Цифрлық дәуірде өзгенің өмірін ұрлау оңай

2433

Ел тарихында алғаш рет мүлік емес, дерек жымқыратын ұрлықшыларға қарсы заң жобасы әзірленбек. 

Цифрлық дәуірде өзгенің өмірін ұрлау оңай

Сарапшылар кешегі "Digital Bridge" халықаралық технологиялық форумына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды мәселені көтергеніне назар аудартуда. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде проблема барына нұсқаған болатын.

"Цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыру оның қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті де қоса жүктейтінін түсіну керек. Яғни жеке мәліметтер құқықтық тұрғыдан да, физикалық жағынан да сапалы қорғалуға тиіс. Бұл тек мемлекеттік жүйелерге ғана емес, сонымен бірге мемлекетпен тығыз интеграцияланған бүкіл цифрлық экожүйеге қатысты. Үкімет азаматтардың дербес деректерін жоғалтқаны және ұрлағаны үшін жазаны қатайтуға бағытталған заңнамалық өзгерістер топтамасын әзірлеуі керек", – деді Президент.

Жеке дерегі қолды болғандар, өзгеге жем болып жүр

Әзірге Тоқаев тапсырмасымен әзірленетін жаңа заң жобасында не мәселелер қамтылатыны белгісіз. Бір білеріміз бұл проблема халық үшін шынымен өзекті. Мысалы, елорда тұрғыны Әсем алаяқтардың өз атынан есепшот ашып, ақша жинағанын біліпті. Халықтан жылу жиған әлдебір қаскөйлер оның дербес деректерін пайдаланып, әлеуметтік желілерге хабарлама орналастырған, мессенджерлер арқылы хат жолдаған. Онда анасының апатқа ұшырағанын, "басынан, денесінен, аяқ-қолдарынан жарақат алып, денесі күйіп, ес-түссіз жатқанын", оны аман алып қалу үшін 511 мың теңге қажет екенін хабарлаған.

"Әлдебір алаяқтар өзгенің аккаунтын бұзып, оны қарау мақсаттарына пайдаланыпты дегенді күн сайын естимін. Содан олардың тұзағына түсіп қалмаудың қамын барынша жасаймын. Соған қарамастан, алаяқтар менің атымнан Инстаграмда анама ақша жинапты. Тиын-тебен аударып, тексеріп көрдім, банктік есепшот – қазақстандық. Алтын банкте. Қаскүнемдердің менің аты-жөнімді қалай білгені, дербес деректерімді қайдан тапқаны белгісіз", – дейді Әсем. Ол полицияға шағым жазбақ ниетте. 

Таяуда "31 арна" ЖСН-ін бөгде біреу ұрлап кеткен Қостанай тұрғыны туралы сюжет көрсетті. Қазыбек Арықовтың айтуынша, елордада бөгде тұлға оның өзінікіне ұқсас жеке куәлікпен жүр. Соның бас қалада қаптатып алған несиелерін, әртүрлі айыппұлдарын Қостанайдағы Қазыбекке төлеуге тура келуде екен. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан көрінеді. Осы уақыт ішінде тек айыппұлдардың өзі жүз мың теңгеге жеткен. Бұған қоса, таяуда банктен хабарласып, оның елордада сатып алған 2 смартфон үшін 800 мың теңге қарызының төлем мерзімін өткізіп алғанын ескерткен. 

Менеджер оның жеке куәлігін ұсынып, қарыз алған адамның фотосын жібереді, онда Қазыбектен егде еркек бейнеленген. Тек түрі ұқсастау. Сорақысы сол, жаңа жеке куәлікті елордалық тұрғын алып кеткендіктен, құжатының жарамдылық мерзімі өткен Қ. Арықов жаңа куәлігін ала алмаған. Салдарынан енді барлық мемлекеттік электронды құжаттарда қостанайлықтың деректері енгізілген, бірақ елордалық алаяқтың фотолары қойылған. Қостанай облысының Полиция департаменті Қ. Арықовтың өтініші бойынша қылмыстық істі тергеп жатқандарын айтады. Қостанай тұрғыны қарау пиғылды "егізі" оның баспанасын сатып жібере ме деп қауіптенеді. Әзірге ол микроқаржы ұйымдарынан несие алуын жалғастыруда. 29 маусымда тауар алуға "Фридом Финанс Кредиттен" 770 мың теңгедей, ал 18 тамызда Lending and Financy technologgies-тен 57 мың теңге сомаға заем рәсімдепті.

Осылайша, Қазақстанда дербес деректерді ғана емес, сондай-ақ "тұлғаны" ұрлау жүзеге асып жатқанға ұқсайды.

Қазақстанда дербес деректердің құны қанша?

Талдықорған тұрғыны Гүлнұр Рашидқызы дербес деректеріне бөтеннің қол жеткізгенін біліп, қатты шошынғанын айтады. Он күндей бұрын, 19 қазанда баласын мектептен алып кетуге бара жатқанда, асығыста қарсы кезіккен қара түсті Toyota Camry көлігін өткізбей, алдын кесіп өтіп кетеді. Бұл қылығы әлгі автомобильдің иесінің шамына тисе керек.

"Сол күні кешке ұялы телефоныма белгісіз нөмірден қоңырау шалынды. Тілдесу барысында бейтаныс бір еркек өзімнің және көлігімнің деректерін жария етіп, жолдағы оқиға үшін айыптай бастады. "Сен кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білесің бе?" дейді әкіреңдеп. "Сен машинаңды қай жерге қоятыныңды да білемін" деп автотұрағымның орнын дәл атады. Тіпті менің қайда жұмыс істейтініме дейін анықтаған. Ары қарай доқ көрсетіп, қорқыта бастады: "Жүргізуші куәлігіңнің күшін жойғызып, қайта тапсыруға мәжбүрлей аламын" дейді. Мен дербес деректеріме қалай қол жеткізгенін сұрадым, ол тура жауаптан тайқып кетті. Жағдайды ушықтырмау үшін кешірім сұрадым", – дейді Талдықорған тұрғыны.

Ол сол күні полицияға жүгініп, өтініш жазыпты. Белгісіз тұлғаның өзіне қатысты барлық деректі лезде жинап алғанына қайран қалады, көңілі қобалжиды, енді өз қауіпсіздігіне сенімсіз екенін айтады.

"Әлгі адам қызметтік құзыретін пайдаланып, менің деректерімді енді қалай пайдаланатынын, бұл ретте ойына не келетінін білмеймін ғой. Қазақстанда "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңы жұмыс істемейтін болғаны ма?!", – деп қапаланады.

Халықаралық құқық маманы, ЕҚЫҰ сарапшысы Дана Мұхамеджанованың байламынша, пандемия кезінде адамдардың соңынан қадағалау, бақылау, жеке өмірге қол сұғу мәселесі ушығып кетті. Ashyq, SmartCity секілді қосымшалар карантинге қатысты азаматтардың дербес деректерін жинады.

Дербес деректерге қаскүнемдер әртүрлі жолмен қол жеткізуі мүмкін. Ресейде тұрғындар шақыруға келген дәрігерді жабыла ұрып, сол үйде тұрып жатқан сырқаттар туралы ақпаратты бөлісуге мәжбүрлеген.

"Зерде" ұлттық инфокоммуникация холдингінің басқарма төрағасы, IT маман Арман Әбдірәсілов құқық қорғау органдарының артта қалғанын айтады.

"Бұл мәселені прокуратурадағы әріптестеріммен талқылағанмын. Оларға прокуратураның прогрестен қалып қойғанын айттым, себебі елімізде кибер-прокурор жоқ. Ал қазір қылмыстардың көбі киберкеңістікте жасала бастады", – дейді ол.

А. Әбдірәсіловтің мәліметінше, дербес деректердің нақты құны бар, сондықтан ол сатылуы да мүмкін. Америкалық әдістеме бойынша әрбір адамның дербес деректерінің құны сол адамның жылдық табысының 10%-ына тең деп бағаланады. Адам бай болған сайын оның деректері де құнды бола түседі. Жалпы бүкіл тұрғындардың дербес деректерінің құны елдің ЖІӨ-сінің 10%-ына тең деп есептеледі.

Осынша қымбат ресурс Қазақстанда босқа рәсуа болып, әзірге әлеуметтік наразылықты күшейтуге ғана ықпал етуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу