Қазақстанда экоқала салуға болады – Нобель сыйлығының иегері

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
12014

Елімізде өндірілген энергияны Қытай мен Оңтүстік Кореяға сатуға мүмкіндік бар.

Қазақстанда экоқала салуға болады – Нобель сыйлығының иегері

ХІІ Астана экономикалық форумына қатысып жатқан Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг Қазақстанның жаңартылған энергия саласындағы мүмкіндігін жоғары бағалады. Оның сөзінше, біздің елде өндірілген жел және күн энергиясын Азия мен Еуропаға экспорттауға болады.

"Қазақстанның "жасыл экономика" бағытындағы қадамдары көңіл қуантады. Өз басым бұл елдің ұсынып отырған "жасыл жобаларын" толықтай қолдаймын. Бұл ретте, Қазақстанның күн мен жел энергиясын, сондай-ақ "жасыл энергияны" экспорттайтын ел атана алады. Бұған қазақ елінің жер көлемінің кеңдігі мүмкіндік беріп отыр", – деді Нобель сыйлығының лауреаты.

Мәртебелі мейманның айтуынша, Қазақстан өндірілген энергияны Оңтүстік Кореяға, Қытайға және Еуропа елдеріне экспорттай алады.

"Жалпы, бұл бағытта Жібек жолы бойындағы елдермен берік байланыс орнатуға болады. Қазақстан жоқ дегенде жаңартылған энергия көздерін де экспорттауға қауқарлы. Мәселен, Оңтүстік Кореяға жел мен күн энергиясы қажет. Бұл елдің жер көлемі кішкентай. Сондықтан олардың мүмкіндіктері де төмен", – дейді Рае Квон Чунг.

Оның сөзінше, Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда экоқала салуға болады. Бұл ретте, Рае Квон Чунг Қазақстанды Еуропа тәжірибесін негізге алуға шақырды.

"Әлемде экоқалалар өте көп. Жалпы, мұндай қалаларды екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – америкалық, екіншісі – еуропалық. Қазақстан Еуропа тәжірибесін назарға алуы керек деп ойлаймын. Өйткені, Еуропадағы экоқалалар жинақы орналасқан. Олардың тиімділігі де жоғары. Нақтырақ айтсам, Қазақстанға Гонконг, Лос-Анджелес қалаларына назар аударуды ұсынар едім", – деді Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг.

Еске сала кетейік, Қазақстан 2030 жылға қарай елдің жалпы энергобалансындағы энергияның 10 пайызын жаңартылған энергия есебінен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. "Жасыл экономиканы қолдау мен G-Global-ды дамыту коалициясының" төрайымы Салтанат Рахымбекованың айтуынша, Қазақстан аталған міндетті еңсеруге мықтап кірісті.

"Былтырдан бастап жаңартылған энергия көздерін игеру бойынша аукциондар ұйымдастырыла бастады. Өткен жылы екі аукцион өтті. Жалпы, былтыр 1 гигаватт 900 мегаватт энергия аукционға шығарылды. Бүгінде елімізде 600 мегаватт энергия өндіретін жел станциясын, 300 мегаватт энергия өндіретін күн станциясын және 100 мегаватт энергия өндіретін гидростанция салу бойынша жұмыстар басталды. Биыл 800 мегаватт энергия аукционға шығарылады", – деді Салтанат Рахымбекова ХІІ Астана экономикалық форумы аясында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу