COVID-19-ға қарсы вакцинадан басқа екпелердің тапшылығы туындады

2970

Денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндіктері басына тартса, аяғына жетпей жатыр. 

COVID-19-ға қарсы вакцинадан басқа екпелердің тапшылығы туындады Фото: Максим Морозов

МӘМС енгізу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында Денсаулық сақтау министрлігінің және медсақтандыру қорының шенділері осы жүйе енгізілгеннен бастап, халықты дәрімен қамту керемет қарқын алғанын қуана айтып жатты.

"МӘМС енгізілуіне байланысты медициналық көмекті қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда бірден 80%-ға өсті. Осы қаражат есебінен сақтандырылғандар дәрігерлерден 81 млн мәрте консультация және диагностикалық қызметтер ала алады. Бұл 2020 жылға қарағанда 25%-ға артық. Соның ішінде азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қолжетімділік бірден 30,9%-ға ұлғайды", – деп мақтанып қойды Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов.

Әйтсе де, азаматтардың шағымы бұл көріністі бұзып тұр.

Шенеуніктер кене шабуылына әзір болмай шықты

Жаз келе, көп адамды кене шағу қаупі артады. Ондай жағдайда адамда өлімге соқтыратын өте қауіпті ауру – кене энцефалиті туындауы ықтимал. Сондықтан кене шақса, шұғыл түрде иммуноглобулин екпесін салғызу міндетті болып есептеледі. Бұл вакцинада осы жәндіктер тарататын үрейлі вирусқа қарсы антиденелер бар. Олар адам ағзасы төл қорғанышын түзгенге дейін вируспен күреседі. Алайда әр өңірдегі азаматтар осы препаратты таппай жатқанын айтып дабыл қағуда.

Солардың бірі, өскемендік Лариса Климова 27 маусым күні денесіне жабысқан кенені тауып алып, дереу облыстық медорталықтың травматологиялық пунктіне жүгіреді.

"Дәрігерлер кенені алып тастады. Бірақ мұндай жағдайда міндетті иммуноглобулин инъекциясын екпеді. "Препарат бізде жоқ" деген олар өзім тіркелген емхананың учаскелік терапевтіне жүгінуге кеңес берді. Өз емханам да еш көмек көрсете алмады. Дәрігерім ондай препараттың біраздан жоқ екенін мәлімдеді. Билік неге халық денсаулығын қорғау саласын мұндай аянышты деңгейге жеткізген? Жылда жаз келе, осы препаратқа сұраныс артатыны санасына жетпегені ме?! Әлдебір шенеуніктің салғырттығы, жауапсыздығы, кәсіби біліксіздігі кесірінен бұқара кене белсенділігі артатын маусымда өмірлік қажетті препараттан қағылып отыр. Екпе салғыза алмай, "енді үш апталық өмірім ғана қалды ма?" деп, қайғырып жүрмін", – деп қапаланады Өскемен тұрғыны.

Мамандар иммуноглобулинді кене шаққанда 3 күн ішінде салғызуды ұсынады. Сонда вакцинадағы антиденелердің тиімділігі жоғары болады. Ларисаның ол үш күні өтіп кетті. Жабырқайтыны да содан.

"Егер ауырып қалсам, кім жауап береді? Шенеуніктер денсаулық үшін ынтымақты жауапкершілікті енгіздік деп қайталаудан жалықпайды. Мен өз тарапымнан жауапкершілік танытып, ауруханаға дер кезінде жүгіндім. Ендеше неге мемлекет жауапкершілік танытпайды? Әлгі препараттың көмегі болатын үш күнді өткізіп алдым. Мен сақтандырылған адаммын, ӘМСҚ қорына тұрақты жарна төлеймін. Қайтарымы қайда? Жарнамды уақытылы төлейді екенмін, бұл қордан және биліктен өзіме медициналық көмектің уақытылы, сапалы әрі толық көлемде көрсетілуін де талап етуге қақылымын. ШҚО денсаулық сақтау басқармасына қоңырау шалдым, ондағылар телефон тізімін беруден басқа қайран қыла алмады", – дейді шағымданушы.

Ол сұрастыра келе, өзге таныстарының да кене шабуылына ұшырағанын біліпті. Олардың бірде біріне қажетті көмек көрсетілмеген.

Жан тәтті ғой, мемлекеттен көмек болмаған соң, Л.Климова бұл препаратты өз қаржысына сатып алмақ болыпты, алайда оның дәріханаларда да саудада жоқ екені анықталды.

Иттер көп, екпе табу қиын

Ұқсас жағдай өзге вакциналарға қатысты да қалыптасып жатқан көрінеді. Мысалы, қазіргі кезде қалалар мен ауылдарды ашыққан қаңғыбас иттер мен мысықтар кезіп жүр. Халық тұрмысы төмендеген сайын бұлардың саны да артып барады. Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігінің "Жануарларға жауапты қарау туралы" заң жобасы бойынша бас маманы Нұрлан Кәрімов әзіл-шыны аралас, "иттердің бәрін Кореяға экспорттауды" ұсыныпты. Жан-жақтан сынды қарша боратқан зооқорғаушылардың оны "жеп" қоя жаздағанына қарағанда, АШМ бұл ниетін іске асыра алмайтынға ұқсайды. 

Оның үстіне ит ұстаушылар да көшеде төбеттерін тұмылдырықсыз серуендетеді. Таяуда солардың біріне қатаң түрде ескерту жасаймын деп, ғарышкер, беделді сенатор Талғат Мұсабаевтың басы бәлеге қала жаздағаны бар. Енді өзге адамдар "итсүйер" қауымға ескерту жасаудан именуі мүмкін.

Демек, ит талаған, мысық тістеген қазақстандықтарға құтырудың алдын алу үшін ары қарай да "антирабикалық вакцинаға" жүгінуге тура келмек. Еске сала кетсек, құтыруға қарсы бұл вакцина 6 рет егіледі және бірінші күннен бастап, 3-ші, 7-ші, 14-ші, 30-шы және 90-шы күні салынуға тиіс.

Елорда тұрғыны Назира Мұстафина Ақтауда 16 маусымда баласын ит қапқанын жеткізді. Абырой болғанда, Ақтау қаласының балалар ауруханасының травматологиялық пункті жазып берген екпе кестесіне сәйкес, құтыруға қарсы вакцинаның алғашқы екі дозасын сол Ақтауда ала алған.

"Содан Нұр-Сұлтан қаласына орала сала, "Интертич" емханасына жүгіндік. Балам соған тіркелген. Алайда емханамыздың педиатры телефон шалып, ештеңеден көмектесе алмайтынын хабарлады. "Біз сіздің мәселеңізбен 24 маусымнан бері айналысудамыз. Бірақ барлық емхана балаға бұл екпені салғызудан бас тартуда" деді. Қошқарбаев көшесіндегі көп бейінді ауруханадағы дәрігерлер 3-ші екпені әзер дегенде екті. Оның бөлім меңгерушісі емханамыздан бұл медқызметті неге өздері көрсете алмағаны туралы түсініктеме мен бағыттама әкелмей, келесі вакцинаны салмайтындарын ашық айтты. Түсініктемені ұсынсақ, қалған екпелерді ала аламыз. "Интертич" болса, ондай хат беруден бас тартып отыр. Егер жеке клиника қарапайым өтініштерін орындамайтын болса, медсақтандыру қоры оған неге біздің жарнамызды шығындайды?!" – дейді шағым иесі.

3 перзенті бар ана емханасының балаларға өзге де міндетті профилактикалық вакциналарды уақытылы еге алмай жүргенін қосты. 

Денсаулық сақтау жүйесіндегі бітпейтін-қоймайтын олқылықтар кесірінен және жоғарыдағы "ағалардың" мәселені шешуді созбалаңға салуы салдарынан екі жасар бүлдіршіннің өміріне қауіп төнуі ықтимал.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу