БЗТ-ны пайдалануда шектеулер көбейіп барады

4879

Осыдан екі айдай бұрын, 15 ақпанда "Емделу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидалары" бекітілді. 

БЗТ-ны пайдалануда шектеулер көбейіп барады

БЖЗҚ мәліметінше, азаматтардан бүгінде зейнетақы жинақтарын медициналық қызметтерге пайдалануға қатысты 5 518 өтініш түскен. Алайда соның ішінде мемлекет 1 448 адамға жинағын емделуге беруден бас тартты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Нәтижесінде қазіргі уақытта 3 904 өтініш иесіне ғана өз жинағы есебінен емделу мүмкіндігі берілді. Оларға "Отбасы банкіндегі" арнайы есепшотына небәрі 3 млрд 757 млн теңге аударылды. Яғни, бір адамға шамамен 962 мың теңгеден ғана келеді.

Тағы 166 өтініш әлі күнге дейін "өңдеуде" жатыр. Олардың меселін қайтаратыны әлде келісім беретіні белгісіз.

Ең көп өтініш Алматы қаласынан (1 099), Нұр-Сұлтан қаласынан (910), сондай-ақ Қарағанды (442) және Атырау (431) облыстарынан келіп түскен. Қалған өңірлердің көрсеткіші 400-ге де жетпейді. Мысалы, Түркістан облысынан бар-жоғы 5 өтініш түсіпті. Оның 4-еуінің өтініші қанағаттандырылып, оларға 6 млн теңге аударылған.

Дегенмен, медсақтандыру қоры мен ДСМ-нен қайыр болмаған соң, ең құрығанда зейнетақы жинағы арқылы емделмек болған 5,5 мың адамның 1,5 мыңына биліктің рұқсат етпеуі көп жайттан хабар береді.

Шенеуніктер көп жарнамалаған бұл илігіліктің жемісін көргісі келген қазақстандықтардың алдынан басқа да тоспалар шығуда. Қағидаларда көрсетілген кейбір қызметтерді алмақ болған азаматтардың өтініштері тіпті қабылданбапты. 

Мысалы, өмірге нәресте әкелген аналар "пластика" қосалқы категориясының алып тасталғанына наразы.

"Бұл проблемаға бала туған әрбір әйел жолығады. Сәби дүниеге келгеннен кейін әйелдер сыр-сымбатын қайта қалпына келтіргісі келеді. Сондықтан қазіргі кезде абдоминопластика қызметі аса маңызды. Бәрі біле бермес, бұл қарынның салпылдап қалған артық терілерін сылып алуды қарастырады. Ешқандай спортпен немесе дұрыс тамақтанумен мұны түзете алмайсың! Ондай сипат әйелдің көңіл-күйін бұзады, ол өзін-өзі бағалауды қояды. Сол себепті бұл операция әсіресе, қыз-келіншектер арасында танымал. Операцияны шетелде де, Қазақстанда да өткізуге болады. Осыған орай барлық жас аналар атынан Денсаулық сақтау министрінен БЗТ-ны пайдалану қағидаларына осы операция түрін қосуын өтінемін", – дейді екі баланың анасы Малика.

Оның айтуынша, дене сымбатын, сыртқы сұлулығын қайтарған әйелдердің өмірге деген құштарлығы да, еңбекқорлығы да артады, өзіне өзі сенімді болады. Бұл – заман талабы.

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті бала туған аналар тарапынан сұраныс жоғары болса, қағидалардағы тізімге мұны да қосуға дайын екендерін білдірді. Әзірге, оған келісім жоқ. Тек операциядан қалған тыртықтардан арылу бойынша пластикалық операцияларды БЗТ есебінен тегін жасатуға болады.

Бүгінде бұл тізімге біріншіден, орфандық ауруларды емдеу, оларды дәрілік қамтамасыз ету, сондай-ақ емдеу тактикасын айқындау үшін диагностикалық зерттеулер, екіншіден, Қазақстан аумағында орналасқан медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтер (тістерді протездеу, импланттау), үшіншіден, операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды, сондай-ақ жүргізілген мастэктомиядан кейінгі түзету мақсатында реконструктивтік және қалпына келтіру және пластикалық операциялар кіреді.

Тізбеге сонымен қатар, төртіншіден, радионуклидтік және радиойодтерапия, бесіншіден, радиохирургиялық емдеу (гамма-пышақ, киберпышақ), алтыншыдан, протон терапиясы, жетіншіден, офтальмологиялық қызметтер (мүйізді коллагеннің кросслинкингі, көзді лазерлік түзету) қосылып отыр.

"Бұл тізбе халықтың сұранысын есепке ала отырып, ары қарай өзгеруі мүмкін", – деді Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті.

Ал егіз баланың анасы Әсия осыған қатысты басқа мәселеге кезігіпті.

"Қыздарым 3-ке толады. Олардың тісін емдеу қажет болып тұр. Кең ауқымды кешенді емдеу наркозбен жүргізіледі. Себебі, тісжегіні жою сыртында, реставрация жүргізу керек. Емделу жоспарының жалпы сомасы 700 мың теңгені құрайтын болды. Бұл шығын отбасы бюджетіне салмақ түсірмеуі үшін зейнетақы жинақтарымды пайдаланғым келеді", – дейді ол.  

Алайда осы істің уәкілетті операторы саналатын "Отбасы банкі" оның бұл ізгі ниетін жүзеге асыруға рұқсат бермепті.

"Отбасы банкіндегілер БЗТ беруден бас тартты. Оның мамандарының түсіндіруінше, ата-ана өзінің біржолғы зейнетақы төлемін тек кәмелетке толған балаларына ғана бере алады. Неге шенеуніктер балиғат жасына жетпеген балаларды бұлайша кемсітеді? Оларды емдеу керек емес пе? Емдеу үшін сұралып отырған сома үлкен. Бірақ емдемей болмайды. Егер қазір жөнге келтірмесе, есейгенде проблемаға соқтыратын көрінеді. Сондықтан ДСМ-нен қағидаларда кәмелетке толмаған балалардың мәселесін де ескеруді сұраймыз", – деді ана.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу