Бүкіл әлемде мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы басталды

1638

Алдағы 30 күнде жер шарында 1,8 млрд адам ораза тұтуы мүмкін.

Бүкіл әлемде мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы басталды

Ислам әлемінде қасиетті Рамазан айы сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні басталды. Алдағы 30 күн ішінде мұсылмандар күн шыққаннан күн батқанға дейін ас пен судан бас тартады. Және де олар Жаратқанға жақындау үшін намазды қаза қылмай, Құран оқып, садақа береді. Сонымен қатар, отбасылар мен достар, туған-туыс пен көрші-қолаң әр кеш сайын ауызашарға жиналады.

Биыл кейбір елдерде Украинадағы соғыстың әсерінен баға шарықтап,  мерекелік тағамдарды сатып алу оңай болмай тұр. Иран, Мысыр және Ливан экономикалық дағдарыспен күресіп жатыр. Олардың ұлттық валюталары әлсіреп, тауарлар күн өткен сайын қымбаттап барады.

Түркия мен Сирияның 52 мыңнан астам адамның өмірін қиған жер сілкінісінен қираған аудандарында Қасиетті айды жылдағыдай өткізу ерекше қиынға соғып тұр. 

"Біз Рамазанды әр жылдың ең әдемі айы ретінде асыға күтуші едік. Қазір мен жалғызбын, баяғы көңіл-күй де, қуаныш та жоқ. Отбасымды үнемі, сағат сайын сағынамын" - дейді 19 жастағы Рама Джамал "Ассоушиэйтед пресс" агенттігіне берген сұқбатында. 

Қазір Джамал Сирияның солтүстігіндегі Идлиб провинциясында жалғыз тұрады. Оның 10 жылдан астам соғыстан аман қалған ата-анасы мен ағасы жойқын зілзаладан қаза тапты.

2007 жылы ХАМАС исламшыл қозғалысының қолына өтіп, Израильдің блокадасына түсіп, әбден кедейленген Газа секторында қымбатшылықтан қиналған тұрғындар Израиль мен Палестина арасындағы бірнеше айға созылған зорлық-зомбылықтар тағы бір соғысқа ұласып кете ме деп қорқады.

"Көптеген негізгі өнімдердің бағасы ессіз өсті. Өткен жылдан бері дәмдеуіштер екі есеге қымбаттап кетті", - дейді Газа қаласындағы азық-түлік дүкенінің иесі Мохаммед Форра.

Әлем халқының төрттен бір бөлігі немесе 1,8 миллиардтан астам мұсылман ораза тұтады деген болжам бар. Ал, ислам ай күнтізбесін ұстанады. Рамазан айы болса, жыл сайын бір жарым апта ерте басталып, жылдың барлық мезгілдерімен, соның ішінде ыстық жаздың ұзақ күндерімен де тұспа-тұс келеді.

Бұл ай жергілікті діни органдар мен астрономдардың жарты айды көруіне байланысты кейде әр елде әртүрлі басталуы мүмкін. Бірақ биыл оның сәрсенбі күні түн батқанда басталғаны және бейсенбі оразаның бірінші күні екені дау тудырған жоқ.

Әлемдегі мұсылмандар ең көп тұратын Индонезияда ислам астрономиясын бақылаушылар тобы түрлі аймақтарда жарты айды көргенін жариялағаннан кейін, жамағат кешкі намаз үшін мешіттерге ағылды. Сауд Арабиясы мен Таяу Шығыстың тағы бірнеше елінің билігі де Рамазанның сәрсенбі түні басталатынын хабарлады.

Мұсылмандар Алла Тағала Мұхаммед пайғамбарға Құранды 1400 жылдан астам уақыт бұрын Рамазан айында түсіре бастаған деп есептейді. 

Ораза – Исламның бес парызының бірі және оны ұстау барлық мұсылмандар үшін парыз. Дегенмен, жас балалар мен науқастар, сондай-ақ жүкті және бала емізетін немесе етеккірі келген әйелдер үшін ерекше жағдайлар жасалған. Саяхатшылар, соның ішінде үйден тыс турнирлерге қатысатын спортшылар да осынау діни міндеттен босатылады.

Ораза ұстаушылар таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден, темекі шегуден, жыныстық қатынастан тыйылуы керек. Сондай-ақ олар қасиетті айда қарғыс айтудан, ұрыс-керістен, төбелестен, өсек-аяңнан, жолда агрессивтік мінез көрсетуден аулақ болғаны абзал. 

Көптеген мұсылмандар, әсіресе АҚШ пен Еуропада тұратындары, Рамазанды тойламайтын айналасындағыларды қабылдап, қошемет білдірумен ерекшеленеді. Олар, сондай-ақ, Рамазан айында араб әлемінің көптеген елдеріндегі мемлекеттік сектордағыдай қысқа жұмыс уақытын талап етпейді.

Күндіз қоғамдық орындарда ішіп-жеу негізінен мұсылмандар көп тұратын елдерде жұртқа аса ұнамайды. Кейбір мемлекеттерде, соның ішінде Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінде, әсіресе, экспатрианттар қаптаған Дубай мен Абу-Дабиде, мұндай әрекеттері үшін адамдар айыппұл төлеу жазасына ілігіп, тіпті түрмеге қамалуы мүмкін.

Қалалардағы қарбалас тіршілік кешке қарай басылып, көшелер босап, дүкендер ерте жабылады. Мұсылмандар дәстүр бойынша күн батқанда Мұхаммед пайғамбардың өсиеті бойынша, бір жұтым сумен, бірнеше құрмамен ауыз ашады. 

Күн батқаннан кейін, отбасылар мен достар "ифтарларға" жиналады. Мешіттер мен қайырымдылық ұйымдары болса, Рамазанның әр түнінде кедейлерді тегін тамақтандыру үшін ашық аспан астында банкеттер ұйымдастырады. Содан кейін мұсылмандар таңғы ас үшін "сухурға" (сәресіге) ерте оянады.

Бес жұлдызды қонақ үйлер, әсіресе Парсы шығанағының бай елдерінде, керемет ифтарлар өткізіп, кабельдік каналдар жарнамасымен миллиондаған табыс әкелетін қомақты бюджеттік сериалдарды көрсетеді. Бұл екі тәжірибені де Рамазанды коммерцияға айналдырудан қорқатын консерваторлар талай рет сынады.

Рамазан айының шарықтау шегі немесе кульминациясы – Ләйлат-әл-Қадір. Мұсылмандар бұл түнді Алла Тағала Құранның алғашқы аяттарын түсіру үшін Жәбірейіл періштені пайғамбарға жіберген түн деп санайды.

Оразаның соңғы күнінен кейін мұсылмандар үш күн бойы Ораза айт мерекесін тойлап, көп жағдайда онда балаларға жаңа киімдер мен сыйлықтар таратылады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу