Былтыр Павлодарда 45 мың автокөлік тіркеуге алынған

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
22401

Республика бойынша тіркелген көліктердің 3,3 пайызы Павлодар облысына тиесілі.

Былтыр Павлодарда 45 мың автокөлік тіркеуге алынған

"ҚазАвтоӨнеркәсіп" Қазақстан автокөлік саласы кәсіпорындары одағының мәліметінше, 2019 жылы әкімшілік полиция органдарына 1 492 114 автокөлік тіркеуге алынған. Көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 12,2%-ға жоғары. Оның 1 385 356-сы бұған дейін тіркеуде болған көліктер. Яғни, олардың тек иелері ғана ауысқан. Ал жаңадан тіркеуге алынған көлік саны – 106 758. Аталған көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 27%-ға артып отыр.

Қолданыста болып, қайта тіркелген көліктердің 45 064-і Павлодар облысына тиесілі. Осылайша, Павлодардың жалпы республикалық деңгейдегі үлесі 3,3 пайызды құрап отыр. Ең жоғары көрсеткіш Алматы облысында тіркелген. Бір жыл ішінде бұл өңірде 210 898 автокөлік есепке алынған. Бұл республикалық деңгейдің 15,2%-ы. Ал ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Былтыр аталған облыста 31 758 көлік тіркеуге алынған. Үлеске шақсақ, 2,3% болып шығады. Павлодар облысы өңірлер арасында 13-орында тұр.

"Қайта тіркеуге алынған көліктердің үштен бірінің немесе 69,1%-ының қолданыстағы мерзімі 10 жылдан асып кеткен. 20 жылдан асқан көліктердің үлесі – 41,6%", – делінген "ҚазАвтоӨнеркәсіп"-тің хабарламасында.

Автонарықтағы жағдайға назар аударсақ, отандық автопарктің ескіріп келе жатқандығын аңғаруға болады. Мәселен, қолданыста жүрген мерзімі 20 жылдан асып кеткен көліктердің қайталама нарықтағы үлесі 2019 жылмен салыстырғанда 39,7%-дан 41,6%-ға дейін өскен. Ал нарыққа қосылғанына 1-3 жыл ғана болған көліктердің үлесі 4,5%-дан 3,5%-ға дейін төмендеген.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың алдына ала қорытындыларына сәйкес, отандық кәсіпорындар 45 мыңнан астам көлік құрастырған. Өндіріс көлемі 2018 жылдың көрсеткіштерінен әлдеқайда жоғары. Әдеттегідей, өндіріс көлемі тұрғысынан "АЗИЯ АВТО", "СарыарқаАвтоӨнеркәсіп" секілді кәсіпорындар көш бастап тұр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу