COVID-19 білім саласына аяусыз соққы беруде – Дүниежүзілік банк

6412

Келешек ұрпақтың табысы 10 трлн долларға азаятыны болжанды.  

COVID-19 білім саласына аяусыз соққы беруде – Дүниежүзілік банк

Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы білім беру мәселелері жөніндегі жетекші маманы Айша Вауда пандемия кесірінен мектептерді 3-5 айға жапқанның өзінде әлемде 7 млн бала оқуын тастап кетуі мүмкін екенін айтты. Британдық ғалымдардың дерегінше, COVID-19 пандемиясының әсері 60-65 жылға дейін созылмақ.

"Бұл жалақы, зейнетақы, жәрдемақы немесе т.б. сол сияқты төлемдерді төлеуге де әсер етеді. Наурыз айынан бастап дүние жүзінде көптеген оқу орны жабылды. Ал пандемияның шарықтау шегі кезінде 1,5 млрд білім алушының оқу үрдісі бұзылды. Сол себепті, мектептерді 3-5 айға жапқан кезде қандай нәтиже болатынын түсіну үшін Дүниежүзілік банк арнайы модель жасады. Осы моделге зер салсақ, оқушылардың білім деңгейінің жарты жылға артта қалғанын байқаймыз. Оқу дағдысының ең төменгі деңгейіне де жете алмаған оқушылар саны 25%-ға артты. Мектептер жабылған кезде білім берудің көптеген тетігі алғаш рет қолданылды. Білім алуда қазірдің өзінде теңсіздік орнап отыр. Сондықтан 7 млн бала оқудан шет қалып, мектепті немесе жоғарғы оқу орнын тастап кетуі мүмкін", – деп топшылады білім беру мәселелері жөніндегі жетекші маман.

Дүниежүзілік банк өзі жасаған үлгіге сүйене отырып, келешек ұрпақтың табысы орташа алғанда 10 трлн долларға азаятынын болжады.

"Іске асырылмаған еңбек кірісін үш сценарий бойынша есептедік. Оптимистік, орташа және пессимистік сценарий жасалды. Орташа сценариді алып қарайтын болсақ, әлем елдері іске асырылмаған еңбек табысы ретіндегі 10 трлн доллардан айырылады. Бұл нені білдіреді? Мектептерді 5 айға жабудың өзі жаһандық жалпы ішкі өнімнің оннан бір бөлігіне әсер етеді. Сонымен қатар, Орталық Азия елдерінде мектеп жасындағы балалар мен студенттер үлесі басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Мысалы, Өзбекстан халқының 40%-ы 0 – 24 жас аралығындағылар. Ал Қазақстанда халықтың 39%-ы 24-ке дейінгілер. Яғни, бұл ұрпақтың қазіргі алған білімі алдағы ұзақ жылдар бойы елдің экономикасына, әлеуметтік жағдайына әсер етеді", – деп ескертті Айша Вауда.

Дүниежүзілік банк өкілінің сөзінше, COVID-19 пандемиясы басталғанға дейін де Орталық Азияда оқыған баланың білімі өте төмен болған.

"Үйлесімді нәтижелерді бағалау деректеріне қарасақ, Орталық Азияның қарапайым студенті Еуропадағы құрдастарынан 1,5 жылға артта қалып қойғанын көруге болады. Әрине, әртүрлі дәлсіздіктер, мысалға Тәжікстан студенті мен Қазақстан студентінің білімінде айырмашылық болуы да мүмкін. Ал РІSА зерттеулерінің нәтижесіне көз жүгіртсек, аймақтағы білім алушылардың функционалдық тұрғыдағы сауаты өте төмен екенін көреміз. Функционалдық сауаттылық дегеніміз, қазіргі қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік беретін дағдылар мен білімнің болуы. Тіптен аймақтағы он білім алушының сегізі функционалдық жағынан сауатсыз екені белгілі болған. Ал экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде керісінше, он студенттің сегізінің функционалдық сауаты жоғары", – деп мәлім етті ол.

Айша Вауданың айтуынша, Қазақстанда материалдық тұрғыдан ең аз қамтылған отбасылардан шыққан 15 жасар оқушылардың 20%-ы дәулетті құрдастарынан 45 PISA ұпайына, яғни шамамен 1 жылға артта қалып жатыр. 

Ал COVID-19 пандемиясының басталуы жағдайды одан сайын күрделендіре түскен. Дүниежүзілік банктің есебінше, Орталық Азиядағы экономикалық шығын 44 млрд долларға дейін жетеді.
"Коронавирус пандемиясы білім беру мен тәрбиелеу жүйесіне аса жойқын күшпен соққы беруде. Ал оның кері әсерін халық ондаған жылдар бойы сезінетін болады. Ең пессимистік емес сценарий жүзеге асқанның өзінде, тек Орталық Азиядағы экономикалық шығынның мөлшері 44 млрд долларды құрамақ. Дегенмен аймақ елдері түрлі арналар мен форматтарды пайдалана отырып, білім алуға қол жетімділікті қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдауда. Жаңа білім жүйесінің негізін Орталық Азия елдері қазірден бастап сапалы, тұрақты әрі әділетті етіп қалауға тиісті", – деп баса айтты Айша Вауда.

Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы адами капиталды дамыту бағдарламасының жетекшісі Сусанна Айрапетян әлемді жайлаған індет білім саласына ғана емес, жалпы еңбек капиталына да нұсқан келтіретінін айтты.

"Алдын ала есептер бойынша, әлемнің 68 елі вакциналауды жүзеге асыруда күрделі мәселелерге тап болып отыр. Бұл дегеніңіз дүние жүзінде бір жасқа толмаған 80 миллион бала екпе ала алмайды деген сөз. Соның салдарынан бала өлімі орасан зор мөлшерде, 45%-ға дейін артады. Ол балалар ауру жұқтырып, мүгедек болады немесе шетінеп кетеді. Пандемияға байланысты көп елде адамдардың медициналық мекемеге қаралуына мүмкіндігі жоқ немесе өздері дәрігерге барғысы келмейді. Сол себепті, алдағы 5 жылда туберкулез (20%), безгек (36%), иммун тапшылығы синдромы (СПИД) (10%) ауруларынан өлім-жітім көбейеді. Сонымен қатар, зерттеушілердің дерегінше, 2020 жылдың екінші жартысында жұмыссыздық 9-12%-ға артады. Бұл да жұмысынан айырылған, тұрмысы нашар отбасылардың балаларына сапалы білім алуға кері әсер етеді", – деп барлық елге қатысты қиын жағдайды айтып өтті.

Сусанна Айрапетян COVID-19 пандемиясы аяқталғаннан кейін адам капиталын дамытуда қандай цифрлық шешімдер қабылданатыны жайлы да айтты. Оның сөзінше, болашақта білім беру дәстүрлі және цифрлық әдістерді қамтитын аралас түрде дамиды.

"Бір жақсы жағы, цифрлық технологияларды енгізуді жеделдету қажеттігін түсіндік, бірқатар цифрлық инфрақұрылым жасалды. Бүгінгі күні онлайн білім берудің куәгері болып отырмыз. Болашақта аралас білім беру жүйесі қалыптасады. Қазіргі үрдістер осыған келе жатыр. Дамыған елдер аралас білім беруді бұрын да пайдаланған болатын. COVID-19 жойылғаннан кейін көп елдің білім саласы осындай жүйеге көшеді", – деді Орталық Азиядағы адами капиталды дамыту бағдарламаларының жетекшісі.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу