Бюджет қаржысына базар мен үлкен қонақүй салмақ

9686

Үкімет инвесторға ел қазынасынан миллиардтар бөлгелі отыр. 

Бюджет қаржысына базар мен үлкен қонақүй салмақ

"Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" бақуатты жылдары да жағдайы мәз болмаған туризм саласы шекаралар тарс жабылған биылғы пандемия кезеңінде толық тоқырап, ең пайдасыз салаға айналды. Демек, коронавируспен күреске және қатты күйзелген халықты қолдауға қуат-қауқары әзер жетіп жатқан мемлекет туристік саланы бірінші кезекте бюджеттік қаражаттан қағуға тиіс еді.

Туризм секторына жауапты Мәдениет және спорт министрлігі Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын әзір етті. Ол – "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамын бюджеттік кредиттеудің негізгі шарттарын бекіту туралы" деп аталады.

Атауына қарағанда, құжаттың туризм саласына қатысы жоқтай: "Бәйтерек" холдингі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарайды. Демек, оған қатысты қаулы жобаларын сол ведомство әзірлейді. Бірақ бұл жобаны мәдениет ведомствосы ілгерілетіп отыр. Ол "Бәйтерекке" қарасты ұйым – Қазақстанның даму банкі арқылы керуен сарайының құрылысын қаржыландырмақ. Ал бұл мемлекеттік банк ақшаны бюджеттен алады.

"Қоса беріліп отырған "Turkistan Silk Way Harbor" ЖШС-ның "Керуен-сарай" көпфункционалды туристік кешенін ұйымдастыру" жобасын қаржыландыру үшін кейіннен "Қазақстан даму банкі" АҚ-ын кредиттей отырып, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-на бюджеттік кредиттеудің негізгі шарттары бекітілсін", – делінген Асқар Мамин қол қоятын Үкімет қаулысының жобасында.

Мәдениет және спорт министрлігі біріншіден, "Бәйтерек" холдингімен кредиттік шарт жасасуға тиіс. Екіншіден, келісімнің негізгі және қосымша шарттарының орындалуын бақылауды жүзеге асыруы керек. Мерейтойларға, концерттерге, ән мен күйге көбірек бейім ведомствоның кешен құрылысының күрделі мәселелерінің байыбына қаншалықты терең бойлай алары белгісіз.

Келісімнің негізгі шарттарына сәйкес, бюджет қаражаты қазақстандық "Turkistan Silk Way Harbor" компаниясының "Керуен-Сарай" көпфункционалды туристік кешенінің құрылысын қаржыландыру үшін "Қазақстанның даму банкіне" бөлінеді. Өз кезегінде ҚДБ аталған компанияға 10 млрд теңге сомасында арзан кредит береді.

"Кредит қарыз алушыға мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарында 20 жыл мерзімге жылдық 0,1% сыйақы ставкасымен және теңгемен беріледі", – делінген шартта.

Әрине, оған ҚДБ шамалы өз сыйақысын қосады. Қалай болғанда, мұндай жеңіл несиені алу кез келген азамат не бизнес өкілі үшін арман болса керек. Оның үстіне 20 жылдан кейін теңге жиырма рет девальвацияға ұшырап, кеңестік сомдай "сабан" ақшаға айналуы ғажап емес.

Құжатта сондай-ақ 10 млрд теңгенің бөліп-бөліп, бірнеше траншпен емес, бірден берілетіні көрсетілген: "республикалық бюджеттен кредитті бөлу қарыз алушының шотына кредиттің барлық сомасын бір уақытта аудару жолымен жүзеге асырылады".

Бұған қоса, жеңілдікті кезең ұсынылады: "кредит бойынша негізгі борышты қарыз алушы 30 айды құрайтын жеңілдік кезеңі өткеннен кейін 2023 жылдан бастап, тең үлестермен өтейді".

Бұл кешен не үшін қажет?

Өз түсініктемесінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова осы жобаны іске асыру "туристік инфрақұрылымды дамытуға, Түркістан қаласында басқару мен қызмет көрсетудің халықаралық стандарттарын енгізуге мүмкіндік беретінін" айтады. "Туристік объектілерге сұранысты арттырады" деген "кезекші" дәйектеме де бар.

"Түркістанда бұл жобаның теңдесі, еш баламасы жоқ. Демек, бұл келушілердің қызығушылығын оятады, әлеуметтік-мәдени ортаны дамытуға ықпал етеді. Жоба отбасылық демалысты бірге өткізуге арналған басты орталықтардың біріне және Қазақстанның жаңа көрікті жеріне айналады. Сондай-ақ, ол бүкіл Азия мен Еуропа аймағында танылып, мәдени демалысты ойын-сауықпен біріктіргісі келетін адамдар арасында танымалдыққа ие болатыны сөзсіз" – дейді А.Райымқұлова.

Ол осы кешеннің Түркістан қаласына туристік ағынды ұлғайтуға серпін береді дейді. Жергілікті жұртшылық – "жұмыс орындарымен қамтылмақ". Өңір бюджетіне "салық түсімдері құйылады".

Әрине, мұның барлығы әзірге бос қиял екені жасырын емес. Себебі, пандемия жағдайында Қазақстан түгіл әлемдегі ең туристік тартымды елдер де саяхатшы таппай қалды. Сондықтан күйзелісті кезде бюджеттен қауырт бөлінген миллиардтардан дәл қазір қиналған елге, тұралаған экономикаға қандай қайтарым келері беймәлім.  

Ел қаржысына – базар ашады

Айта кетер жайт, Түркістандағы көпмиллиардтық осы жобаның тұсауын тура бір жыл бұрын – 2019 жылғы желтоқсанда Премьер Асқар Маминнің өзі кесіп қайтты. Сонда Керуен-сарай аталған көп функционалды туристік кешеннің жалпы құны шамамен 39 миллиард тұратынын Премьер-Министрдің ресми сайты хабарлады. Құрылысты түріктің елге белгілі "Sembol Construction" компаниясы салуға кірісті.

Алайда кейін жоба 80 млрд теңгеден асып, қымбаттап шыға келді.

Мәдениет және спорт министрлігінің түсіндірме жазбасында "Керуен-сарай" – қонақ үйден, жабық және ашық базарлардан, сауда үйлерінен, ойын-сауық орталығынан, SPA орталығынан тұратыны айтылған.

Облыс әкімдігінің "Turkistan Invest" инвестиция тарту және экспортты дамыту жөніндегі өңірлік агенттігінің мәліметінше, "Керуен сарай" Түркістанның арнайы экономикалық аймағында бой көтереді. Ендеше салықтық жеңілдікті, өзге преференцияларды пайдаланады. Жер беріледі. "Бір жоба үшін мемқолдау тым көп емес пе?" деген ой туады.

"Жабық базардан, тарихи шығыс базарынан, фудкорттан, ойын-сауық аймағынан, рекреациялық аймақтан және этникалық стилдегі қонақүйден тұратын "Керуен сарай" көпбейінді туристік кешенінің құрылысы қолға алынды. Кешенде әртүрлі мәдени, ойын-сауық іс-шаралар өткізу көзделген. Оған арналған жер учаскесіндегі 12,6 гектар жерде ғимараттарды сүрудің бірінші кезеңі аяқталды. Жер телімі АЭА басқарушы компаниясына рәсімделді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаға 83 млрд теңге инвестиция құйылмақ", – деп хабарлады "Turkistan Invest".

Инвестиция көлемі осынша болатынын "Казправдаға" сұхбатында Түркістан облысы әкімнің орынбасары Мейіржан Мырзалиев растапты.

Салыстыру үшін айтсақ, Түркістанның халықаралық әуежайы барлық нысандарымен, әуе көліктерінің тұрақтарымен, ұшу жолақтарымен, халықаралық стандарттар талап ететін қаптаған құрылғыларымен 78,8 млрд теңгеге түсті. Керуен сарай базарымен бірге одан қымбат.

Айтылған сөз көп, оның қайсысы іске асатынын өмір көрсетеді. Тек қоғам бұл кешен құрылысына ел қаржысы шығындалатынын біле жүргені жөн.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу