Covid-19:Қытай әлемнен қауіптене бастады

6190

Еуропа "Қытайға айналған" шақта әйгілі эпидемиолог коронавирус дағдарысының маусымда аяқталатынын айтты.  

Covid-19:Қытай әлемнен қауіптене бастады

Қытай үкіметінің медициналық кеңесшісі және 2003 жылы атиптік пневмониямен күресте көпке танылған 83 жастағы эпидемиолог Чжун Наньшанның ойынша, коронавирус дағдарысы жылдың ортасына таман аяқталады.

"Егер барлық ел күш біріктіре алса, ол маусымға қарай тәмамдалады. Бірақ кейбір мемлекеттер инфекция мен кесапатқа салғырт қарап, вирусты тоқтатуға бел шешіп кіріспесе, дағдарыс ұзаққа созылып кетуі мүмкін", –дейді Наньшань.

Covid-19-ды осы күнге дейін планетаның 110-нан астам елінде 128 мыңдай адам жұқтырды. Науқастардың көбі – Қытайда. Құрбандар саны 4700-ге жуықтап отыр. Дегенмен, бейсенбі күнгі мәліметке қарағанда, Қытайда жұмбақ дертке шалдыққандар саны 15-ке әрең жетті. Солардың алтауы шетелден импортталған екен. Осылайша, өткен айда әлем Қытайдан қауіптенсе, қазір Қытай өзге мемлекеттердің азаматтарынан сескенетін жағдайға жақындап қалды. Сонымен қатар, Қытайда коронавируспен аурханаға түскендердің төрттен үші емделіп, үйлеріне жіберілген.

"Қытайда эпидемия шарықтау шегіне жетіп болды", – дейді осы елдің Ұлттық Денсаулық Сақтау Комиссиясының баспасөз хатшысы Ми Фэнь. 

Осы аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың тарауын пандемия деп жариялады. Бұл Covid-19-дың шартарапқа тез жайыла бастағанын білдіреді.

"Біз күн сайын дүние елдерін шұғыл әрі агрессивтік шаралар қолдануға шақырып келеміз және дабылды айқын әрі қаттырақ қағып отырмыз. Пандемияның бағытын өзгертуге әлі де мүмкіндік бар. Бізді вирустың тарау деңгейі ғана емес, оған қарсы әрекетсіздік те алаңдатады", – дейді ДССҰ-ның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.

Еуропа – пандемияның жаңа эпицентрі

Қазір АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны өсіп келе жатса, Еуропа пандемияның жаңа эпицентріне айналды. Италияда дауасы жоқ дертке 15000-нан астам адам шалдықса, Құрама Штаттарда мұндай пациенттер саны 1300-ге жеткен.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын-алу орталығының басшысы Роберт Редфильдтің мәлімдеуінше, "Еуропаны жаңа Қытай" деп атауға болады.

Бүгінде Италияда жаңа инфекциядан 1000-астам адам қайтыс болды. Бүкіл елде мектептер мен университеттерде оқу тоқтатылып, дүкендер мен кәсіпорындар жабылып, халықтың барлығы – 60 миллиондай адам карантиндік жағдайда өмір сүріп жатыр.

Еуропаның Аурулардың алдын-алу және бақылау орталығының дерегінше, бұл аймақта 22 мыңдай Covid-19 оқиғасы тіркеліп, 1000-ға жуығы жән тәсілім еткен.

Көптеген адам үшін коронавирус сондай ауыр емес, дененің қалшылдауымен, жөтелмен ғана шектеледі. Өзге біреулерде, әсіресе, егде жастағылар мен денсаулығында проблемасы барларда ол пневмонияға ұласып кетуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, Covid-19-ға  ұшырағандардың басым бөлігі айығып кетеді, ауруы жеңілдер екі аптада, қатты науқастанғандар 3-6 аптада сауыққан.

Коронавирус Еуропа одағының барлық 27 елінде табылды. Брюссель "коронаға қарсы инвестициялық қор" құрып, оған 7,5 млрд еуро аударатынын жариялады. Бұл қаражат медициналық құрылымдарды, вирустан зардап шеккен шағын бизнесті қолдауға, жұмыс орындарын сақтауға жұмсалады.

Айта кетсек, Германия канцлері Ангела Меркель коронавирусты халықтың  70 пайызы жұқтыруы мүмкін екенін ескертті. Ал, өзге бір зерттеулерге қарағанда, 2021 жылы бұл ауруға әлемде 100 миллион адам шалдығуы ықтимал.

Таяу Шығыста қауіпті инфекция 10 000-ға жуық адамнан анықталды. Солардың көбі – ирандықтар. Ислам Республикасында коронавирусты жұқтырғандар қатарында вице-президент, министрлер, депутаттар бар. Сонымен қатар, бұл мемлекетте Covid-19 құрбандарының саны 354-ке жетіп отыр.

30 күндік авиациялық тыйым

Сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп еуропалықтардың көбіне ұшақпен Құрама Штаттарға баруға тыйым салды. Бұл режим 30 күн бойы әрекет етіп, онсызда жолаушылары азайған авиация индустриясы үшін жығылғанға жұдырық болып отыр.

Жұма күні түнде күшіне енетін заңның  елге оралатын америкалықтар мен Ұлыбритания азаматтарына пәрмені жүрмейді. Трамп Еуропа одағын Қытайдан және әлемнің "өзге де ыстық нүктелерінен" сапарларды дереу доғармай, эпидемияның Америкада да өршуіне жол ашты деп кінәлады.

FlightAware қызметінің дерегінше, Еуропадан күніне АҚШ-қа 400-ге әуе сапары жасалады екен. Ал, былтыр Құрама Штаттардан "Қарт құрлыққа"  72,4 млн адам ұшып, екі аралық ең қарбалас халықаралық әуе жолы атанған. Дегенмен, Ақ үй басшысы америкалықтардың Еуропаға баруын шектеу жөнінде ештеңе айтқан жоқ.

Бейсенбі күні Еуропа одағы Трамптың Брюссельмен ақылдаспай, қабылдаған "біржақты" шешімін айыптап, инфекциялық аурулардың шекара таңдамайтынын ескертті.

"Коронавирус – ғаламдық дағдарыс. Ол бір континентпен шектелмей, сыңаржақ әрекеттен гөрі ынтымақтастықты көбірек талап етеді", – дейді Еуропа кеңесінің президенті Чарльз Мишель мен Еуропа комиссиясының басшысы Урсула фон дер Ляйен.

Қаржылық дағдарыс қаупі

Бірнеше аптадан бері коронавирус әлем экономикасын рецессияға ұшыратады деген қауіп күшейіп келеді. Сондықтан инвесторлар акциялардан құтылуға асығып, биржаларда мыңдаған компанияның құнды қағаздарының орташа нарқын көрсететін индекстер төмендеп барады.

Трамп Еуропамен арадағы әуе рейстеріне шектеу қойғаны белгілі болғанда, Нью-Йорк биржасында индекстер шамамен 10 пайызға төмендеді. Сарапшылар мұны 1987 жылғы "Қара дүйсенбіден" бергі ең үлкен құлдырау деп атады.

"Бұл – экономиканың әлсіреуі қарсаңындағы қорқыныш қана емес, акцияларды жаппай сату – жаңа бір қаржылық дағдарысқа душар ететін қауіп", – дейді Лас-Вегастағы Bright Trading LLC компаниясының трейдері Деннис Дик "Рейтерге" берген сұхбатында.

Бүгін таңертең Токио биржасында Nikkei 10 пайызға түсті. Ал, Гонконг, Шанхай, Сеул қор нарықтарында индекстер 4-8 пайызға, Еуропа акциялар нарығы 12 %- ға төмендеген. 

Трамптың шешімі мұнай нарығын да теңселтті. Бейсенбінің кешінде Brent, WTI сұрыпты шикізаттардың құны бірден 5-6 %-ға арзандады.

Бұған қоса, Ресеймен баға соғысына кіріскен Сауд Арабиясына Біріккен Араб Әмірліктері де қосылды. Екі ел көмірсутегі өндірісін алдағы айда тіпті арттыратынын ескертіп отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу