 жылдан бері бірге ғұмыр кешіп келеді.  

"Бір жастықта қартаю деген осы шығар. Әуелі Алланың, кейін бала-шағамыздың арқасы ғой  осынша жасқа келіп, шөбере-шөпшектің қолынан май жалап отырған жайымыз бар" деп әңгімесін бастаған Орын ақсақал шаңырақтың беріктігі отбасының асыраушысына байланысты екенін жеткізді.

"Менің әкем бақуатты тұрған, қора-қора малы болған. Оның жолын біз жалғадық. Бірақ қиын-қыстау заманда көппен бірге жоқшылықты да көрдік. Заман солай еді. Аллаға шүкір, қазір заман басқа. Еңбек етсең, ішкенің алдыңда. Өзім мал шаруашылығынан бөлек, қаржы саласында талай жылдар бойы еңбек еттім. Салық жинайтынмын. 1983 жылы зейнеткерлікке шықтым. Шаңырақтың беріктігі   ер азаматқа байланысты дер едім. Отбасында жанжал көбіне жоқшылықтан шығады. Сондықтан әулеттің асыраушысы осы жағын назарға алу керек", – деген ақсақалдың сөзін жұбайы Гүлсім апа жалғады.

"Отбасында ер азамат әйелден бір саты жоғары тұруы тиіс деген бар. Жолдасымның айтқаны – заң болды. Ол кісі тәрбиеге келгенде қатал, қылтың-сылтыңды жақтырмайды. Әлі күнге дейін сол. Ал шешім қабылдарда үнемі ақылдасып отырады. Қазір ұл-қыздарына ақылын айтып, керек кезде кеңестерін де алады", – деді алтын құрсақты ана.

Қазіргі таңда қарт тұрғындар екі ұлының қолында тұрады. Үлкен үй болғандықтан шығар, бұл шаңырақтан отбасының өзге де перзенттері үзілген емес. Немере-шөберелердің у-шуына әбден үйренген қариялар той-жиын дегеннен қалмайды. Тойға барса, міндетті түрде алғашқы сөзді алып, бата беру қос қарттың әдетіне айналған.

Ерлі-зайыптылардың ұзақ ғұмыр жасауының сырымен отбасының тұңғышы бөлісті.

"Әкем өмір бойы аттан түспеген, шаруаның адамы болған. Оның үстіне  ауыл-ауылды кейде жаяу аралап, ел-жұрттың жағдайын білуді де естен шығарған емес. Көкпарда да талай жыл бақ сынаған. Сол аттан түспей жүруінің арқасында шығар, қазір өздігінен жүріп-тұрады. Өмірінде шылым тартып, спирттік ішімдік көрмеген. Бұл кісілер көненің адамдары ғой, ол кезде экология да таза, ішіп-жеген ас-ауқаты да табиғи өнім болды. Қазір ғой, небір химикат қосылған тағамдар қаптап кетті. Әкем шұжық (колбаса), зауыттан шыққан тауық еті дегенді әлі күнге дейін жемейді. Ол кісі өмірінде сырқат дегенді көрмеген. Ауруханада бір күн де жатпаған. Анам да солай, тек соңғы 1-2 жылда қан қысымы жоғарылап, ем-дом алуына тура келіп жүр", – деді әулеттің үлкен ұлы, 70 жастағы Тұрлыбек Ақшаев.

Айтпақшы, 98 жастағы қария әлі күнге дейін аттан түспейді.

Қариялардың күтімі мен жағдайын жасау бес келіннің мойнында. Оның үшеуі немере келіндері. Қолында тұратын келіндері Жанар мен Бақтыкүл Орыновалардың айтуынша, қария таңмен жарыса тұрып, қорадағы малының жағдайын жасайды.

"Атам үшін малға қарау – нағыз жаттығу дер едім. Қазіргі тілмен айтқанда, хоббиі ғой (күліп). Ол кісі қазақтың қамыры мен етті ауқаттарды сүйіп жейді. Палау тағамы да сүйікті астарының қатарында. Енем де қуырдақ, нан салма сынды калориясы жоғары астарды ұнатады. Сұйық тағамдарды онша жақтыра бермейді. Екеуі де күн сайын таңертең сүт араласқан шай ішуді әдетке айналдырған. Дастархан басында отырған сайын "Осынша жасқа келіп, сендердің қолдарыңнан шай ішіп, осылай емін-еркін әңгіме құрып отыруымыздың өзі – біз үшін бақыт, жасарып қаламыз" деп үнемі баталарын береді", – деді әулеттің келіндері.

Сұхбат соңында үлкен әулеттің отағасы жас ұрпаққа өз кеңесін айтуды да ұмыт қалдырмады.   

"Мен өзім 20 қыз ұзатып (өз қыздарынан бөлек немере, шөберелері: авт), 28 келін алған адаммын. Тіл-көзден сақтасын, біреуі жанжалдасып, үйге қайтып келмеген. Меніңше бұл қыз баланың о баста ұяда алған тәрбиесі дер едім. Келіннің ене мектебінен өтуі де маңызды. Өзімнің анам келініне қызындай қарады. Есесіне жұбайым да келіндеріне сондай қарым-қатынас танытты. Бүгінде шаңырақ көтеріп, ұлан-асыр той жасап, бір апта өткен соң ажырасып жатқан жастарды да көріп жүрмін. Әрине, өкінішті. Бар қылатын да, жоқ қылатын да – ашу.  Осы ретте жастарға сабыр берсін деймін", – деді ақсақал. Ал Гүлсім әжей ерін сыйлаған әйел азаматының ортасына сый-құрметі жоғары болады дегенді алға тартты.

"Мен өзім ешқашан жолдасымның айтқанына қарсы шыққан емеспін. Әлі күнге дейін сол кісінің дегенімен жүріп келемін. Әйел азаматы  менмендікке салынып, өздігінен әрекет етсе, оның ісі өнбейді. Ер мен әйел – бір бүтін. Ал қазір кейбір жас келіндер босағаны аттай салып, отбасыны билегісі келеді. Бұл – қате ұғым. Әйелі сыйламаған ерді өзгелер қайтіп құрмет танытсын? "Ерінің атын – қатыны, қатынның атын – отыны шығарады" деген бар. Аллаға шүкір, өзімнің келіндерім бізді алақанына салып отыр" деп сөзін түйді кейуана.

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу