"Даму" қорында субсидияға берілетін қаражат жеткілікті

2866

Кәсіпкерлікті дамыту қоры өткен жылғы қызметінің нәтижесін жариялады. 

"Даму" қорында субсидияға берілетін қаражат жеткілікті

"Даму" қоры – еліміздегі микро, шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет қолдауын ұсынатын ұлттық институт. "Даму" қорының Басқарма төрайымы Гаухар Бөрібаеваның айтуынша, Қор жеңілдікпен несиелендіру, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, несиеге кепілдік беру және онлайн оқыту мен   қаржы институттарына дейін сүйемелдеу тәрізді төрт қаржылық құрал ұсынады.

"Даму" қорының мәліметінше, қор ҚР Ұлттық Қоры есебінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындарға қолдау көрсету және "Еңбек" бағдарламасын, сондай-ақ Азия Даму банкі мен Еуропа қайта құру және даму банкі қаражаты есебінен кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсету бағдарламасы сынды бірқатар жобаны жүзеге асыруда.

"2019 жылы ҚР Үкіметі "Қарапайым заттар экономикасы" атты басымдық берілген жобаларды қолдау бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама бірінші кезекте импортты алмастыруға арналған. Қазақстанда дайын өнім өндіріп, жұмыс орындарын ашатын кәсіпорындарға ерекше басымдық беріледі. Бағдарлама аясында 600 млрд теңгеге әртүрлі жобаларға несие беріліп, 30 млрд теңге субсидияға жұмсалды. Субсидиялар өңдеу өнеркәсібіне, соның ішінде сүт, ет өнімдерін әзірлеу жобаларына берілді", – деді Гаухар Бөрібаева.

"Даму" қорының Басқарушы директоры Айман Сәрсенғалиева "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы да жемісін бергенін атап өтті.

"Бұл бағдарламаның нәтижелі болуына байланысты, мақсаты мен міндеті сақтала отырып, қызмет ету мезімін 2025 жылға дейін созу туралы шешім шығарылды. Ал қолдау көрсету құралдары жетілдіріле түсуде. Жобаларды субсидиялауға қажетті қаражаттың тапшылығы өткен жылы Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып оң шешімін тапты. Субсидия көлемінің жетіспеушілігі мәселесі толықтай шешілді. 2019 жылы барлық бағдарлама бойынша сыйақы мөлшерлемесі субсидияланған жобалар саны 2641-ге жетіп, несие сомасы 269,8 млрд теңгені құрады. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 80%-ға артық", – деді ол.

Басқарма төрайымының орынбасары Фархат Сәрсекеев бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын қор әрдайым қадағалап отыратынын айтып өтті.

"Мемлекеттен қолдау алған кәсіпкерлер еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып жатыр. Атап айтқанда, Қор тарапынан қолдау көрген кәсіпкерлер былтыр 5471 млрд теңгенің өнімін шығарған. Олардан 443,2 млрд теңге салық жиналып, жаңадан 8,7 мың жұмыс орны ашылған. Қаражаттың мақсатты жұмсалуына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырамыз. Ереже бұзушылық әшкереленген жобаларға айыппұл салынды", – деді Фархат Сәрсекеев.

Басқарма төрайымы Гаухар Бөрібаева сөз соңында "Даму" қорының алдағы жылға арналған жоспарларымен бөлісе отырып, 2050 жылға қарай қор микро, шағын және орта бизнес нысандарының ел экономикасының ІЖӨ-дегі үлесін 50%-ға арттыруды көздейтін стратегиясын жүзеге асыруға белсенді қатысатынын айтты.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу