Әлемдегі 370 млн адам мамандығын ауыстыруға мәжбүр болады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2787

Нұрсұлтан Назарбаев жақын болашақта әлемнің қалай өзгеретіні туралы көзқарасымен бөлісті.  

Әлемдегі 370 млн адам мамандығын ауыстыруға мәжбүр болады    Фото: akorda.kz

ХІІ Астана экономикалық форумының ашылу салтанатына қатысқан Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақын болашақта әлемнің қалай өзгеретіні туралы айтып берді. Оның айтуынша, бұдан былай халық саны экономиканың өсіміне анау айтқандай әсер етпейтін болады. Бұл ретте, еңбек өнімділігі экономиканың негізгі драйверіне айналмақ.

"Соңғы 50 жылда дамыған елдердің жалпы ішкі өнімінің жыл сайынғы өсімінің тек үштен бірі ғана халықтың табиғи өсімі есебінен алынып отыр. Ал қалғаны еңбек өнімділігінің есебінен қамтамасыз етілуде. Бұл ретте, әлемдік сарапшылар еңбек өнімділігіне ден қойған елдер алдағы жүз жылдықта бәсекеге қабілетті болады деген сенімде. Алдағы он жылдықтан бастап еңбек өнімділігінің өсімі жылына кем дегенде 2 пайызды құрайтын болады. Оның шамамен 60 пайызы цифрлық технологиялар арқылы қамтамасыз етілмек", – деді Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы атап өткендей, бүгінде адами капиталға деген талап күшейіп, білім беру процесі жаңарып келеді. Осы орайда мобильді, креативті адам капиталы экономиканың негізгі аспектісіне айналып отыр.

"Дәл осы қасиеттер мемлекеттер арасындағы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім деңгейінің 10-30 пайызға дейінгі айырмашылығын қамтамасыз етуде. Технологиялардың қолжетімділігі нәтижесінде әлемдік экономикадағы жұмыс уақытының тең жартысы автоматтандырылды. Осыған байланысты 2030 жылға қарай әлем бойынша 370 млн адам қайта оқытудан өтіп, мамандығын ауыстыруға мәжбүр болады. Бұл көрсеткіш жаһандық жұмыс күшінің 14 пайызын құрайды", – дейді Қазақстанның Тұңғыш президенті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінше, жаңа технологиялардың енуімен кейбір мамандықтар жойылып, жаңа мамандықтар пайда болмақ.

"Табыс деңгейі төмен және орташа елдердің өзінде көптеген адамдар 30 жыл бұрын біз естіп-білмеген жаңа мамандықтар бойынша жұмыс істеп жүр", – деп нақтылады Елбасы.

Тұңғыш президенттің пікірінше, бір қарағанда әлемдік экономиканың дамуы тұрақты болып көрінгенімен, оның астарында күрделі, өткір мәселелер жатыр.

"Биыл әлемдік экономиканың даму қарқыны бұған дейін жасалған болжамнан, яғни 3,9 пайыздан 3,6 пайызға дейін төмендеп отыр. Ал Халықаралық валюта қоры экономиканың даму қарқыны одан ары, 3,3 пайызға дейін төмендейді деп болжам жасауда. Біз қазір АҚШ пен Қытай, Еуропа арасындағы сауда шиеленістеріне куә болып отырмыз. Сондай-ақ АҚШ пен Ресей арасындағы санкциялық текетірестерді де байқап отырмыз. Бұған ядролық қауіпсіздік пен қару-жарақ саласындағы халықаралық келісімдердің бұзылуын қосыңыз. Қару-жарақ тартыстары ешкімге жақсылық әкелмесі анық", – деді Елбасы.

Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік державалардың көшбасшыларын тиімсіз санкциялар режимінен тікелей диалогқа көшу маңызды екенін еске салды.

"АҚШ, Ресей, Қытай, Еуроодақ өкілдері арасында қалыптасқан геосаяси дағдарыстан шығу жолын талқылайтын уақыт келді. Қазақстан мұндай келіссөздер үшін тиімді алаң бола алады. Мен бұл жайында аталған мемлекеттердің көшбасшыларымен әңгімелестім", – деді Қазақстанның Тұңғыш президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономика 07-08 пайыздық өсімді жоғалтатын болады дейді. Міне, осы аралықта әлем жаһандық әлеуметтік-экономикалық және технологиялық трансформация кезеңіне аяқ басады. Бұл барлық мемлекеттерге жаңа сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктерді ала келмек. Тұңғыш президенттің сөзінше, бұл кезеңде қалаларға басымдық берілмек.

"Экономикалық өсім бағытында қалалардың алар орны ерекше. Бүгінде 4 миллиардтан астам адам немесе әлем халқының 55 пайызы қалаларда тұрып жатыр. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы ұлғаймақ. Осылайша, әлемдегі 10 адамның жетеуі қалада тұратын болады. Қазір инвестициялар мемлекеттерге емес, қалаларға тартылуда", – деді Елбасы.

Бұл ретте, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан да әлемдік трендтіғың анымен дамып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, ел халқының дені қалаға қоныс аударуда.

"Астана 1 миллион 200 мың халқы бар қалаға айналды. Еліміздің ең ірі қаласы – Алматы. Алматының халқы 2 миллионнан асты. Былтыр халқының саны 1 миллионды құрайтын қалалардың қатарына Шымкент қосылды. Тағы екі қаланы осы деңгейге жеткізетін боламыз. Олар – Ақтөбе мен Қарағанды. Қалалардың дамуы Қазақстанның әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етпек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу