"Тозығы жеткен техникаларды әлі пайдаланып жүрміз"

3046

Олардың айтуынша, елдегі ауыл шаруашылығы техникалары әбден тозған, жаңасын алуға қалталары көтермейді.  

"Тозығы жеткен техникаларды әлі пайдаланып жүрміз"

Қазақстандық шаруалар Үкіметтен утилизациялық алымды алып тастауды талап етті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алдымен Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағының басқарма төрағасы Қайрат Бисетаев бұрынғы Үкімет жіберген 3 қателікке тоқталды.

"Біріншіден, олар әділеттілік принципін бұзды. Фермерлердің есебінен машина жасау саласын дамытуға тырысты. Екіншіден, олар ұғымдарды алмастырып алған сияқты, яғни экологиялық зиянды қалдықтарға арналған утилизациялық алымды ауыл шаруашылығы техникаларын импорттау кезінде шектеу шарасы ретінде пайдаланды. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы машинасын жасайтын кейбір компанияларға  басымдық берді", – деді басқарма төрағасы.

Ұйымдастырушылар елордада өткен баспасөз мәслихатын амалдың жоғынан өткізгенін айтады. Себебі жаңа Үкіметтің утилизациялық алымға қатысты көзқарасы өзгеріссіз қалған. Сондықтан бірқатар ұйым: ет одағы, қой өсірушілер одағы, астық одағы, егістік өсірушілер одағы, фермерлер қауымдастығы және шаруа қожалықтарының басшылары аталған мәселеге қатысты өз пікірін мемлекетке ашық айтқысы келген.

Фермерлер Үкіметтен утилизациялық алымды алып тастауды сұрайды.

"Техника тозған"

"Өткен жылы ауыл шарашылығы техникасынан 30 млрд теңге утилизациялық алым алынды... Қазақстанда ауыл шаруашылығындағы техника паркі тозған... Мемлекет саладағы техникаларды жаңартуға жағдай жасағанның орнына кедергі жасап отыр. Болжамға сәйкес, өткен жылы жаңа техниканы жаңарту 20%-ға баяулады. Себебі олар қымбаттап кетті", – деді "Қазақстан ет одағының" бас директоры Мақсұт Бақтыбаев.

"Пайда табуға жағдай жасап отыр"

Оның пікірінше, мемлекет ауыл шаруашылығы машинасын жасаушыларға жағдай жасап отыр.

"Нарықта John Deere комбайны 150 млн теңге тұрады, утилизациялық алымның ставкасы – 20 млн теңге. Қазақстанда құрастырылатын комбайндар үшін утилизациялық алымның сомасы қайтарылады. Бірақ отандық комбайнды өндірушілер өнімнің бағасын автоматты түрде 20%-ға көтереді. Себебі олардың бәкелестері де бағаны өсіреді ғой. Салдарынан мега пайда табуға жағдай жасалуда. Олар (отандық техника жасаушылар – автор) қосылған құн салығынан (12%), баж салығынан (10%) босатылған. Демек мемлекет оларға автоматты түрде 40% пайда табуға жағдай жасап отыр. Мұндай қандай елде бар? Барлығымыз нарықтық экономикада өмір сүреміз ғой", – деді Мақсұт Бақтыбаев.

Ол соңғы 5 жылда фермерлер жиі пайдаланатын Беларус МТЗ тракторы 2,6 есе, комбайн 3 есе, ал Vector комбайны 2,5 есе қымбаттағанын атап өтті.

"Елде шағын кәсіпорындар жоқ сияқты"

Мақсұт Бақтыбаев машина жасау саласына жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қарапайым шаруалардың мүддесін емес, ірі кәсіпорындардың ығына жығылып отыр деген пікірде.

"...Министрлік нақты іспен шұғылданып, ауыл шаруашылығы саласындағы қосалқы бөлшектердің орнын толтыруға көмектессе, 300 млрд теңге үнемдей алатын едік... Алайда ведомство елде шағын кәсіпорындар жоқтай, тек ірі кәсіпорындарға көмектесіп отыр", – деді "Қазақстан ет одағының" бас директоры.

"1986-1988 жылдары шығарылған техниканы әлі пайдаланамыз"

Қостанай облысында еңбек ететін шаруа Айдарбек Қожаназаров техникасы әбден тозғанын, жаңасын сатып алуға қаражат тапшы екенін айтты.

"Утилизациялық алымға кез-келген фермер қарсы деп ойлаймын. Себебі мен өмірімде трактор немесе комбайнды утилизацияға апарған шаруаны көрген жоқпын. Біз бұл техникалардың бөлшектерін ертең басқа тракторға немесе комбайнға саламыз. Өткен аптада 1998 жылы шығарылған комбайнды 15 млн теңгеге саттым. Осыдан соң комбайнды утилизацияға жіберу мәселесін қалай талқылауға болады? 1986-1988 жылдары шығарылған ауыл шаруашылығы техникасын әлі пайдаланып жүрміз. Сондықтан мемлекет машина жасау саласын дамытқысы келсе, нақты шешімдер қабылдауы керек....", – деді "Олжа Агро" компаниясының өкілі.

"Бұл өнімнің өзіндік құнына әсерін тигізеді"

Қарағанды облысынан келген шаруа Игорь Жабяк Үкімет шаруалардың да жағдайын түсінуі керек деген ұстанымда.

"Үкімет бізден әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тұрақты ұстауды талап етіп отыр... Сондай-ақ утилизациялық алым бар. Техника қымбаттап жатыр. Бұл біз өндіретін өнімнің өзіндік құнына әсер етеді, яғни ет, көкөніс, сүт өнімдері...", – деді "Шанс" шаруа қожалығының басшысы.

Утилизациялық алым алынса, азық-түлік арзандай ма?

Егістік өсірушілер одағының басшысы Виктор Асланов елде кәдеге жарату алымы алынса, кейбір азық-түлік өнімдері арзандауы мүмкін екенін жеткізді.

"Менің ойымша, утилизациялық алым жойылса, нан, бидай және тағы өнімдер арзандайды. Бірақ оған бірнеше фактор әсер етеді. Оның ішінде утилизациялық алым да бар. Кәдеге жарату алымы болмаса, шаруалар өз өнімінің құнына 5% үстеме қоспайды", – деді басшы.

"Мәселе жұмыс тобында қаралады"

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі Руслан Хисамутдинов журналистердің "кәдеге жарату алымы алынуы мүмкін бе?" деген сұрағына нақты жауап бере алған жоқ, тек барлық мәселе жұмыс тобында қаралатынын атап өтті.

"Министрліктің бұл мәселеге қатысты нақты позициясын айта алмаймын. Барлық мәселе жұмыс тобында қаралады...", – деп түйіндеді сөзін ИИДМ Автомобиль құрастыру, арнайы және ауылшаруашылық машина жасау басқармасының жетекшісі.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу