​Сирияны қайта құруға қанша қаржы қажет

4389

Батыс елдері соғыста жеңіске жақындаған Асадты биліктен кетіруді талап етіп, араб республикасының экономикасын қалпына келтіруге көмектесуден бас тартып отыр.

​Сирияны қайта құруға қанша қаржы қажет

Осыдан 3-4 жыл бұрын президент Башар Асад көтерілісшілерді ойрандап, 2018 жылы жеңіс тұғырынан көрінеді деп ешкім ойламаса керек. Қазір оппозицияның қолында елдің солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясы ғана қалды. Асадтың жаяу әскері мен Ресей әуе күштері оны да қайтаруға әзірленіп жатыр. Идлиб тізе бүксе, Сирия үкіметтің қарамағына толық өтеді. "Даишта" да баяғы дәрмен жоқ. Оның сарқыншақтарын талқандау ғана қалды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамынша, Идлиб операциясы кесірінен 2 миллионнан астам бейбіт адам үйлерін тастап, босқындық кебін киюі мүмкін. Соғыс аяқталуға жақындағандықтан, шетел асқан 6 миллиондай адамды елге қайтару мәселесі де күн тәртібіне шықты. Алайда, Ресей президенті Владимир Путиннің бұл орайда өз жоспары бар. Ол бүгінде Еуропа мен АҚШ-тан Сирияны қалпына келтіруге  қаржы сұрап отыр. Кремль басшысының ойынша, осы өтініш орындалса, Еуропаға мигранттар салған салмақ жеңілдер еді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, жетіжылдық соғыстан күл-талқаны шыққан Сирияны қайта құруға кемінде 250 миллиард доллар қаражат керек. Ондай ақша Путин де, Асадта да жоқ. Өзге бір болжамдарға, Сирияны реконструкциялауға жарты триллион доллар мен 15 жыл уақыт кетуі мүмкін.

"Құпия директива"
Тамыздың 21-де РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров БҰҰ мен Батысты Сириядағы миграциялық дағдарыс үшін айыптап, олардан араб республикасын қалпына келтіруге қор талап етті. Лавровтың мәлімдеуінше, Біріккен Ұлттар Ұйымы өз қарамағындағы ұйымдардың Сирия экономикасын өркендету жобаларына қатысуына тыйым салатын "құпия директива" таратқан. Бұл директиваға сәйкес, аталған ұйымдарға Сирияда билік өзгергенше, тек гуманитарлық көмек көрсетуге рұқсат беріліп отыр. Сонымен қатар, Ресейдің бас дипломаты БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутеррештен Қауіпсіздік кеңесінің "жасырын директива" жайында неге хабарсыз екенін түсіндіріп беруді сұрады.

Ресми Мәскеудің ойынша, жетіжылдық соғыста Асадтың қарсыластарын қолдаған Батыс мемлекеттері Сирияны қалпына келтіруге қаржылай үлес қосып, Еуропаға ағылған мигранттар легін азайтар еді.

Батыстың да Мәскеуге қояр талабы бар
"Рейтердің" мәліметінше, биыл маусымның 19-да Ресей Бас штабының қолбасшысы Валерий Герасимов АҚШ теңіз әскерінің жетекшісі, генерал Джозеф Данфордтқа хат жолдап, Сирияны қайта құруға көмек сұраған.

"Бұл ұсыныста елді қалпына келтіріп, босқындарды қайтару үшін қаражат керек екені айтылған. Ал,Сирия режимінде не құрал-жабдық, не жанар-жағармай, не өзге материалдар жоқ", – деп хабарлайды халықаралық ақпарат агенттігі.

"Рейтердің" өзге бір дерегінше, Вашингтон Ресейге жауабында көмек мәселесін Сириядағы соғыс саяси жолмен тоқтатылып, онда Біріккен Ұлттар Ұйымының бақылауымен сайлау өткенде ғана қарастыратынын ескерткен. Айта кету керек, Құрама Штаттар "президент Башар Асад биліктен кетуі керек" деген позициясын 2011 жылы жариялады. Және де Америка Сирияның қирауына өз халқына оқ атқан Асад кінәлі деп есептейді. Ал, Мәскеу мен Дамасктің ойынша, Батыс елдің ішкі істеріне араласып, оппозицияны қолдап, жанжал отын тұтатпағанда, Сирия мұндай жағдайға душар болмас еді. 

Еуропаға оралсақ, оның да мүддесі Вашингтондікімен сабақтас. Бұл континентке Таяу Шығыстан босқындар миллиондап ағылғанда, "Қарт құрлықта" популизм өршіп, билікке ұлтшылдар келе бастады. Соған қарамастан, Еуропа Путин мен Асадтың "шантажына" көнбейтінін мәлімдеп отыр. Яғни, Еуропа одағы да Сирияны қалпына келтіруге қаражатты Асад "тирандық саясатынан" бас тартқанда ғана бөлмек. Алайда, армиясы жеңіске таяған Асад бұл жайында тіпті әңгіме қозғағысы келмейді.

Босқындар оралмауы мүмкін
Батыс елдерінің соғыстан кейінгі Сирияны қаржыландырудан бас тартуы миллиондаған босқынның еліне оралуын қиындатуы мүмкін. Сириялықтардың көбі Түркияға, Ливанға, Иорданияға кетсе, бір миллионнан астамы Еуропаға қашты. Ал, АҚШ бұл мемлекеттен әскери жанжал басталғалы, 20 мыңға жуық адам қабылдаған.

Сирия соғысында жарты миллионға жуық адам қаза тауып, 5,6 миллион адам шетелге бас сауғалады. Тағы 6,6 миллион адам ел ішінде босып жүр. Өзге мемлекеттерден пана тапқандардың көбі – сүннит мұсылмандар. Олар діні алавит Асад үкіметінің қол астына енді орала ма, оралса, оларды Асад оңай қабылдай ма? Бұл да бір жаңа проблема.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу