Дағдарыс дамушы елдерге инвестиция салуға ыңғайлы уақыт – Қайрат Келімбетов

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6837

АХҚО шағын және орта бизнесті қолдау шараларын да дайындап жатыр.

Дағдарыс дамушы елдерге инвестиция салуға ыңғайлы уақыт – Қайрат Келімбетов

COVID-19 пандемиясы жаһандық экономика мен халықаралық сауданы бәсеңдетіп қана қоймай, тікелей халықаралық инвестицияны да азайтты.

Қазірдің өзінде пандемиядан кейін экономиканың құрылымы мен бизнес модельдердің өзгеріске ұшырайтыны айтылып жатыр. Бұл ретте Қазақстан секілді дамушы елдің нарығына ірі халықаралық инвестиция тарту және экономиканың дағдарысқа төзімділігін арттыру үшін қандай шара қабылдау қажет? Бұл сұраққа "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов inbusiness.kz порталына берген эксклюзивті сұхбатында жауап берді.  

– COVID-19 пандемиясының өршуі әлем экономикасын әлсіретіп тастағанын көріп отырмыз. Қазіргі жағдай дамыған елдер үшін де, дамушы елдер үшін де оңайға соғып жатқан жоқ. Ірі инвесторлар қаражаттарын қайда салып жатыр?

– Пандемия салдары біздің алғаш рет бетпе-бет келіп отырған дағдарысымыз емес. Бұдан да басқа эпидемиологиялық дағдарыстар болған. Мұндай кезде әлем бойынша белгілі бір деңгейде протекционистік көңіл-күй белең алады.

Сөзсіз, жаһандану бәсеңдеп, мемлекеттер оқшаулана бастағанда инвесторлар "тыныш аймақтарға" кетіп қалатыны белгілі. Қазіргі таңда инвесторлар қаражаттарын дамушы елдерден жаппай әкетіп жатыр. Мұндай кезде инвесторлар қаражаттарын "үлкен жетілік" елдерінің мемлекеттік құнды қағаздарына салады немесе ірі компаниялардың акцияларын ала бастайды. Алайда мұндай үрдіс әдетте қысқамерзімді болады. Активтерді басқарушы ірі компаниялар жаңадан инвестиция құралдарын іздей бастайды. Бұл дамушы елдердегі активтердің арзандайтын уақыты. Тиісінше, дағдарыс дамушы елдерге инвестиция салуға ыңғайлы уақыт деп айтуға болады. Яғни инвестиция жаппай жылыстағаннан кейін артынша кері қайтады. Алайда жаһандық инвесторлар барынша белгілі бір сала мен кәсіпорынға ғана көңіл аударып, ең тартымды деген жобаларға  ғана қаржы құяды. Инвесторлар тек дамушы нарықтар мен шекаралас нарықтарға ғана келе бастайды. Міне, солармен жұмыс істеу керек. Онымен қоймай, олардың инвестициясына кепілдік беру қажет. Бұл ең алдымен ашықтық, заңнаманың тұрақтылығы, түсінікті ережелер.

Әлем макроөңірлерге бөлінген кезде олардың арасында байланыстың сақталуы маңызды. Менің ойымша, осындай байланыстырушы арналардың бірі – "Астана" (АХҚО) халықаралық қаржы орталығы. Қазір АХҚО буферлік аймақ ретінде посткеңестік елдердің көптеген кәсіпорындарына жаһандық инвесторларға шығатын алаң ұсынып отыр.

– Пандемиядан кейін әлем экономикасы бірінші кезекте қандай қатерлермен бетпе-бет келуі мүмкін?

– Алдағы уақытта жаһандық экономика қалай дамитынын қазірден бастап ойластыра беруіміз керек. Қай мәселеде екіұдай күйде екенімізді, қай салада дереу құрылымдық реформа жасалуға тиіс екенін анықтау қажет. Азық-түлік қауіпсіздігі коронавирус пандемиясынан кейін әлем экономикасы үшін күн тәртібіндегі басты мәселеге айналуы мүмкін. Осы орайда, Қазақстан өзінің ауыл шаруашылық әлеуетін пайдалануға тиіс. Бұдан бөлек, әлеуеті жоғары тағы басқа да бірқатар салалар бар. Атап айтар болсақ: цифрландыру, мемлекеттік басқаруды жетілдіру, қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттыру.

Бүгінгі таңда экономикалық және қаржылық дағдарыс пен мұнай-газ өнеркәсібіндегі теріс көрсеткіш салық түсімін азайтып, бюджет шығынын көбейтіп отыр. Карантин табыстың төмендеуіне түрткі болды. Бізге экономиканы қайта жандандыру үшін ортамерзімді жоспар құру қажет.

– Пост-пандемия кезінде инвесторлар арасында кейбір салалардың тартымдылығы төмендеп, кейбір салалардың танымалдығы артуы мүмкін деген болжам бар. Қалай ойлайсыз, Қазақстан қай сала бойынша халықаралық ірі инвесторларды тарта алады?

–  Халықаралық бизнес қаражат салады-ау деген активтерді зерттедік. Менің ойымша, Қазақстанның тау-кен өнеркәсібінің, өңдеу өнеркәсібінің, ауыл шаруашылығы саласының мүмкіндігі мол. Болашақта ауыл шаруашылығы  хабтарының маңызы артады. Біз әлемдік агротех, биотех, білім беру мен денсаулық сақтау, IT, ICT салаларында экспорттық қызмет көрсету секілді жаңа технологиялық өзгерістер секілді әлемдік трендтерді қарауымыз керек.

Қай салада нақты қандай бизнестің жақсы жұмыс істеп жатқанын саралау қажет. Яғни қазір көркейіп жатқан компаниялар жаңа өзгерістердің бенефициарлары ма, әлде керісінше, алдағы уақытта қиындыққа ұшырауы мүмкін компаниялардың бірі ме, соны анықтаған жөн. Кей компаниялар үшін қиындық тек 2-3 жылға дейін созылады, тіпті одан кейін аяққа тұра алмай қалуы да мүмкін. Менің ойымша, шағын және орта бизнес бірінші болып цифрландыруға бет бұрып, алдағы уақыттағы трендтерге ілесуі үшін өзгеруге, өзгертуге қадам жасау керек.

– Жоғарыда өзіңіз айтқандай, дағдарыс инвесторларды "тым сақ" болуға итермелейді. Тікелей инвестиция азайған кезде шағын және орта бизнестің жағдайы қалай болмақ?

– Шағын және орта бизнестің маңызы жоғары. Мысалы, Қытай эконмикасында жұмыс орындарының 80% шағын және орта бизнес қамтамасыз етіп отыр. Өзге де ірі экономикаларда көрсеткіш осы шамалас. Біздің елде шағын және орта бизнес ішкі жалпы өнімнің 30% жуығын құрайды. ШОБ экономикадағы орнын енді ғана иелене бастады. Ірі бизнеспен салыстыратын болсақ, ШОБ-тың дағдарыс кезінде пайдаланатын қоры жоқ. Алайда ол дағдарысқа барынша икемді.

"Астана" халықаралық қаржы орталығы Халықаралық қаржы орталықтарының дүниежүзілік қауымдастығына кіреді. Қазір біз өзге де қаржы орталықтармен бірлесіп шағын және орта бизнесті әдістемелік қолдау жобаларын құру мүмкіндігін әзірлеп жатырмыз. Көптеген елдер кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде. Мәселен, Милан биржасы қазір ірі униерситеттер мен компаниялардың, мемлекеттік органдардың базаларындағы ақпараттарды шағын және орта бизнеспен бөлісіп жатыр. Ондағы мақсат – ШОБ-ты мемлекеттің қазіргі сұранысымен таныстыру. Ал Неміс даму банкі дағдарысқа қарсы қарыз бен несие ұсынуда. Қазақстанда шағын және орта бизнеске ішкі жалпы өнімнің 8% көлемінде көмек беріліп жатыр. Салық үзілісі жарияланып, салық көлемі төмендетілді. Бұға қоса жеңілдетілген несие берілуд. Мемлекет сонымен қатар мемлекеттік сатып алуға шағын және орта бизнестің қатысуын да қамтамасыз етуде. Бұл – өте үлкен көмек. Инвесторлардың, соның ішінде жергілікті инвесторлардың краудфандингке және электронды әмиянға қолжетімділігін арттыратын цифрлық платформалар құрылуда. Яғни шағын және орта бизнестің тек банк арқылы ғана емес, баламалы платформалар арқылы да жұмыс істеуіне мүмкіндік бар.

– Төртінші өнеркәсіптік революция мен қазіргі карантиндік шаралар цифрлық технологиялардың дамуына үлкен серпін берді. Алдағы уақытта инновациялық шешімдер мен цифрлық технологияларды ұтымды пайдалана алмаған компаниялар нарықтағы орнынан  айырылып қалуы мүмкін бе?

–  Тұтыну қызметтерінің барлық түрі жоғары жылдамдықпен цифрландырылып жатыр. Бұл сауда саласына ғана қатысты емес, мемлекеттік қызмет, білім беру және денсаулық сақтау саласы да осы бағытта дамып келеді. Технологияның одан сайын дами түсуі үшін жеткілікті деңгейде білім мен өнім қалыптасты. Халық, әсіресе жастар барынша онлайн қызметке жүгіне бастады. Посткеңестік кеңістікте ұтымды технологиялық және инновациялық шешімдер бар. Мысалы, кейбір екінші деңгейлі банктер түрлі маркетплейстер мен агрегаторлар енгізіп жатыр. Мұның бәрі жаңа технологиялардың дамуына ықпал етеді. Қаржы технологиялары дамудың жаңаша мүмкіндігіне ие болады. Google, Apple, Amazon, Alibaba, Tencent секілді ірі технологиялық компаниялар мен Сбербанк, Barclays секілді дәстүрлі қаржы құралдары арасында үлкен бәсеке басталмақ. Кімнің өнімі халыққа жақын болса, сол жеңеді. Біз, "Астана" халықаралық қаржы орталығы, жаңа технологияларға негізделген салаларды, соның ішінде қаржы саласын да дамытуға мүдделіміз. Атап айтқанда, қаржы технологиясы мен заң технологиясының болашағы зор. Қазір стартаптар мен әлемдік ірі компаниялардың интеграциясы жүріп жатыр. Барлық экономикалар стартаптарды "Силикон аңғары", Израиль, Қытай секілді дәстүрлі жерлерден іздейді. Алайда стартаптар өз кезегінде инвесторлар мен венчурлік инвесторларды тек осы елдерден ғана іздеумен шектелмеуі керек. Посткеңестік елдерде де өте жақсы өнімдер бар.

АХҚО бұл тұрғыда үлкен мүмкіндік ұсынады. Біздің орталықты Абу-Дабиде, Дубайда, Катарда өте жақсы таниды. Қытайдың да инвесторлары посткеңестік елдерден стартаптар іздейді. Біз олармен де байланыстамыз. Еуропалық құрылымдармен де қарым-қатынас орнатылған. АХҚО арқылы қашықтан байланыс орнату посткеңестік елдердің стартаптары үшін әлемдік нарыққа шығуға таптырмас мүмкіндік. Менің ойымша, экономикадағы цифрландыру үрдістерін ескерсек, инвесторлар мен венчурлік инвесторлардың осы саладағы стартаптарға қызығушылығы артады.

– Тікелей инвестиция ағымы төмендеген кезде АХҚО халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін Қазақстандағы ғана емес, посткеңестік елдердегі теңдессіз юрисдикция ретінде ел экономикасына қосымша қаржы тарту үшін қандай жұмыс атқарып жатыр?

– "Астана" халықаралық қаржы орталығы Қазақстан мен посткеңестік елдердегі ірі бизнесті әлемдік инвесторлардың назарына іліктіретін теңдессіз алаң. АХҚО-да "Қытай құрылыс банкі" мен "Қытай даму банкі" секілді халықаралық институттардың кластері құрылған. Айта кетерлігі, "Қытай құрылыс банкі" таяуда шамамен 1 млрд юаньға құнды қағаздарын шығарды. Бұдан түскен қаражат "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясындағы жобаларға жұмсалады. Ал "Қытай даму банкі" әлемдегі ең ірі даму банктерінің бірі, актив көлемі бойынша Дүниежүзілік банктен де ірі. Сонымен қатар бізде "Еуропалық банк" пен "Азия даму банкі" секілді дәстүрлі жаһандық даму институттары жұмыс істейді. Қазақстанда "Еуразиялық даму банкінің" штаб-пәтері орналасқанын да білеміз. Бұдан бөлек, АХҚО алаңында тек несие құралдарын ғана емес, тікелей инвестиция қорының да құралдарын пайдалануға болады. АХҚО юрисдикциясында Қазақстандық тікелей инвестициялар қоры тіркелген. Дағдарыс кезінде несие алып, қарызға кіре бергеннен гөрі, инвесторлардан үлескерлік қаржы алып, тәуекелді бөліскен тиімді. Соңғы жылдары АХҚО 2,7 млрд долларға портфельді инвестиция тартты. Соның ішінде 2,4 млрд доллар облигацияларға салынған инвестиция болса, 220 млн долларға салынған инвестиция. Astana International Exchange биржасында құнды қағаздарын орналастырған компаниялардың капитализациясы 15 млрд  долларға жетеді. Жаңадан ашылған биржа үшін бұл өте жақсы нәтиже. АХҚО юрисдикциясының басты ерекшелігі ондағы ағылшын құқығы принциптеріне негізделген заң жүйесі екенін білесіздер. Бұл біздің ең басты артықшылықтарымыздың бірі. Ағылшын заңнамасы әлемдік инвесторлар үшін таныс жүйе болғандықтан, олар өз қаражаттарын біздің орталық арқылы Еуразиялық одақ, ТМД мен Орта Азия, Моңғолия және Кавказ елдерінің кәсіпорындарына инвестициялай алады. Ал бұл елдердің компанияларына "Астана" қаржы орталығы арқылы әлемдік нарыққа шығу мүмкіндігі берілген.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Абылай Бейбарыс

–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––

Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу