– Қазақстан жақсы қарқынмен даму үшін жаңа сайланатын Мемлекет басшысы не істеуі керек деп санайсыз?
– Билік жақсы болуының жалпыға ортақ, бірігей қағидалары бар. Мемлекет мейлі ірі, мейлі ұсақ болсын, оның экономикасы мықты болуы үшін қуатты фискалдық кіріс көздері болуға тиіс. Үкімет бюджетке түскен қаражаттың босқа талан-тараж болмай, тиімді шығындалуына қол жеткізуі керек. Сонымен қатар елде орнықты, сенімді банктер болуы, олар талаптарға жауап беруге тиіс. Ең басты өлшем шарттардың бірі – сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеу. Бұлардың барлығы – лайықты басқарудың міндетті шарттары.
– Әлемдік экономиканың беталысына қандай баға берер едіңіз? Жаһандық өркендеуге не жетпейді?
– Негізі, дамудың ақырындап қарқын алғаны маңызды. Әйтпесе, бірқатар экономикалардың жылдам өсіп, кейін қатты кері кетуі тарихта кездескен. Халық ондай күрт құбылуларды дағдарыс ретінде қабылдап, наразылығы күшейеді. Осы орайда ұлы ақын Абайдың: "Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға" деген даналығын барлық экономистер бір қағида ретінде қабылдағаны абзал. Мен де осы идеяны ауық-ауық басшылыққа алам. Жылдамдаған дұрыс, бірақ біздің бәріміз де бұл ретте анық басуымыз керек.
Өкінішке қарай, әлемдік экономиканың өсіміне үңілгенде байқайтыным, біраз елдер шынында ақырын жүреді, алайда оларда жылдамдау да, анық басу да жоқ. Кейінгі 2 жылда жаһандық экономикалардың 75 пайызы қарқын алған болатын, дегенмен анық баспауы салдарынан, 2019 жылы жаһандық жалпы ішкі өнімнің 70 пайызы баяулауда. Әрине, жаппай жайлаған рецессия туралы айтуға ерте. Бірақ өткен жылмен салыстырғанда, әлемдік экономиканың бәсеңдегені анық: былтырғы 3,6 пайыздан қазір 3,3 пайызға дейін төмендеді. Біз бұл көрсеткіш келесі жылы қайтадан 3,6 пайызға көтеріледі деген үміттеміз.
Дүниежүзілік ахуалда алаңдатарлық мәселелер жеткілікті. Олардың арасында, әсіресе, ірі ойыншылар, бірінші кезекте АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес халықаралық жағдайға кері әсер етіп тұр. Біз бұл шиеленістің күші алдағы алты айда әлсірейді деп күтудеміз. Бұған Қазақстанның арағайындығы да ықпал етуі ғажап емес. Бүгінгі АЭФ пленарлық отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ пен Қытайға осы қақтығысты бірге отырып, шешуге алаң ұсынғаны белгілі. Қазақстанның әр саладағы бітімгершілікте белгілі бір тәжірибесі мен рөлі бар.
Әлемнің бұл аймағы жаһандық экономикаға онсыз да игі әсерін тигізуде. Мәселен, Орталық Азия мен Кавказ елдерінде экономиканың даму көрсеткіші жаһандық көрсеткіштен (3,3 пайыз) әлдеқайда жоғары. Қазақстан ЖІӨ-сі жыл басынан бері 4 пайызға өскен екен. Бұл аймақта өсім қарқыны 4,1 пайыз болады деп күтілуде.
– Қазақстанға дамыған елдер қатарына қосылуы үшін қандай ұсыным бере аласыз?
– Қазақстан алдынан бұл бағытта көптеген сын-тегеуріндер шығады. Мемлекет соларға жауап бере білуі қажет. Биліктің ішкі саясаты күрт қимылдар мен шалт бетбұрыстарсыз, сарабдал болғаны жөн. Ел экономикасы жалғыз шикізатқа тәуелді бола бермей, әртараптандыруға баса мән берілгені маңызды. Сондай-ақ экономика шағын болғандықтан, белсенді халықаралық ынтымақтастыққа бастамашылық еткен абзал. Ең бастысы, инклюзивті және орнықты өсім керек.
Осы орайда әйелдердің, жастардың, аз қамтылған топтардың, әсіресе, ауылдық тұрғындардың өз әлеуеттерін жүзеге асыруына мүмкіндік беру елдегі әл-ауқаттың артуына септеседі. Бұл болашаққа деген сенімді барлық қабаттарда күшейтуге жол ашады.
– Халықаралық валюта қоры Қазақстанмен ынтымақтастығын қай бағыттарда өрістетеді?
– Біздің ойымызша, салық және бюджет саясаты – "мемлекеттік борыштың өсуін бөгеу" мен "денсаулық сақтау, білім беру, инфрақұрылым салаларындағы көкейкесті бастамаларды жүзеге асыру" арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге тиіс. Бұл салалардың бәрінде өнімділікті арттыру әлеуеті жатыр. Сондықтан ХВҚ техникалық көмек және әлеуетті дамыту бағдарламалары көмегімен өңір мемлекеттерін қолдауын жалғастыра беретін болады. Атап айтқанда, біз осы өңірде "Оқу орталығын" құруды ұсынамыз.
Бұдан бөлек, өңірдегі коррупцияға қарсы тұру проблемаларын шешу қажет деп санаймыз. Сонымен бірге, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы сенімді нығайту үшін қолайлы жағдайлар қалыптасуда. Құқықтық-экономикалық кедергілер жойылса, мемлекеттік шешімдер қабылдау деңгейлерінде жастар мен әйелдер де өз позицияларын күшейте алады. Мысалы, Қазақстанда Үкімет пен жеке бизнестің күш салуы арқасында әйелдердің экономикаға араласуы кей салада 65 пайыздан асады. Бұл – аймақтағы ең жоғарғы көрсеткіш және өзге мемлекеттер үшін эталон.
Тағы бір түйткіл, елдегі қаржылық сектор сенімді, ал оның қызметтері жалпыға бірдей қолжетімді болуға тиіс. Өйткені Орталық Азияда ересек азаматтардың небәрі 45 пайызы ғана банктік есепшотқа ие. Бұл нарығы енді қалыптасып жатқан өзге мемлекеттерден орташа алғанда 20 пайыздайға төмен. Бұл – өңірде іске жаратылмаған, ғаламат әлеует барлығын куәландырады. Оның үстіне бұл ресурс экономикалық тұрақты сипатта болып келеді және әртараптандыруды қамтамасыз ете алады. Егер Орталық Азия заманауи қаржылық технологияларды жете пайдалана алса, онда оның жағдайы елеулі түрде жақсарады.
Жанат Ардақ