Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына есеп беруге дайын

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3051

Біздің ел БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары жөніндегі бағдарламасы аясындағы жұмыстарын биыл таныстырмақ.

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына есеп беруге дайын

ХІІ Астана экономикалық форумына қатысқан премьер-министр Асқар Мамин Қазақстанның БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын орындау туралы алғашқы ұлттық есебін биыл таныстыруға дайын екенін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың шілде айында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде кезекті саяси форум өтпек. Қазақстан алғашқы есебін осы жиында таныстырмақ.

"Бұл біздің алғашқы ерікті есебіміз болмақ. Онда тұрақтылық деңгейін қалай арттыруды жоспарлап отырғанымыз көрсетілген. Алғашқы ұлттық есеп өткен жылдың қараша айынан бастап әзірленді. Бұл  жұмыстармен Қазақстандағы тұрақты даму мақсаттарын орындау жөніндегі үйлестіру кеңесі айналысты", – деді Асқар Мамин.

Премьер-министр Қазақстан Үкіметі БҰҰ-ның өмір сапасын жақсарту, әлемдегі экологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешу бағытындағы бастамаларын толықтай қолдайтынын жеткізді.

"Халықаралық ұйымның тұрақты даму мақсаттары жөніндегі бағдарламасы 17 бағыттан тұрады. Оның бірнеше бағыты республиканың даму стратегиясымен үндесіп жатыр. Дәлірек айтсақ, индикаторлардың 50 пайыздан астамы денсаулық сақтау, әлеуметтік, білім беру салаларының даму стратегияларында және мемлекеттік жоспарда көрініс тапқан", – деді Премьер-министр.

Асқар Маминнің сөзінше, соңғы 20 жылда Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы көрсеткіші 1,1 мың долларға өсіп отыр. Ал мемлекетіміз адами капиталды дамыту көрсеткіші бойынша 189 елдің ішінде 58-орында тұр. Ел тұрғындарының 99,8 пайызы жоғары білім алуға қабілетті. Қазақстан әлемнің жаһандық индексінде 17-орынға тұрақтады. 

Айта кетейік, кеше, яғни 16 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында ХІІ Астана экономикалық форумы (АЭФ) жұмысын бастады. Форум алғаш рет 2008 жылы ұйымдастырылған болатын. АЭФ 11 жыл ішінде әлемдік экономика мен қаржы жүйесін жетілдіру, дамыту мәселелерін талқылайтын ең беделді халықаралық платформалардың біріне айналды.

Осы уақыт аралығында форумға әлемнің 150 елінен 50 мыңға жуық делегат, оның ішінде 20-дан аса Нобель сыйлығының лауреаты қатысқан. Шара аясында 20 млрд АҚШ долларынан астам сомаға 300-ден аса меморандум мен келісім жасалған.

Биылғы форумға әлемнің 74 елінен 5 мыңнан астам делегат қатысуда. Олардың қатарында экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты (2018) Пол Ромер, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард, бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты (2007) Рае Квон Чунг, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның атқарушы хатшысы Армида Алишахбана бар.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу