"Фермердің шығынынан кірісі үш есе көп"

8538

Сарапшы егін шаруашылығындағы мәселелерге тоқталды.  

"Фермердің шығынынан кірісі үш есе көп"

Елордада 15-ші халықаралық мамандандырылған ауылшаруашылық көрмесі өтуде. Көрмеде өсімдік өсіруші фермерлердің мүддесін қорғайтын "Қазақстан егіншілер одағы" атты жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің жаңа жетекшісі Виктор Аслановты кездестірдік. Ол inbusiness.kz-ке еліміздің егіншілік саласындағы өзекті мәселелері жайлы айтып берді.

"Біз фермерлердің адал ережеге сүйеніп, өнімін әділ бағаға сатуына, тиімді агробизнес жүргізуіне ықпал еткіміз келеді. Мысалы, біз арпаны азырақ егуге кеңес бердік. Алайда кейбір фермер "арпа, арпа" деп арпаны көп екті де, бағасы бидайдан да арзан болып қалды. Артық өнімді өткізе алмай қиналды. Тиімді агробизнес – фермерлердің өндіріс, агрономия және сауда-саттық жасау  саласында білімін жетілдіруі әрі алған білімін іс жүзінде пайдалануы. Ал әділ баға – аналитикалық деректерге сүйене отырып, тауардың қазіргі бағасы мен оның болашақтағы өзгеруінен хабардар болып отыруы", – деп түсіндірді Виктор Асланов.

Өсімдік өсіруші фермерлерге арналған ұсыныстар әлі де болса әзірлену үстінде екенін айтып өткен сарапшы, ауа райын болжауда қиындықтар бар екенін алға тартты.

"Өткен жылғы ұсынысты ауыл шаруашылығы маусымы басталардың алдында жасадық. Егер диқандар егінін аналитикалық есептерге сүйене отырып өсірер болса, табысы әр 100 гектардан 1000 долларға дейін молырақ болар еді. Биылғы жылға арналған ұсыныстар әзірленіп жатыр. Жалпы, кейбір адамдар биыл құрғақшылық болады десе, енді бірі қар көп жауғандықтан, егін мол шығады дейді. Ауа райы дәл болжанбай отыр. Сол себепті ауа райын болжауды да қолға алғалы жатырмыз. Өйткені біз қазір күз түгілі, басталып кеткен көктемнің қалай болатынын білмейміз", – деді ол.

Бірлестік басшысы қазіргі кездегі ауыл шаруашылығында қандай өнім сұранысқа ие екеніне де тоқталды.

"Бүгінгі күнгі зығыр трендте екені белгілі. Бес жыл бойы баға тұрақты тұрды да, соңғы бір жылда биржа тілімен айтқанда "скайрокет" болды, яғни баға "аспанға бір-ақ шықты". Зығыр бағасы бес жылдық максимумға жетті. Тоннасы 160 мың теңге көлемінде саудалануда. АҚШ ақшасымен есептесек, зығырдың  бір тоннасы 450 долларға дейін жетті. Кіріс пен табыс деген ұғым бар. Табыстылық яғни, рентабельдік жағына тереңірек үңілер болсақ, рапс, қыша немесе басқа бір өнім бірінші орынға шығуы әбден мүмкін. Жалпы, қатты бидайдың табыстылығы 200%-дан артық. Ал кірістілігі орташа алғанда – 300%. Демек, қатты бидай өсірген фермердің шығынынан кірісі үш есе көп. Сондай-ақ, біздің ел мақсары, зығыр өсіруден әлемдік көшбасшы. Мақсарыдан жақсы қаражат табуға болады. Бүгінгі көрмеде сабан өңдеу жөнінде іс-шара өтеді. Шарада ауыл шаруашылығы өнімінен қосымша табыс табу көздері сөз болады. Жалпы, ауыл шаруашылығында қосымша табыс табу көздері өте көп", – деді Виктор Асланов.

Бірлестік басшысы егін алқабы мөлшерін есептеген кезде статистикалық мәліметтердің дәл берілуі өте маңызды екенін айтты.

"Мынадай мәселе бар – есеп берген кезде кейбір шенеунік егін алқабының көлемін тым артық жазып қояды. Ондай әрекеттер нарықты бұзады. Шетелдіктер статистикалық мәліметтерімізге сенбейді. Біз өз нарығымызды өзіміз аяусыз бұздық. Дегенмен биыл статистика комитеті тамаша жұмыс істеп тұр. Мәліметтері біздің зерттеулердегі деректермен сәйкес келуде. Кімде қанша өнім бар екенін әлем білуі керек. Бұл – нарық заңы", – деп сөзін түіндеді ол.

Еске сала кетейік, елордада AgriTek/FarmTek Astana 2020 атты 15-ші халықаралық мамандандырылған ауылшаруашылық көрмесі өтуде. Көрмеде отандық және шетелдік компаниялар тракторлар, жүк машиналары тәрізді ауылшаруашылық техникаcын, бау-бақша жабдықтарын, мал өсіруде қажетті технологиялар мен инновациялық өнімдерін жұртшылық назарына ұсынып, тәжірибесімен бөлісуде.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу