Үкімет салықты триллиондап арттыру көзін тапты

2804

Мемлекет кәсіпкерлерден жиналатын салық алда тағы төрт триллион теңгеге ұлғаяды деп күтуде.

Үкімет салықты триллиондап арттыру көзін тапты Фото: Мария Матвиенко

Бұл туралы Астана экономикалық форумының бүгінгі екінші күнінің пленарлық отырысында үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев хабарлады.

Өз сөзінде ол отырғандарды қайран қалдырған бір байламын жария етті:

"Қазіргі алмағайып заманда үкіметтер жылдам, әрі икемді болулары керек. Әйтпесе, ерте ме, кеш пе, кез келген үкімет өзге үкіметті жеп қояды. Демек, Қазақстанда дәл қазір іс басында отырған үкімет өте әбжіл және икемді болуға тиіс, бұл ел басшылығы біздің алдымызға қойып отырған ауқымды міндеттерді шеше алуы үшін қажет", – деген премьер шабан шенеуніктермен стратегиялық асуларды алу беймүмкін іс екендігін жеткізді.

Өз сөзінде ол қандай міндеттерді басты деп санайтынын айтты.

"Біз үкіметте, өз жұмысымызда Елбасы қойған міндеттерді, көзқарастарды басшылыққа аламыз. Мемлекет басшысы кеше АЭФ аясында технологиялық революция дәуіріндегі Қазақстанның миссиясын, әлем дамуының 5 мегатрендін айқындап берді. Жалпы, Қазақстан президенті белгілейтін стратегиялық бағдарлар мен бастамалар төтенше амбициозды, ғаламат болып келеді, сонымен бірге олардың межесі нақты, тетігі түсінікті", – деп ел басшылығының нені қалайтынын ұғынатынын білдірді Бақытжан Сағынтаев.

Сөзін әрі сабақтаған ол ең басты меже 2050 жылға дейін мемлекетімізді дамыған елдер қатарына қосу болып табылатынын қатысушыларға хабарлады. Премьердің айтуынша, Қазақстан қазір әлемдегі ең ірі елу экономиканың қатарына кіреді. Енді "осы елуліктен отыздыққа қарайғы жолды жүріп өту керек".

"Осы мақсатта еліміз Үшінші жаңғыруды бастан өткеруде. Біз экономикалық өсудің жаңа моделі керектігін, сапалық өсімге көшу қажеттігін түсінеміз. Және бұл көшу Төртінші технологиялық төңкеріс жағдайында жүреді. Яғни, ел экономикасы, өндіріс сонымен қатар технологиялық тұрғыдан да трансформациялануы шарт", – деді премьер.

Үкімет басшысының айтуынша, дәл осылар "үкімет өз жұмысында басты назарға алатын стратегиялық міндеттердің жоғарғы деңгейі ретінде қойылған".

Ол әлемнің әр түкпірінен келген шетелдік меймандарды қазақ еліне жіті көңіл аударуға үндеді, себебі дәл біздің ел әлемге өнеге-тағылым бола алар өркендеудің жаңа тәжірибесін бастап отыр.

"Технологиялық, экономикалық жаңғырумен бір мезгілде Қазақстан рухани жаңғырады. Әйтпесе, адами капиталды кешенді түрде дамытпай, қоғамдық сананы жаңғыртпай, елдің лайықты модернизациялануы да мүмкін емес. Бұл мүлдем жаңа даму стратегиясы болып табылады. Оны біздің елбасы ілгерілетуде. Бұдан бөлек, Қазақстан президенті тапсырмасы бойынша бес әлеуметтік бастаманы қолға алып, әлеуметтік қолдаудың жаңа сатысына шығудамыз", – деді Бақытжан Әбдірұлы.   

Үкімет жетекшісі елімізде реформалар жүретінін мәлім етті, оның барысында экономикада құрылымды өзгерулер жүреді екен.

Сонымен бірге ол жүргізіліп жатқан жекешелендіру науқанына тоқтала келе, кейбір ірі ұлттық компаниялар жекенің қолына көшетіні жөнінде құлағдар етті.

"Біз қазір жекешелендірудің екінші толқынын жүзеге асырудамыз. 800-ден астам мемлекеттік компания саудаға қойылды. Барлығы жоспар бойынша жүруде. Әрине, бұған қатысқысы келетін инвесторларды, бизнесмендерді әсіресе, "Top-65" тізіміне кіретін ірі компаниялар қызықтырса керек. Оларды жекешелдендіру рәсімі басталып кетті. Соның аясында 9 ұлттық әрі стратегиялық компания ІРО аясында жекешелендіріледі. Биылғы жылы біз мұны "Эйр Астана", "Қазатомөнеркәсіп", "Қазақтелеком"-нан бастамақпыз", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Ол мемлекеттің бизнесті қатаң қадағалап, реттеу тәжірибесінен кететінін білдірді. Бұл бағытта соңғы 4 жыл ішінде реформалардың 6 топтама-пакеті жүзеге асырылған екен.

"Бұл бізге жылдам қозғалуға, өз экономикамызды қайта құруға мүмкіндік береді. Осы орайда біз өткен жылы жаңа салық кодексін қабылдадық, ол құжат биылғы жылдың басынан күшіне енді. Сондай-ақ елімізде салықтық реформа жүргізілді. Бұл реформалар инвестициялық өсімнің жаңа көздерін іздеуге бағытталған. Осы өзгерістердің арқасында біз 2025 жылға қарай қосымша шамамен 4 триллион теңге салық жинауды жоспарлап отырмыз" – деді үкімет басшысы.

АЭФ пленарлық отырысында сөз сөйлеген KAZ Minerals директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук Қазақстан тек үлгілерімен ғана емес, сондай-ақ жаңа технологияларымен де мақтана алатынын мәлімдеді.

"Озық технологиялар қазірден-ақ Қазақстанда бар, оларды өзге елдерде де қолдануға болады. Осыдан 20 жыл бұрын, ел жаңа ғана тәуелсіздік алған тұста отандық тау-кен индустриясы мысалы, 60 мың жұмысшының еңбегін пайдалана отырып, 40 миллион тонна руда шығаратын. Қазіргі кезде бізде сол 40 миллион тонна руданы небары 1,5 мың жұмысшының күшімен-ақ өндіретін кеніш тұрғызылды. Яғни, 20 жылда еңбек өнімділігі 20 есеге артты. Әрине, осыған орай көптеген адамдар бұған дейін өндірісте жұмыс жасаған мыңдаған жұмысшылардың және олардың отбасыларының тағдырына алаңдайды. Жаңа, заманауи жұмыс орындары да ашылады, олар жаңа білімі бар, жаңа технологиялармен жұмыс жасай алатын кадрларды қажет етеді", – деді компания басшысы.

Ол мысал ретінде KAZ Minerals кәсіпорнында шөмішінің көлемі жақсы бір театр сахнасының жартысына жететін экскаваторлар жұмыс жасайтынын алға тартты.

"Бұған қоса, бір өзі бүкіл сахнаны алып кететін алып жүк көліктері қызмет етеді. Бұл техникалардың барлығы компьютерлендірілген, басқару орталығы арқылы басқарылады. Мәселен, экскаватор шөміші кеңауқымды қазбас бұрын жерге тістерін кірш қадай қарпып, тоқтайды. Шөмішке руда түскенде, онда орналасқан химиялық анализаторлар ол руданың құрамын анықтап береді. Бұл сигнал интернет арқылы байыту фабрикасының диспетчерлік орталығына бағытталады. Фабрикада ол руданы өңдеу үшін қажетті химиялық режим автоматты түрде орнатылады. Диспетчерлік орында бірнеше адам ғана отырады. Олар жүк көліктерінің компьютерлеріне сигнал жіберіп, келесі рейс қай жаққа жасалуға тиістігін көрсетеді", – деді Олег Новачук.

Оның дерегінше, озық отандық кеніштердегі инновация мұнымен бітпейді. Айталық, алып жүк көліктерінің шинасына датчиктер ендірілген екен. Олар дөңгелектердің ахуалын, олардың тағы қанша жол жүре алатынын анықтайды.

"Біз ол шиналарды француздық MICHELIN компаниясынан сатып аламыз. Оның орталық кеңсесі осы деректерді ұдайы түрде алып отырады. Осылайша, жүк көліктеріне жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізеді. Біз Аустралияны, Чилиді, АҚШ-ты, Канаданы, Оңтүстік Африка республикасын аралап, әлемдегі ең үздік, заманауи кәсіпорындарды қарадық. Орташа алғанда, бір ауысымда 2 мыңдай адам қызмет етеді екен. Ал қазақстандық дәл сондай озық фабрикаға бір ауысымда бар-жоғы 70 адам қызмет көрсетеді. Және бұл қызметкерлердің 90 пайызы отандық мамандар. Яғни, технология трансфертімен іс бітпейді, ең бастысы, онымен лайықты жұмыс жасай алатын білікті кадрлар қажет", – деп түйді директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук.

Осы тұста пікір білдірген үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жаңа технологияларды ендіру, роботтандыру, автоматтандыру және цифрландыру бизнестің мойнында екенін айтты. Ал соның нәтижесінде жұмыс күшінің босайтынына бизнесмендер бас қатырмаса да болатынын айтты. Бұл мәселемен мемлекет айналыспақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу