Бұқтырма су қоймасындағы көпірдің құрылысы қалай жүріп жатыр?

2243

Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасындағы көпірдің құрылысы былтыр басталған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарындағы нысан жоспар бойынша 2025 жылы қолданысқа беріледі деген. 

Бұқтырма су қоймасындағы көпірдің құрылысы қалай жүріп жатыр?

Бірақ тұрғындар көпір құрылысының жай жүріп жатқандығын айтып жүр. Осыған орай, inbusiness.kz тілшісі аталған нысанға ат басын бұрып, жұмысымен танысып қайтты.

Ертістің арғы жағалауындағы Күршім мен Марқакөл халқы облыс орталығына жету үшін "Күршім" паромы арқылы өтеді. Ал қыста мұздың бетімен өтсе, көктемде жандарын шүберекке түйіп, қызыл су кешетін. Қанша жыл айта-айта жауыр болған мәселе былтыр ғана шешімін тауып, көпірдің құрылысы басталған. Жобаның жалпы құны 34 млрд теңгені құраған.

Қазақстандағы ең ұзын көпір

Көпір Күршім ауданына қарасты Құйған ауылының тұсынан салынып жатыр. Жалпы ұзындығы 1300 метр. Ені 12.2 метр. Құрылысты "ОблШығысЖол" ЖШС салып жатыр.

Учаске басшысы Юрий Чановтың сөзіне сүйенсек, аталған көпір Қазақстандағы ең ұзын көпір екен. Жұмыс тобы бұған дейін мұндай ұзындықтағы көпірді салып көрмеген. Үлкен жоба болғандықтан нар тәуекелдеп, арнайы мамандармен ақылдасып, жұмысты бастап кеткен.

"Салынатын көпірдің ұзындығы 1300 метр, судың ең терең тұсы 20 метрден асады. Бұл жұмыс аса жауапкершілікпен істеледі. Себебі құрлықта емес, су үстінде жүреміз. Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Көпір салу үшін жуан темір құбырларды су түбіндегі қатты жеріне дейін қағып, кейін құбырдың ішіне тоқылған темір орнатамыз. Оның ішіне бетон құямыз. Тіреу орнатылған соң арнайы мамандар үнемі тексеріп отырады. 450 тонна салмақты көтеруге шыдайды. Жұмыс сапалы жүргізіліп келе жатыр", – дейді учаске басшысы Юрий Чанов.

Қыстың аязында да цемент құя береді 

Құрылыс алаңының ішінде екі үлкен бетон зауыты тұр. Үздіксіз жұмысы істейді екен. Қыстың аязында да цемент құя береді. 

"Цементке қосылатын құм арнайы Боран ауылынан әкелінеді. Құрамы әбден зерттелген. Ал қиыршық тасты Өскеменнен тасимыз. Құрылыс материалдарынан мәселе жоқ. Жұмысшы күші жеткілікті. Жатын орыны бәрі бар. 84 орындық екі жатақхана тұрғыздық. Олар екі аусымда жұмыс істейді. Себебі межелеген уақытқа дейін құрылысты аяқтауымыз керек", – дейді учаске басшысы.

Айта кетейік, мұнда қосалқы көпірмен қатар, негізгі көпірдің құрылысы да қатар жүріп келеді.

"Ең алдымен техникалық көпірдің құрылысын жылдамдатып жатырмыз.  Тіреулерін құйып алған соң жұмыс тез жүреді. 21 тіреу дайын тұр. Тағы екі тіреудің қаңқасы тоқылып жатыр. Көпірді екі жағалаудан қатар салып келеміз. Жалпысы 400 метрін салып болдық", – дейді Юрий Чанов.

Юрий Чанов жұмыс барысын таныстыра жүріп, 2025 жыл көпірді пайдалануға берілетінін айтты.

"2025 жылы осы көпірден өз көлігіңізбен өтетін боласыз. Көпір екі жолақты болады. Қазір жұмыс қарқынды жүргізілуде. Нысанның құрылысы біткеннен кейін, көпірге дейінгі жолдың жөндеу жұмыстары тағы бар. Бәрі уақытты қажет етеді", – дейді ол.

Әңгіме барсында учаске басшысы Ресей мен Украина арасындағы жағдайдың көпір құрылысына да салқынын тигізіп жатқанын айтып қалды.

"Көпір құрылысына қажетті болат деталь Украинада шығарылады. Енді бұл тетікті басқа жақтан іздестіріп жатырмыз. Қалай болғанда да, бір амалын табамыз", – дейді Юрий Чанов.

Азамат Медиев осы жерде дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Осыған дейін өзге қалада көпір салып жүрсе де, дәл мұндай ұзын көпірді бірінші рет салып жатыр екен.

"Мұнда дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүргеніме жылға таяды. Осыған дейін басқа қалаларда көпір салдық. Бірақ ең ұзыны осы болды. Жұмысым өзіме ұнайды. Жалақымызды уақытында алып отырмыз. Қыстада істедік. Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуда. Барлығы жоспар бойынша істеліп жатыр", – дейді дәнекерлеуші Азамат Медиев.

Осылайша, шығысқазақстандықтардың қуанышына айналған көпірдің құрылыс жұмысы осылай жүріп жатыр. Десе де жолаушылар сапалы жұмысты талап етеді.

Таунар Қайратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу