Үш алпауыттың акциясы АХҚО биржасына орналастырылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4896

Халықаралық қаржы орталығы Air Astana, "Қазатомөнеркәсіп" және "Қазақтелеком" компанияларын жекешелендіруге атсалысады.  

Үш алпауыттың акциясы АХҚО биржасына орналастырылады

"Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, Air Astana және "Қазатомөнеркәсіп" компанияларының, сондай-ақ "Қазақтелеком"-ның акциялары 2018 жылдың төртінші тоқсанында қаржы орталығының биржасына орналастырылады. Бүгінде биржа "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, жекешелендіру процесін жүзеге асыруға дайындық жүргізіп жатыр.  

Компаниялардың роуд-шоуы, яғни таныстырылымы 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында ұйымдастырылады деп күтілуде.

"Жуырда "Самұрық-Қазына" қорының басшылығымен кездесіп, инвестициялық конференцияларды, инвесторлар күнін, роуд-шоуды осы жылдың бірінші жартыжылдығында өткізу туралы келісімге келдік. Роуд-шоуды Сингапур, Шанхай секілді әлемнің ірі қаржы орталықтарында өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Еуропада, Еуразиялық экономикалық одақта да таныстырылым ұйымдастыру жоспарда бар", – деді Қайрат Келімбетов баспасөз-мәслихатында. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Financial Times халықаралық басылымы ІРО аясындағы Air Astana мен "Қазатомөнеркәсіп" компанияларының акциялары Астана мен Лондонда бір уақытта қатар орналастырылуы мүмкін екенін жазған болатын.

Air Astana – "Самұрық-Қазына" қоры мен британиялық BAE Systems компаниясының бірлескен кәсіпорыны. Алғашқысының үлесі – 51%, соңғысына акцияның 49%-ы тиесілі. "Самұрық-Қазына" өзіне тиесілі акцияның 25%-ын сатуды көздеп отыр. Оны қазақстандық инвестор сатып алады деген болжам бар. Сондай-ақ BAE Systems компаниясы да өз үлесінің 25%-ын сатылымға шығармақ. "Самұрық-Қазына" акцияның 51%-ын өзінде қалдыруға тиіс. Сонда ғана компанияның ұлттық тасымалдаушы деген мәртебесі сақталып қалады.

"Қазатомөнеркәсіп" компаниясы уран және оның қосындыларын, сирек кездесетін металдарды, атом энергетикасы станцияларына қажетті ядролық отынды экспорттау бойынша Қазақстанның ұлттық операторы болып табылады. Ал "Қазақтелеком" – еліміздегі ірі байланыс операторы. Компанияның отандық телекоммуникациялар нарығындағы орны да ерекше. "Қазақтелеком"-ның ірі акционері – "Самұрық-Қазына" қоры. Жарғылық капиталдың 45,9%-ы қорға тиесілі.

Баспасөз-мәслихатында мәлім болғандай, "Астана" халықаралық қаржы орталығы үш жылдай бюджет есебінен қаржыландырылады. Осы уақыт аралығында орталық қызметін ұйымдастыруға және жүргізуге 60 млрд теңге бөлінеді.

"Барлық қаржы көздері арқылы орталық жұмысына жыл сайын шамамен 20 млрд теңге бөлінеді. Биылғы бюджетте дәл осы көлемдегі сома қарастырылған. Орталық алдағы үш-бес жылдың ішінде өзін ақтайды деп күтілуде. Осылайша бюджеттен бөлінетін қаржы біртіндеп азая бермек", – деді Қайрат Келімбетов.

АХҚО басқарушысының сөзіне сенсек, орталық алдағы бес жыл ішінде кем дегенде 3-5 млрд АҚШ долларын тартуға тиіс. Ал 10 жылдан кейін АХҚО арқылы Қазақстанға 40 млрд долларға жуық қаржы тартылмақ. Бұған жекешелендіру шарасы да өз үлесін қосады деп күтілуде.

"Қазіргі уақытта орталықтың штат саны 100 адамнан аспайды. Оның 90%-ы – ел азаматтары. Дені жастар. Олар "Болашақ" және басқа да гранттық бағдарламалар арқылы әлемнің жетекші оқу ордаларында білім алған. Орталық қызметкерлері жоқ дегенде ағылшын тілінде сөйлейді. Басым көпшілігі бірнеше тілде сөйлей алады. Алдағы уақытта штатты кеңейту қарастырылып отырған жоқ", – деді АХҚО басқарушысы.

Қайрат Келімбетовтың сөзінше, алдағы үш-бес жылдың ішінде қазақстандық 5 мың маманды қайта даярлаудан өткізіп, аутсорсинг орталығын құру көзделіп отыр. Аутсорсингпен жұмыс істейтін бағдарлама жасаушылар Ресей мен Үндістан елдерінде өте көп. Дәл осындай үрдіс біздің елге де еңбек.

"Қаржы орталығы криптовалюта нарығына араласпайды. Себебі бұл Ұлттық банктің құзыретіне жатады. Ал біз блокчейн технологияларын қолдануды ғана қарастырамыз. Жалпы, ұлттық криптовалюта құру жайын әлем елдерінің жан-жақты зерттеп жатқанын білеміз. Бірақ қабылданған нақты шешім жоқ. Бүгінде әлем басшылары мен қаржы министрлері криптовалютаны алыпсатарлықтың құралы ретінде қарастырып отыр. Ол туралы Давоста өткен бүкіләлемдік экономикалық форумда да айтылды. Негізі, белгілі бір өнімге инвестиция салса, ол қалай да өседі. Бірақ түптің түбінде ол да өзінің шырқау шегіне жетеді. Тек оның қай уақытта боларын ешкім білмейді. Сондықтан мұндай дүниелермен халықтың жаппай айналысқаны қауіпті. Бұл – кәсіби инвесторлардың ісі", – деді Қайрат Келімбетов баспасөз-мәслихатында.

АХҚО басқарушысы ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа жасаған ресми сапарында бизнес өкілдерін "Астана" халықаралық қаржы орталығының алаңына шақырғанын атап өтті.

Ерекше тоқталатын тұс, осыдан біраз бұрын АҚШ-та АХҚО, Bloomberg компаниясы және отандық Atameken Business телеарнасы арасында үшжақты келісімге қол қойылды. Келісімшартқа сәйкес, Atameken Business АХҚО-ның ресми ақпараттық серіктесі атанды.

Еске сала кетейік, "Астана" халықаралық қаржы орталығы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды түрде іске кірісті. Ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан толық қуаттына көшеді.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу