"Қазақстан жасыл экономика үшін институционалдық база қалыптастырды. Алда бізді ауқымды жобалар күтіп тұр. Биыл алғаш рет Нью-Йорк қаласында БҰҰ-ның даму жөніндегі бағдарламасы аясында экологияның өзекті мәселелеріне қатысты ерікті түрде ұлттық есеп береміз", – деді "Астана" халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) өткен халықаралық семинарда ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Жүнісбекова.
Оның сөзінше, Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында жасыл экономикаға ерекше басымдық берілген.
"Біздің ел алдағы уақытта баламалы қуат көздерінің үлесін 50%-ға жеткізіп, энергия шығынын 50%-ға қысқартуды, осы арқылы жасыл сектордағы жұмыс орындарының санын 500 мыңға жеткізуді көздеп отыр", – деді министрдің орынбасары.
Қазақстанға жасыл энергия, жасыл технология, жасыл облигация, жасыл қаржы деген түсініктер мен ұғымдарды енгізуде АХҚО ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Бұл туралы АХҚО басқарушы директоры Айдар Қазыбаев баяндады.
"АХҚО жасыл экономика мен жасыл қаржыландыруға серпін беру мақсатында Қазақстандағы жасыл қаржы жүйесінің 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледі. Қазір AIX биржаcы арқылы жасыл облигацияларды қолданысқа енгізу үшін мемлекеттік органдармен бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатыр. Экологиялық жобаларды қолдай отырып, біз жасыл облигация, жасыл несие, жасыл сақтандыру сияқты қаржыландыру құралдарын дамытамыз. Елімізде жасыл облигация нарығын қалыптастыру үшін шағын және орта бизнеске, өндіріс орындары мен кәсіпорындарға және қаржы институттарына қолайлы жағдай жасаймыз", – деді басқарушы директор.
Семинарда Қытайдың жасыл қаржы жүйесін әзірлеуші, Қытай халық банкінің арнайы кеңесшісі, Қытайдың жасыл қаржы жөніндегі комитетінің төрағасы Д-р Ма Цзюнь пікір білдірді.
"Қазақстанда жасыл қаржының тиімді нарығын құру үшін қауіпсіз экожүйе қалыптастыру керек. Жасыл қаржының басқа қаржыдан ең басты айырмашылығы ол экологиялық жобаларға, қоршаған ортаны қорғауға жұмсалады", – деді шетел азаматы.
Қанат Махамбет