Елордада ХІІ Астана экономикалық форумы басталды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3390

2008 жылдан бері форумға әлемнің 150 елінен 50 мыңға жуық делегат, оның ішінде 20-дан аса Нобель сыйлығының лауреаты қатысқан.

Елордада ХІІ Астана экономикалық форумы басталды Фото: Серікжан Қобыланбаев

ХІІ Астана экономикалық форумы (АЭФ) жұмысын бастады. Форум алғаш рет 2008 жылы ұйымдастырылған болатын. АЭФ 11 жыл ішінде әлемдік экономика мен қаржы жүйесін жетілдіру, дамыту мәселелерін талқылайтын ең беделді халықаралық платформалардың біріне айналды.

Осы уақыт аралығында форумға әлемнің 150 елінен 50 мыңға жуық делегат, оның ішінде 20-дан аса Нобель сыйлығының лауреаты қатысқан. Шара аясында 20 млрд АҚШ долларынан астам сомаға 300-ден аса меморандум мен келісім жасалған.

Биылғы форумға әлемнің 74 елінен 5 мыңнан астам делегат қатысуда. Олардың қатарында экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты (2018) Пол Ромер, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард, бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты (2007) Рае Квон Чунг, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның атқарушы хатшысы Армида Алишахбана бар.

Форум тарихында алғаш рет студенттер мен жастар іс-шараға тегін қатысуға мүмкіндік алып отыр. Олар үшін арнайы формат – AEFTalks әзірленген. Онда Нобель сыйлығының лауреаттарымен және саяси қайраткерлермен ашық дәрістер мен кездесулер ұйымдастырылмақ.

Сонымен қатар, биылғы форум аясында елімізде бұрын соңды өткізілмеген жаңа форматтағы іс-шаралар жоспарланған. Атап айтқанда, алғаш рет қаржы министрлері мен мемлекеттердің орталық банктерінің басқарушылары үшін Халықаралық Валюта Қорының қатысуымен дөңгелек үстел өткізіледі.

Еске сала кетейік, ХІІ Астана экономикалық форумының тақырыбы – "Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар".

Кристин Лагардтың айтуынша, Астана экономикалық форумы сияқты іс-шаралар өңірлік ынтымақтастыққа арналған платформа болып табылады.

"АЭФ сияқты форумдар жаһандық мәселелерді талқылауда маңызды рөл атқарады. Мұндай шаралар креативті шешімдер ұсынады және өзгерістер енгізеді", – дейді 2016 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, 2010-2018 жылдардағы Колумбия президенті Хуан Мануэль Сантос Кальдерон.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Армида Алишахбана Астана экономикалық форумы халықаралық деңгейдегі көшбасшылардың басын қосатын маңызды платформалардың біріне айналғанын атап өтті.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу