COVID-19: әлемдік экономика және Қазақстан

Мақсат Халық, Нұржан Әбдіразақ, Жалғасбек Ақболат Мақсат Халық, Нұржан Әбдіразақ, Жалғасбек Ақболат
16519

GSB UIB бизнесті талдау орталығы, коронавирус пандемиясының Қазақстан экономикасына келтіретін әсерін зерттеп көрді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық экономикамыздың өсімі қандай болуы мүмкін?

COVID-19: әлемдік экономика және Қазақстан

The Economist журналы сәуірдің 20-сы күні шыққан нөмірін "COVID-19 дың геосаяси салдары, Қытай жеңіп жатыр ма?" деген атпен шығарды.  Әлемді әбігерге салған коронавирус індетінің  экономикалық зардабын егжей-тегжейлі шолған журналдың бұл санында, COVID -19 пандемиясының геосаяси салдары ұзаққа созылатынын және барлық елдерге үлкен қолайсыздық тудыратынын болжайды.

Халықаралық валюта қоры жаһандық ЖІӨ биыл 3%-ға қысқарады деп болжап отыр. Бұл осыдан бір ғасыр бұрын болған Ұлы депрессиядан кейінгі ең алып экономикалық дағдарыс және 2009 жылғы дағдарысқа қарағанда өте ауыр тиеді. ХВҚ-ның болжауы бойынша рецессия 2020 жылы 194 мемлекеттің 157-де тіркелуі мүмкін, Қазақстанды қоса алғанда. АҚШ экономикасы 5,9%-ға, еуроаймақ – 7,5% құлдырайды, ал Қытайдағы өсім 1,2%-ға баяулайды. 2020 жылы ең көп болжамды құлдырауы бар мемлекеттер – Венесуэла (-15%), Ливан (-12%), Греция (-10%), Хорватия және Черногория (-9%).

1-сурет

            

Дереккөз: [https://www.imf.org/en/Countries/KAZ] мәліметтері негізінде GSB UIB  бизнес талдау орталығы құрастырды.

ХВҚ соңғы мәліметтеріне сәйкес, биылғы жылы Қазақстандағы ЖІӨ өсімі -2,5% болады деп  көрсетілген. Кестеден байқасаңыздар бұл соңғы 22  жылда болмаған көрсеткіш.

ХВҚ бас экономисті Гита Гопинаттың айтуы бойынша, коронавирустық инфекцияның экспоненциальдық өсуі, алғашқы жұқтырған 100 адам бірнеше күнде 10 мың адамға айналады және бұл дағдарыс бұрыңғы дағдарыстарға ұқсамайды. Өйткені экономикалық өнімнің шығыны 2008-2009 жылдардағы жаһандық қаржылық дағдарысты тудырған шығындардан едәуір жоғары. Соғыс немесе саяси дағдарыс сияқты, пандемияның қашан аяқталатыны белгісіз. Жиынтық сұранысты ынталандыру бұл жолы соншалықты маңызды емес, өйткені дағдарыс биліктің түрлі секторлардың жұмысын шектеу туралы мәжбүрлі шешімдерден туындап отыр. ХВҚ есебіне сүйенетін болсақ, әлемдік ЖІӨ-нің шығыны эпидемиологиялық дағдарыстың салдарынан 9 трлн долларға жетуі мүмкін. Ал, 2021 жылы ХВҚ-ның базалық сценарийі бойынша әлемдік экономика 5,8%-ға өседі. Бұл пандемиядан кейін тез қалпына келіп, әлемдегі рекордтық экономикалық өсу болады деп болжануда.

Халықаралық еңбек ұйымының есебі бойынша COVID-19 пандемиясының әсерінен бүкіл әлемде жұмыс уақытының қысқаруына байланысты 1,6 млрд еңбекке қабілетті халық табысынан айырылуы мүмкін. Дағдарысқа дейінгі деңгеймен (2019 жылдың IV тоқсаны) салыстырғанда жұмыспен қамту 10,5% -ға немесе 305 млн жұмыс орнына төмендейді деп күтілуде.  Атап айтқанда, Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы жұмыс уақыты 12,4% (дағдарысқа дейінгі деңгеймен салыстырғанда) және Еуропа мен Орталық Азия үшін 11,8% қысқарады. Басқа аймақтық топтар үшін көрсеткіштер 9,5% -дан асады.

ХЕҰ бейресми жұмысшыларға баса назар аударады, өйткені олар өте осал болып табылады: кедейліктің жоғары деңгейі, құқықтарының қорғалмауы, атқаратын жұмыстары көбіне қауіпсіз болып табылады. Сарапшылардың пікірінше, коронавирустық дағдарыстың салдарынан әлемдегі 2 млрд осындай жұмысшылардың 1,6 миллиардқа жуығы және жаһандық еңбекке қабілетті 3,3 млрд еңбекке қабілетті адамдар табыс көзінен айырылып, өмір сүру сапасы төмендеуі мүмкін.

ХЕҰ-ның бағалауы бойынша, дағдарыстың алғашқы айы бейресми экономикада жұмыс істейтін жұмысшылар табысының 60% -ға төмендеуіне әкелді. Бұл Африка мен Америкада 81%, Азия-Тынық мұхиты аймағында 21,6%, Еуропа мен Орталық Азияда 70% төмендегенін білдіреді. Сонымен қатар, әлемдегі 436 миллионнан астам кәсіпорын банкроттық жағдайдың алдында тұр. Олардың ішінде: көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындары шамамен 232 млн, өңдеу өнеркәсіптері - 111 млн, қонақүйлер мен тамақ өнімдері саласындағы кәсіпорындар - 51 млн. ХЕҰ-ның наурыз айындағы болжамына сәйкес мемлекеттер қандай да бір шара қолданбаса коронавирустық пандемияның салдарынан 25 миллионнан астам адам жұмыссыз қалуы мүмкін.

Наурыз айында Америкадағы бөлшек сауда сатылымы ақпан айымен салыстырғанда 8,7% -ға төмендеді. Бұл отыз жыл бұрын ресми түрде деректердің жариялана бастағанынан бергі ең үлкен құлдырау.

АҚШ-тың ең ірі авиакомпаниялары үкіметтің 25 млрд доллар көлемінде көмек көрсету шарттарына келіскендерін мәлімдеді. Мәміленің шарттары бойынша дивидендтер тоқтатыла тұрады. American Airlines авиакомпаниясы 4,1 млрд доллар көлемінде тікелей грант, 1,7 млрд доллар көлемінде төмен пайыздық несие алады және Қазынашылыққа 4,8 млрд доллар көлемінде жеке қарыз алуға өтініш береді.

Қытай экспортының күрт құлдырауы наурыз айында бәсеңдеді. Өткен жылдың осы айымен салыстырғанда экспорт 6,6% -ға төмендеген. Алайда бұл күтілген нәтижеден әлдеқайда жақсы екені айтылады. Қытай - зауыттары бұғатталған қаңтар және ақпан айларындағы дефицитті қалпына келтіріп, 19,9 млрд доллары көлеміндегі сауда балансының оң сальдосына қол жеткізді. Қазір көптеген нысан қайта ашылуда. Дегенмен, өз өнімдеріне деген ғаламдық тұтынушылық сұраныстың құлдырауы проблемасымен бетпе-бет келіп отыр. 1976 жылдан бастап есептегендегі әр жыл бойынша ЖІӨ-нің бір тоқсандық қысқаруын көрсететін мәліметтерді күтпей-ақ, Қытайдың Орталық банкі қаржы жүйесіне тағы 100 млрд юань (14 миллиард доллар) инвестициялау арқылы өтімділікті  арттыру үшін қосымша қадамдар жасады.

Жапониялық СофтБанк, компаниясы жыл соңына қарай  12,5 млрд доллар жоғалтатынын болжап отыр. 

Коронавирус індетімен қатар келген әлемдік мұнай индустриясында да айтарлықтай үлкен өзгерістер орын алуда. ОПЕК+ альянсы баға мен сұраныстың құлдырауын болдырмау үшін мұнай өндірісін күніне 9,7 миллион баррельге қысқарту туралы тарихи келісімге келді. Видеоконференция арқылы өткен шикізат нарығындағы ең үлкен интервенция - мүше мемлекеттер арасындағы шиеленісті келіссөздерден кейін орын алды. Мұнай бағасының түсуі қарсаңында пандемия бүкіл әлемде қосымша үлкен әлеуметтік-экономикалық проблемалар туындатып, карантиннен кейінгі жаңа өмірге дайындалуға мәжбүрледі. Посткарантин кезеңінде бірінші кезекте шешілу керек мәселелердің бірі – жұмыссыздық.

Карантиннің жариялануы әлем бойынша мыңдаған шағын және орта бизнестің жабылуына немесе уақытша тоқталуына әкелді. Кейбірі жылдам қалпына келсе, көбісінің шығындануы тұрақты болады. Жылдар бойы тиімді жұмыс істеп келе жатқан компаниялар ыдырап, өзара әріптестік бұзылады. Жұмыссыздық көбейіп, жаңа жұмыс іздеушілер пайда болады.  "Үйде отыр" деген ұран, көптеген адамдардың қашықтан жұмыс істеуіне себеп болды. The Economist журналының 2020 жылдың 18-24 сәуірінде шыққан санында көрсетілген ақпаратқа сүйенсек, АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі жаздың басында 20%-ға дейін көтеріледі деген болжам жасалған. Ал бұндай статистика сонау Ұлы Тоқырау кезінен болмаған. Қазіргі таңда АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі 15%-ға жетіп қалған. MIT ғалымдарының зерттеуі бойынша Америкалық жұмысшылардың 34%-ы қашықтан жұмыс істеуге кіріскен.  Карантин кезінде табысынан айырылған АҚШ азаматтарының 17 миллионнан астамы мемлекет тарапынан бөлінетін көмекке өтініш берген.

Вирустан Таяу Шығыстағы адам шығыны ең көп болған мемлекеттердің бірі Иранда үкімет жұмыссыздар қатарына 5 млн адамның қосылу ықтималдығы туралы ақпаратты жариялады.

Германия үкіметі Kurzarbeit атты көмек түрін іске асырып, оған 470 700 компания өтініш білдірген. Бұл компанияларға жұмысшыларды жұмыстан шығармай, мемлекет тарапынан қаржыландыру арқылы демалысқа жіберуге мүмкіндік береді. Қытайда жұмыссыздық деңгейі ақпан айында 6,2%-ға дейін жеткен, бұл ең үлкен көрсеткіш болып табылады

COVID-19 пандемиясының өршу салдарынан әлем бойынша енгізілген "Ұлы Карантин" шараларынан кейін, Қазақстан экономикасының қазіргі жағдайы және орта мерзімді даму перспективасына позитивті болжамдар жасауға ешқандай себеп қалмай отыр. Сәуір айының басында ҚР Ұлттық экономика министрлігі коронавирустық дағдарыстың салдарын ескере отырып, жаңартылған болжамдарды ұсынды. Онда Қазақстан экономикасы соңғы 22 жыл ішінде алғаш рет теріс өсу қарқыны -0,9% деңгейінде көрсетуі мүмкін екендігі көрсетілген.

Дереккөз: ҚР ҰЭМ мәліметтері негізінде GSB UIB  бизнес талдау орталығы құрастырды.

ҚР ҰЭМ болжамы ХВҚ болжамына қарағанда әлдеқайда оптимистік сценарийде екенін байқауға болады. Болжамға сәйкес, бұған елдегі мұнай және газ конденсатын өндірудің өткен жылғы 90,6 млн-нан 86,0 млн. тоннаға дейін төмендеуі, сондай-ақ Brent маркалы мұнайдың орташа жылдық бағасының барреліне 64-тен 28 АҚШ долларына дейін төмендеуі ықпал еткен. Сонымен бірге, аталған болжау тұтынушылық инфляцияның жылдық деңгейінің 9-11%-ға дейін жеделденуіне, АҚШ долларының теңгеге шаққандағы орташа бағамы шамамен 440 деңгейінде болуы, сондай-ақ ЖІӨ-нің номиналды көлемі 69,7 трлн-ды құрайды делінген.

ХВҚ-ның World Economic Outlook сәуір айындағы есебіне сүйенсек Қазақстан экономикасын өте терең тоқырау күтіп тұр, ол тіпті ҰЭМ-нің жағымсыз болжамдарынан да асып түсуі мүмкін. Жоғарыда аталып өткендей, елдің нақты ЖІӨ-і -2,5%-ға төмендейді. Сонымен қатар, рейтингтік агенттіктердің (S&P, Moody's) бағалауы бойынша, Қазақстан экономикасы 2020 жылы оң өсуді 2,9-3,0% деңгейінде ұстап тұрса, ал халықаралық қаржы ұйымдарының (Азия Даму Банкі, Дүниежүзілік банк) болжамдарына сәйкес бұл көрсеткіш кемінде 1,0–1,8% құрайды. Төмендегі кестеге қарасаңыздар Fitch Ratings 1,5 % өсім болады десе, Еуропа қайтақұру және даму банкі тіпті -3%-ға дейін түсуі мүмкін деген болжам келтірген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстан экономикасының 2020 жылға арналған даму перспективасы туралы нақты консенсус жоқ.

 

Дереккөз: ұйымдардың ресми сайттарындағы мәліметтер негізінде GSB UIB  бизнес талдау орталығы құрастырды.

ҰЭМ Қазақстан экономикасы соңғы 22 жыл ішінде алғаш рет теріс өсу қарқынын -0,9% деңгейінде көрсетуі мүмкін деген болжамын растаймыз. Дегенмен біз ЖІӨ 2020 жылы 0,5-1%-ға қысқаратынын болжап отырмыз, өйткені шикі және өнеркәсіптік өнімге сыртқы сұраныс айтарлықтай төмендейді, ал салдарды жеңілдету жөніндегі шаралар сұраныс пен инвестициялардың өсуіне ықпал етеді.

Елімізде жүзеге асырылып жатқан ұзақ қатаң тыйым салу шаралары экономикалық белсенділікті бәсеңдетуі мүмкін. Егер пандемия өңірлер бойынша таралуын жалғастырса және егер сыртқы экономикалық конъюнктура одан да көп нашарласа, онда ЖІӨ қысқарып, кедейлік деңгейін едәуір арттыруы мүмкін.

Stat.kz сайтындағы ресми ақпарат бойынша Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі наурыз айында 4,8%-ды құраған. Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес пандемияға байланысты ол 5,8%-ға  артқан. Ұлттық Валюта Қорының болжамына сәйкес бұл көрсеткіш 7,8%-ға дейін көтеріледі. Бүгінгі күні табысынан айырылған 4,5 млн-ға жуық қазақстандық мемлекет тарапынан бөлінетін 42 500 теңге әлеуметтік көмегін алған. Ал өтініш берген азаматтардың саны тіпті 8 млн адамнан асқан. Бұл жағдай ҰЭМ статистикалық мәліметтерін толығымен жоққа шығарып тұрғандай. Сондықтан алдымен еліміздегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайдың сипатын білу үшін, ең әуелі статистикалық мәндердің нақты болғаны маңызды.

GSB UIB  бизнес талдау орталығының сарапшылары:

Мақсат Халық, Нұржан Әбдіразақ, Жалғасбек Ақболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу