Латвияның "Golden Visa" бағдарламасы Қазақстанда енгізіледі

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3013

Үкімет көп реттік визаны инвестицияға айырбастамақ.

Латвияның "Golden Visa" бағдарламасы Қазақстанда енгізіледі

Дүниежүзінде бірқатар мемлекеттер ел экономикасына мол инвестиция құйған адамға тұрақты тұруға ықтиярхат беретіні, тіпті кейбірі азаматтықты да ұсынатыны мәлім.

Қазақстанда да мамандар елге қомақты қаржы әкелгендерге азаматтық бермегенімен, тұруға ықтиярхат ұсыну мәселесін пысықтап көріпті. Бірақ көші-қон жағынан күрделі түйткілдер туындауы ықтимал екенін аңғарып, бұл идеяны жылы жаба салыпты. Мәселен, сарапшылар байламынша, егер Қазақстан қаржы орнына тұрақты тұруға рұқсат етсе, қытайлықтар осы амалды пайдаланып, елімізді қаптап жайлап алады деген алаңдаушылық білдіреді.

Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 29-шы пленарлық отырысында берілген хаттамалық тапсырмаға сәйкес, "Астана" халықаралық қаржы орталығына, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Дубай халықаралық қаржы орталығының үлгісі бойынша "инвестициялық резиденттік" қағидатын енгізу мәселесін қарастыру жүктеліпті.

Айта кету керек, инвестициялық резиденттіктің өзі – еліміз үшін бұрын ешқашан болмаған жаңа құбылыс. Тиісінше, ол заңнамалық реттеуді талап етеді. Сондықтан ел Үкіметі "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа конституциялық заң жобасын жасап шықты.

Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, бұл құжат аталған саланы реттейді және онда "инвестициялық салықтық резиденттікті" елордадағы АХҚО-ның аясында іске қосу ұсынылады.

"Осы заң жобасының бастапқы тұжырымдамасында инвестицияларға айырбас ретінде жеңілдетілген шарттармен тұруға ықтиярхат беру болжанған болатын. Алайда оның көші-қон қырлары мен соған байланысты өрбуі ықтимал әлеуметтік наразылықты ескере отырып, бағдарламаны қайта әзірлеу туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде, енді жаңа заң жобасында АХҚО-ның инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасы енгізіледі", – деп түсіндіреді қаржы министрлігі құжат тұжырымдамасында.

Инвестициялық салықтық резиденттік (ИСР) бағдарламасына сәйкес, енді Қазақстан Үкіметі инвестиция көлемі мен инвестициялық құралдарды бекітеді. Міне, елімізге келіп, дәл сол белгіленетін сомада және басымдықты жобаларға инвестиция құйған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне Қазақстанға көп реттік кіру визасы берілетін болады.

Жасыратыны жоқ, қытай жағы көп жылдан бері қазақтардан визасыз режим енгізуді, елімізге еркін кіруге жол ашуды сұрап жүргені белгілі. Ұлттық қауіпсіздікті ойлап, мемлекет бұған үнсіз қарсыласып келеді. Бірақ мына жаңа тетік ҚХР-дың көптеген бай азаматына көп реттік визаға қол жеткізуге мүмкіндік бермей ме?

Бұған жауап ретінде конституциялық заң жобасы тұжырымдамасында: "Астана халықаралық қаржы орталығының ИСР бағдарламасы ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, мемлекеттік кіріс органдарымен және стратегиялық жоспарлау мен мемлекеттік инвестициялық саясат салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстанның уәкілетті мемлекеттік органдарымен келісуден кейін ғана орталықтың актісімен бекітілетіні" мәлімделген. Яғни, заң бойынша АХҚО бұл резиденттік пен көп реттік визаны өзі қалаған кім көрінгенге тарата алмайды. Әйткенмен, өмірде мұның қалай болатыны әзірге белгісіз.

Рас, алда Мәжіліске енгізілетін аталған заң жобасында "АХҚО әкімшілігінің өтініші бойынша беріп қойылған көп реттік визаны жою немесе мерзімін қысқарту" тетігі де қарастырылып отыр.

Әрине, осы қадамға бармас бұрын Үкімет шетелдік тәжірибені зерделеген екен. Сонда бұл тетікті негізінен қытайлар пайдаланатыны анықталыпты. Осы орайда арнайы жүргізілген талдау инвестициялық резиденттік нарығының, яғни, инвестордың белгілі бір инвестициялар көлеміне айырбас ретінде тұруға ықтиярхат алуы бағдарламалардың айтарлықтай өсу кезеңінен өтіп жатқанын көрсетіпті.

"Осы тұрғыдағы ең табысты елдер жыл сайын 2 мыңнан 3 мыңға дейін тұрақты тұруға рұқсат беріп, жиыны 500 миллионнан 1 миллиард долларға дейін жететін қаражат тартады. Мәселен, 2016 жылдың қорытындысы бойынша АҚШ-тың EB-5 визаларына өтінімдердің 70%-ы Қытай азаматтарынан келіп түскен. 2001-2010 жылдар аралығында Канаданың иммиграциялық визаларының жартысынан көбі Қытай азаматтарына берілген. 2009-2013 жылдар аралығында Аустралияның осыған ұқсас бағдарламасы аясында да ҚХР азаматтарының үлесі 60-70%-ды құраған", – деген мәлімет келтіріледі заң жобасының тұжырымдамасында.

Бірақ Қазақстан инвестиция тарту үшін осыған баруға мәжбүр. Өйткені әлемде инвестор үшін бәсеке-бақталастық бұрын болмаған дәрежеге жетті. Одан Қазақстан ұтылып жатыр. Себебі, инвесторлардың көбі дамушы нарықтарды тастап, дамыған елдерге кетуде.

Жыл сайын инвестицияларға айырбас ретінде резиденттік беретін елдер саны артып келеді, бұл осы нарықтағы бәсекелестікті күшейтеді және оны инвесторлар үшін барынша алуантүрлі етеді. Егер 1990 жылы осындай небары 5 бағдарлама болса, 2000 жылға қарай саны 19-ға дейін, ал 2010 жылға қарай – 43-ке өсті. Бүгінде әлемде 85-ке жуық бағдарлама жұмыс істейді. Бұл ретте, инвестициялық резиденттік нарығындағы сұраныстың 80%-ын бұрынғыдай ағылшын тілінде сөйлейтін елдер қанжығалауда: бағаларының қымбаттығына қарамастан инвесторлар арасында ең танымал елдер қатарында АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Гонконг бар.

"Бұл ретте, инвесторлардың ИСР бағдарламасын таңдаудағы негізгі айқындаушы фактор – экономикалық және саяси тұрақтылық, өмір сүру мен қоршаған ортаның сапасы, білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерінің сапасы, визасыз жүріп-тұру, әуе байланыстарының дамыған желісі болып саналады. Ұқсас бағдарламалары бар елдерге осы көрсеткіштер бойынша айтарлықтай есе жіберетіндіктен Қазақстан өз бағдарламасы бойынша табысқа жете алу үшін әлеуетті инвесторларға барынша тартымды шарттарды ұсынуы қажет. Іске асырылу жылдамдығы тұрғысынан бағдарламаға сұранысты арттырудың ең ұтымды әрі пәрменді тәсіл – салықтық ынталандыру және инвестор мен оның отбасының елде болуына қатысты ауыртпалық салатын талаптарды жою", – делінген Қаржы министрлігі ұсынған тұжырымдамада.

Тиісінше, қазақстандық ИСР-ды инвесторға тартымды ету үшін алда салықтық жеңілдіктер және басқа да қызықты ұсыныстар жасалмақ. Мәселен, еліміздің көп реттік визаны алу үшін сұралатын инвестиция көлемі аз болуы мүмкін. Бұл ретте Латвияның тәжірибесі алға тартылуда: онда "Golden Visa" бағдарламасы аясында "төменгі инвестициялық шекті мән" белгіленіпті – Рига үшін инвестордан небары 140 мың еуро, басқа өңірлері үшін бар-жоғы 70 мың еуро құю ғана талап етілетін көрінеді.

Ел Үкіметі осы бағдарламаны "мейлінше қысқа мерзімде іске қосуға" ұмтылып отырғанын білдірді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу