COVID-19 таралуының алдын алу алгоритмі жасалды – Тимур Мұратов

2156

Күз және қыс кезінде коронавирус инфекциясының алдын алу іс-шараларның жоспары бекітілген. 

COVID-19  таралуының алдын алу алгоритмі жасалды – Тимур Мұратов Фото: astana.gov.kz

Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов елорда әкімдігі мен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлім етті.

"COVID-19 індетіне күдігі бар науқастарға медициналық көмек көрсету үшін пациенттерді күрделілік дәрежесіне қарай бөлу үшін 4 деңгейлі алгоритм жасалды. Күз және қыс кезінде коронавирус инфекциясының алдын алу үшін емдеу іс-шараларның жоспары бекітілді. Симптомсыз және жеңіл түрде ауыратын адамдармен қарым-қатынаста болғандардың денсаулығын қашықтан басқаруды емханалардың фармакология бөлімшелерінің мамандары жалғастырады. Сондай-ақ симптомсыз және COVID-19 ауруы жеңіл түрде өтетін науқастармен қарым-қатынаста болғандарға ПТР және басқа да талдауларлар жүргізу үшін 207 мобильді бригада ұйымдастырылады. Яғни 5 мың тұрғынға 1 бригада қызмет көрсетеді. Жедел респираторлық аурулармен ауыратын науқастарды қабылдауға арналған фильтр бөлмелерінің жұмысы күшейтілді. Сондай-ақ, алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем кезінде науқастарға медициналық көмек көрсетудің алгоритмі әзірленді", – деді  Тимур Мұратов.

Оның сөзінше, әзірленген алгоритм салалық ресурстарды ұтымды пайдалануға және бірінші толқын кезінде туындаған келеңсіз жайттарды қайта болдырмауға мүмкіндік бермек.

"Бүгінде қалада коронавирус инфекциясына арналған биоматериалдарды талдауға арналған 13 зертхана бар. Зертханалардың жалпы қуаттылығы тәулігіне 7 мың сынаққа дейін жетеді. Қазіргі кезде 398 мың зерттеу жүргізілді, оған қоса 100 мыңға жуық реагент те бар. Жалпы қуаттылығы тәулігіне 1440 сынаққа жететін 9 изотермиялық зертханалық кешен сатып алу жоспарлануда. Ал халыққа қызмет көрсететін жедел жәрдем бригадаларының санын БМСК ұйымдарында 70-ке дейін, станция деңгейінде 100 бригадаға дейін (барлығы 170 бригада) арттырамыз", – деп атап айтты Тимур Мұратов.

Ол стационарларды іске қосу үш кезеңнен тұратынына тоқталды. 

Бірінші кезеңде стационарларда 500 орынға адам жатса, 5 медициналық ұйымның базасында тағы 1645 төсек-орын ашу жоспарда бар. Ал көпсалалы медициналық ұйымдар шұғыл және жоспарлы түрде емдеуге жатқызылатын науқастарды қабылдауын жалғастыра береді.

Екінші кезеңде 1100 төсек-орын бос болмаса, бірқатар республикалық клиникада қосымша 1919 кереует орналастырылады. 

Ал үшінші кезеңде инфекциялық ауруханалардың жүктемесі 2500 төсек-орыннан асып кетсе, 2090 орынға арналған 7 қосымша нысан қосылады. Мұның барлығы 5600-ге дейін жұқпалы аурулар төсек-орын орналастыруға мүмкіндік бермек, ал оның 441-і – реанимациялық орын.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасы басшысы ауруханалар өкпені жасанды желдету аппараты құрылғыларымен толықтай қамтылғанын айтты. Бүгінгі күні қолда 434 өкпені желдету құрылғысы бар. Ал республикалық клиникалардың, жеке медициналық ұйымдардың және басқа ұйымдардың томографиялық аппараттарын санағанда 19 компьютерлік томограф, 27 рентген аппараттары, 583 оттегі концентраторы және шамамен 1584 оттегі орындары бар.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу