"Жасыл экономика" жергілікті әкімдіктерге сенеді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
5365

Қоршаған ортаны қорғауға инвестиция тартуда Ақмола (24,6 млрд теңге), Атырау (7,8 млрд) және Жамбыл облыстарының (7,1 млрд) көрсеткіштері біршама жоғары.

"Жасыл экономика" жергілікті әкімдіктерге сенеді

Қазақстан ЕЫДҰ-мен бірлесе отырып мемлекеттік "жасыл" инвестиция бағдарламасын дайындады. Бағдарламаның алғашқы пилоттық жобасы "Экологиялық таза қоғамдық көлік" деп аталады. Жобаның бірінші кезеңі Шымкент пен Қостанай қалаларында іске асырылмақ. Атап айтқанда, қос қаладағы 300 ескі автобус қоршаған ортаға зиянсыз жанармаймен жүретін жаңа көліктерге ауыстырылғалы отыр. Инвестицияның жалпы көлемі – 29 млн доллар.

Екінші кеңейтілген кезеңде өзге де қалалардағы 2,8 мың қоғамдық көлік ауыстырылады. Бұл кезең ішінде қарастырылған инвестицияның көлемі 276 млн долларды құрайды. Соның 136 млн долларын мемлекет бөлмекші.

Алдағы екі жылда Қазақстанда күн және биогаз батареялары пайда болып, жалпы қуаты 20 МВт болатын 4 ГЭС салынбақ. Жобаларды қаржыландыру үшін ұйымдастырылған саудаға БАӘ, Болгария, Қазақстан, Қытай, Ресей, Түркиядан 53 компания қатысып, 15 компания алдағы 15 жылға келісімшартқа отырады. 

2017 жылдың қорытындысы бойынша, былтыр Қазақстанда "жасыл экономикаға" 34,5 млрд теңге инвестиция құйылған. Соның ішінде 18,9 млрд теңге (54,7%) жаңартылмалы қуат көздеріне, 15,6 млрд теңге (45,3%) энергияүнемдеуші технологиялар мен энерготиімділікті арттыруға бағытталыпты.

Қазір елде жаңартылатын қуат көздерінің 55 нысаны жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы қуаты 336 Мвт. 2014 жылы сәуірде Жамбыл облысында Орталық Азиядағы ең ірі – "Бурное" күн электр станциясының ашылғаны мәлім. Құны 123 млн долларды құрайтын жобаға 91 млн долларды халықаралық қаржы институттары берген.

Жергілікті атқарушы органдар AIX (Астана) биржасында экологиялық көлік, "таза" энергетика, қаланы "ақылды" жарықтандыру, табиғи ресурстарды сақтауға бағытталған қалалық жобаларға халықаралық капитал тарту мақсатында "жасыл" облигациялар шығара алады. 

2018 жылы өңірлік 16 әкімдік жалпы көлемі 110,9 млрд теңгенің мемлекеттік құнды қағаздарын шығарды. Айта кетейік, бір жыл бұрын көрсеткіш 94,8 млрд теңге болған еді. Бұл тұрғыда Шымкент қаласы 18,6 млрд теңгемен көш бастап тұр. Сонымен қатар, Атырау облысы (11,9 млрд теңге) мен Астана қаласы (11,1 млрд теңге) да айтарлықтай ірі көлемде облигация шығарған. Аталған үш әкімдіктің облигациялары жалпы республикалық көрсеткіштің 37,6%-ын құрайды.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу