Дүниежүзілік банк еліміздегі "Мал шаруашылығын тұрақты дамыту" жобасын қаржыландыру үшін 2021 жылдан 2025 жылға дейінгі мерзімде 500 миллион АҚШ долларын несиеге беретінін шілде айында мәлімдеген болатын. Жоба аясында ірі қара мал өсіру, экспорттау үшін 20 мың фермерге несие беру, 100 мың фермерді оқыту және т.б нәтижелерге қол жеткізу жоспарланғаны айтылған.
Осы орайда Economist.kz алаңында сарапшылар "Үкіметке мал өсіру үшін берілетін 500 млн доллар несиенің қажеттілігі мен артықшылығы" тақырыбында онлайн талқылау өткізді.
"INTEGRITY ASTANA" коммерциялық емес ұйымының директоры Жанат Нұрғалиев бұл несиенің шарттары сарапшыларға белгісіз екенін алға тартты.
"Бүгін Дүниежүзілік банктен ресми жауап алдық. Қазақстан Үкіметімен несие туралы келісімге әлі қол қойылған жоқ. Олардың айтуынша, құжатқа қол қою үшін 2017-2021 жылға арналған елдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына өзгеріс енгізілуі тиіс. Өкінішке қарай, Дүниежүзілік банк өкілдері тек несие беру туралы келісімге қол қойылғаннан кейін ғана сарапшылармен кездесіп, қоғамдық талқылау жүргіземіз дейді. Негізі бұндай мәселелерді қол қойылмай тұрып, эксперттік алаңдарда талқылап алған жөн. Қол қойылғаннан кейін талқылаудың пайдасы шамалы. Өйткені 500 млн доллар дегеніңіз – қазір 215 млрд теңге. Егер Ауыл шаруашылығы министрлігінің бюджетін саралап қарасақ, мал шаруашылығын дамыту үшін 2015-2021 жылдар аралығында, яғни 7 жылда 155 млрд теңге бөлінді. Қазіргі жағдайда осындай несие алу елге қаншалықты қажет?", – дейді сарапшы.
Коммерциялық емес ұйым директорының пікірінше, алынатын осы несие бюджет шығындарына жұмсалып кетуі ғажап емес.
"Мал алуға деп бөлінген қаражат бюджет дефицитін жабуға жұмсалуы мүмкін. Өйткені несиені Қаржы министрлігі алады да, қаражат ортақ қоржынға салынады. Одан кейін дәл осы ақша қайда жұмсалғанын бақылау қиын. Көп шешімдер лоббиге байланысты. Эксперттік емес, саяси шешімдер қабылданып жатады. Қазір агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аяқталуға жақын, ал жаңа бағдарлама әлі жоқ. Қаншама сараптама жасасақ та, ауыл шаруашылығы саласын дамытудың стратегиялық бағытын біле алмадық", – дейді Жанат Нұрғалиев.
АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің мал шаруашылығы салаларын дамыту стратегиясының жетекшісі Әсел Серғазина бұқаралық ақпарат құралдарына берген түсініктемесінде бұл жоба ет бағасына әсер ететінін айтқан болатын.
"Жоба аясындағы көрсеткіштерге қол жеткізуді бақылауды жүзеге асырып, мониторинг жүргізетін тәуелсіз верификация жөніндегі агент жалдау жоспарланып отыр. Яғни байқау жарияланады. Бұл жұмысты бір атқарушы ұйым жүргізеді. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінде бағдарламаны басқару және үйлестіру кеңесі құрылады. Бұл жоба орта және шағын шаруа қожалықтарына бағытталған. Әрине, бұл ет бағасына да әсер етеді. Өйткені ірі қара мал етін өндірудің технологиялық тізбегі құрылады", – деп мәлім еткен еді.
Қой өсірушілері қауымдастығының басқарма төрағасы Алмасбек Садырбаев елде ірі қара мал етін өндіруге басымдық берілетініне таңданысын жасыра алмады.
"Жобада біздің дәстүрлі қой, жылқы шаруашылығы жайлы айтылмайды. Дүниежүзілік банк жасаған рейтингке қарасақ, бірінші орында құс өсіру тұр. Өйткені ол тез өседі әрі өнімділігі жоғары. Осындай себептермен екінші орында шошқа өсірудің пайдалы екені айтылады. Одан кейін қой және жылқы тұр. Ал ірі қара мал тізімнің ең соңында. Неге екенін білмеймін, 2011 жылдан бері ең нәтижесіз салаға басымдық беріле бастады", – деп ерекше айтты қауымдастық басшысы.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті жөніндегі сарапшы Гүзел Сағынтаеваның айтуынша, елге келетін қаражаттың бір бөлігін ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын жетілдіруге жұмсаған жөн.
"Нарық заңдылығына бағынамыз. Фермерлер өнімін нарыққа қарап өндіреді. Еліміздегі ең үлкен мәселе – зертханалардың болмауы. Біз өндіретін өніміміздің сапасын білмейміз. Шынымен де қазақ малының еті органикалық ет пе? Өнімді экспортқа шығарсақ, бәсекеге төтеп бере ала ма? Жауабын білмейміз. Өйткені бізде бірде-бір мемлекеттік зертхана жоқ. Келетін қаражат инфрақұрылымға жұмсалса, мен қолдар едім. Егер жақсы инфрақұрылым болса, білімін жетілдірсе, фермерлер инвестиция мәселесін өздері де шеше алады. Үкімет фермерлердің бизнесіне араласпауы керек", – деді Гүзел Сағынтаева.
Нұржан Көшкін