Бюджетті "сорған" режиссерларға жаңа талап енгізіледі

1779

Мәдениет министрі керең жандар шағымына құлақ түрді. 

Бюджетті "сорған" режиссерларға жаңа талап енгізіледі

Ақтоты Райымқұлова басқаратын ведомство "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасының тұжырымдамасын жариялады. Құжат бірнеше жаңалық енгізбек.

Мысалы, бұл заң қабылданған соң ұлттық кинофильмдер міндетті түрде субтитрленуі және тифлокомментариялануға тиіс. Бұл есту қабілетінен айырылған немесе көзі нашар көретін жандар қазақстандық осы өнер туындыларын қызықтай алуы үшін қажет екен.

"Заң жобасында киножобаларды міндетті субтитрлеу және тифлокомментариялау қарастырылған. Аталған толықтыруды енгізу мақсаты: егер көркем немесе анимациялық формада жасалатын толық метражды ұлттық фильмді өндіруге қаражат алса, бюджеттік ақшаны алушы ол фильмді субтитрлеуді және тифлокомментариялауды жүзеге асыруға міндетті болады", – делінген тұжырымдамада.

Керең және зағип жандар арасынан шыққан қоғам белсендісі, Алматы қаласының бұрынғы Кинофикация басқармасының басшысы болған Владимир Долгов осы құжаттың әзірленуіне ықпал еткен тұлғалардың бірі. Ол мүмкіндігі шектеулі адамдардың аталған санаты ресейлік фильмдердің құрсауында қалғанына қынжылады. Шенеуніктер де көрші державаның өнімін сатып алып, жат елді қаржыландыруда.

"Қазіргі кезде мен Алматы қаласының Мәдениет басқармасында көру және есту жөнінен мүгедектерге кино қызметін көрсетумен айналысамын. Біз титрі және тифлокомментарийі бар фильмдерді біраздан тамашалап келеміз. Бірақ оларды бізге тек ресейлік дистрибюторлар ғана жеткізеді. Дегенмен, көру және есту қабілеті бойынша мүгедектер ұлттық фильмдерді қызықтауға ынтық. Олар "Көшпелілер", "Елбасы жолы", "Томирис" және басқа да ел игілігіне айналған төл кинотуындыларды көргісі келетіндерін айтады. Бұл фильмдердің барлығын 100 пайыз мемлекет меншігіндегі "Қазақфильм" студиясы толығымен бюджет қаржысына түсіріп шықты. Демек, оны фильмдерін титрлармен және тифлокомментарийлермен шығаруға міндеттеуге болатын еді. Жеке бизнес болса бір сірә, ел қаржысын алатындарды міндеттеу үшін биліктің ерік-жігері және бұйрық болса жеткілікті", – дейді Владимир Долгов.  

Ол осы істі жолға қоюдың үлгісін әріден іздеудің қажеті жоқ дейді.

"Ресейде 2018 жылы мәдениет министрінің арнайы бұйрығы күшіне енді. Ол көру және есту қабілеттері бұзылған адамдарға ресейлік фильмдерді көрсету үшін жағдай жасайды. Федералдық заң негізінде қабылданған құжатқа сәйкес, кез келген меншік нысанындағы кинотеатрда кем дегенде 1 зал фильмдерді тифлокомментариймен көрсетуге мүмкіндік беретін арнайы құрылғымен жабдықталуға тиіс. Осылайша, олар мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін ұлттық киносын қолжетімді етті. РФ федералдық заңы бойынша толық метражды ұлттық фильмдер субтитрмен және тифлокомментариймен бірге көрсетілуі шарт. Қазақстандықтарға да ресейлік кино қолжетімді, ал ұлттық кинематография ондай мүмкіндіктен айырды", – дейді маман.    

Әзірге Қазақстанда жұмыс тек жартыкеш жасалып отыр: заңмен режиссерларды міндеттеу аздық етеді. Егер кинозалдар тиісті құрылғылармен жабдықталмаса, керең және зағип жандар бәрібір ол кинотуындыны тамашалай алмайды. Ресейден айырмашылығы сол, Қазақстанда кезінде өңірлерде болған барлық кинозалдар тегіс жекешелендірілген, жаңалары да жекеменшік қолында.

Бұдан бөлек, субтитрлы және тифлокомментарийлі фильмдерді көрсетуді жүзеге асыру ережелері бекітілуі керек.

Ұлттық фильмдерді осындай аудармамен қамту – ұлттық идеологияның маңызды саласы. Сарапшылар голливудтық, не басқа да шетелдік фильмдерді жаппай титрлеуді сұрап отырған жоқ.  

"Бұрындары фильмдер өндірісі бойынша бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру кезінде нашар еститін және нашар көретін көрермендер үшін фильмді титрмен немесе тифлокомментарийлермен сүйемелдеу қарастырылмайтын. Осыған байланысты бүгінде мемлекеттік тапсырыс аясында жасалған барлық фильмдерде ондай сүйемелдеу жоқ. Бірақ ұлттық кинематография өнімдерін мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді үшін ары қарай жасалатын фильмдерді титрлеу және тифлокомментарийлеу – ұлттық фильм өндірісі кезіндегі міндетті талап ретінде белгіленетін болады", – деп жауап берді мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу