Дайындық деңгейі жоғары

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
8621

Ресми Астана Сирия мәселесіне қатысты келіссөз өткізуге дайын. Ендігі сөз кездесуге қатысушыларда.

Дайындық деңгейі жоғары Фото: politikus.ru

Қазақстан алаңы Сирия мәселесі төңірегінде келіссөз жүргізуге толық әзірлігін білдірді. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов журналистерге қазір ішкі саяси мекеме істің бүге-шігесін реттеу үшін кездесуге қатысушылардан хабар күтіп отырғанын айтты.

"Қазір біз кездесудің үлгісін, өтетін орнын, ұйымдастыру, хаттама, логистика және өзге мәселелерді анықтау үшін келіссөз жүргізуге бастама жасаған тараптан қатысушылар туралы ақпарат беруін күтіп отырмыз. Қазақстан толық дайын", – деп мәлімдеді ол.

"Болар келіссөзге Қазақстанның рөлі қандай?" деген сауалға СІМ басшысы жауап беруге қиналды, тек "барлығы қатысушылардың құрамына – бұл кездесуге келетін Ресей Федерациясының, Түрік Республикасының делегацияларын кім бастап келеріне байланысты" екенін аңғартты.

Әрине, келіссөзден үлкен нәтиже күтілетіні сөзсіз.

"Астанада өтетін келіссөзге қатысушылар Сирия мәселесінде ортақ шешімге келеді деп күтеміз. Себебі, баршамызға аян, Сирия жерінде бейбітшілік пен келісімді орнату бүгінгі күннің жаһандық мәселесіне айналып отыр", – дейді Қайрат мырза.

Министрдің айтуынша, Астанада жоспарланып отырған кездесу өзге келіссөз алаңдарының орнын ауыстырады деп есептеуге болмайды.

"Астанада өткіземіз деп отырған кездесу – 8 ақпанға белгіленген Женева келіссөзіне дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі. Астанада болатын кездесу Женева алаңын алмастырмайды", – дейді ол.

Айта кетейік, кездесудің мерзімі де әлі нақты бекітілген жоқ. Десе де, Қазақстан бастапқыда жоспарланғандай 23 қаңтарда келіссөзге қатысушылардың барлығын күтіп алуға дайын екенін мәлімдеп отыр. Министр журналистерге кездесуге қатысушылардың құрамы мен келіссөз үлгісі анықталған соң барлығы мәлім болатынын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу