Қазақстанның батысындағы хабтың қожайыны ресейліктер болады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
21463

Бүгін елордада құны 9 миллиард доллардай тұратын келісімшарттарға қол қойылды.

Қазақстанның батысындағы хабтың қожайыны ресейліктер болады

Астанада осымен үшінші жыл қатарынан жаһандық инвестициялар форумы – "Kazakhstan Global Investment Roundtable" өтті. Бұған дейінгі екеуіне Премьер болып тұрған тұста Бақытжан Сағынтаев басшылық етсе, бұл жолғы инвесторлар форумының хедлайнері Үкімет басшысы Асқар Мамин болып, бар назарын өзіне тартты.

Аспанмен бой таластырған Talan Towers заңғар ғимаратының алдында бүгін кілең қымбат көліктерден тұратын кептеліс пайда болды.Себебі осындағы The Ritz-Carlton Astana қонақүйінде ұйымдастырылған қалталылар басқосуына 41 елден 600-ден астам инвестор жиылыпты. Ірілері қатарында "Cisco", "Nokia", "CITIC Bank Corporation", "WILO SE Group", "AGCO Corporation", "Valmont Industries", "Tyson Foods", "Yildirim Group" және тағы басқа ірі компаниялардың топ-менеджерлерін айтуға болады.

Олар алдында сөз сөйлеген Үкімет басшысы тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасына 300 млрд доллардан астам инвестициялар құйылғанын хабарлады. Ол өзінің жаңа лауазымға – омбудсмен болып бекітілгенін мәлімдеді. Бұған дейін ол қызметті инвестициялар және даму министрі атқарған.

"Бүгінде еліміз шетелдік инвесторлар үшін ауқымды мүмкіндіктерді ұсынады. Экономикамыз үшін инвестициялардың маңыздылығын түсіне отырып, біз шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі үйлестіру кеңесін құрдық. Инвестициялық омбудсменнің міндеттері қазір тікелей маған жүктеліп отыр. Әрине, бұл сіз бен бізге инвестициялық қызмет барысында туындайтын мәселелерді жылдам шешуге және инвесторлармен тиімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді", – деді Асқар Мамин.

Іс-шара қорытындысында қатысушы инвесторлар отандық және шетелдік журналистер мен фотографтар алдында кезекпен-кезек арнайы үстелге отырып, жалпы құны 8,9 млрд АҚШ долларын құрайтын 45 коммерциялық келісімге қол қойып шықты.

Нақтырақ тоқталсақ, газ-химия саласында Маңғыстау облысының әкімдігі мен сингапурлық "Westgasoil" компаниясы метанол және олефиндерді өндіру бойынша жобаны жүзеге асыру жөнінде ынтымақтастық туралы келісім бекітті. Жобаның жүзеге асырылуы химия өнімдерінің өндірісін Маңғыстау өңірінде шоғырландыруды және тұтастай алғанда, елдің газ-химия кешенін дамыту арқылы импорт алмастыруды қамтамасыз етеді.

Экспортты дамыту мақсатында Жамбыл облысының әкімдігі мен түркиялық "Yıldirim Holding" Жамбыл өңірінде сода өндіру зауытын салу туралы келісімге келді. Зауыттың жылдық қуаттылығы 400 мың тоннаны құрайды.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортауға бағытталған жылыжай кешендерін салу жобасы бойынша "Қазақ инвест" ұлттық компаниясы ресейлік инвесторы – "ЭКО-Культурамен" бірге тиісті келісімге қолтаңбаларын қалдырды.

Ал тамақ өнеркәсібінде Павлодар облысының әкімдігі мен қытайлық Beijing NAALE GROUP қант зауытын салу бойынша ынтымақтастыққа келді.

Бұдан өзге, дәл осы инвестор Алматы қаласының әкімдігімен келісімге келіп, Алматы қаласында алюминий өндіретін зауыт салуға ниет білдірді.

Көлік және логистика саласында түркиялық "YDA Holding" Түркістан облысының әкімдігімен бірге, осы өңірде халықаралық әуежай салу туралы келісімге қол қойды. Бұл – Қазақстан тарихындағы жаңадан бой көтеретін алғашқы әуежай болмақ. Астанадағы ЭКСПО үшін ашылған жаңа әуежай ескісінің жалғасы ретінде салынғаны мәлім. Ал "түркі жұртының бесігіндегі" жаңа халықаралық әуежай құрылысы "нөлден" басталады, яғни тақырдан тұрғызылады.

Көлік саласындағы тағы бір жобаны – Ақтөбе халықаралық әуежайы базасында логистикалық хабты құруды Ресей өз қолына алмақ. Бұл ретте, "Қазақ инвест" ұлттық компаниясы мен ресейлік "AEON" корпорациясы өзара меморандум жасасты.

Жатжұрттық бұл инвестор Ресейдің 14 өңірлік әуежайларында, соның ішінде Новосібір, Челябі, Волгоград, Томск, Астрахан, Чита, Түмен, Пермь, Мурманск, Кемерово, Минеральные Воды, Калининград, Улан-Удэ, Владикавказ секілді өңірлеріндегі әуежайлардың қожайыны болып табылады және олардың акцияларының бақылаушы пакетіне ие.

Оның еліміздегі жобасы енді Қазақстанның батысында қосымша авиациялық хабты құруға және "Еуропа-Азия" бағытындағы мультимодальды жүктер тасымалы үшін жаңа бағытты ашуға бағытталған. Жобаның Қазақстанға пайдасы – ол елімізді транзиттік дәліз ретінде нығайтуға мүмкіндік береді. Алайда хабтың қожайыны ресейліктер болмақ.

Тағы бір жаңалық, жақын арада астанада жаңа халықаралық мектептер желісі, колледж және білім беру кешені салынады. Осыған орай білім беру саласында еліміздің үш аймағы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында сингапурлық инвестор Kinder World "Білім метрополисін салу – мектеп, колледж, университет" жобасының жол картасына қол қойды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу