Дәрі-дәрмек дауы күзге қалды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3123

Ел үкіметі биылғы қоңыр күзде жаңа сессиясын бастайтын парламентке дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеу туралы тәуелсіздік тарихындағы алғашқы заң жобасымен кірмек.

Дәрі-дәрмек дауы күзге қалды

Мұны бүгін "Үкімет үйінде" бұқаралық ақпарат құралдары алдында елбасының биылғы жолдауын орындаудың төрт айы бойынша есеп берген денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

Кейбір сарапшылар дәрі-дәрмек бағасын кеңес одағы кезіндегідей, мемлекеттің реттеуі сайып келгенде, бұл саладан бизнесмендер мен инвесторлардың көбісінің теріс айналуына соқтыруы мүмкін деп алаңдайды. Ал министр мырза мұндай алаңдаушылыққа негізді байқап отырған жоқ: ол бизнесмендермен ақылдасуға уәде етеді.

"Мерзімі өтіп кеткен дәрі уға айналады" дейді ғалымдар. Дәл қазір Қазақстанда дәрі-дәрмектің бағасы удай! Теңгенің 2015 жылғы алапат девальвациясынан кейін және дағдарыстың "созылмалы" сипат алуы салдарынан, бұқара халық ашқұрсақ әрі аурушаң күйге душар болды, қарапайым қазақстандықтардың әсіресе, дәрілер бағасының қымбаттығы қабырғасына қатты батуда. Бұл іске тіпті мемлекет басшысының араласуына тура келген.

2017 жылғы 31 қаңтарда баспасөз арқылы жарияланған жолдауда мемлекет басшысы үкіметке "заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізуді" жүктеді. Бұл бастаманы бұқара үлкен үмітпен қарсы алған. Сонымен бірге бүгінгі баспасөз конференциясы барысында журналистер "мұның дәрі-дәрмек сатуға маманданданған кәсіпкерлердің табысын төмендетіп, олардың бұл саладан кетуіне ықпал етпей ме?" – деп сұрады.

"Бізге жолдау аясында жүктелген тапсырма – еліміздегі дәрі-дәрмек бағаларын бекіту. Бұған дейін біз тек мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында сатып алынатын дәрілердің бағаларын өткен жылдан бастап бекітіп келеміз. Ал жекеменшік дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмек бағаларын реттеу бойынша біздің құқығымыз болған жоқ. Осы тапсырманы орындау мақсатында біздің денсаулық сақтау министрлігі арнайы заң жобасын әзірледі. Қазір ол жобаның концепциясын жасап жатырмыз. Жақында құжатты интернет арқылы, сондай-ақ қоғаммен кездесулерде талқылауды бастаймыз. Өйткені бұл өзгерістер көптеген бизнесмендердің ісіне әсер етеді", – деген Елжан Біртанов бұл бағытта "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен қоян-қолтық жұмыс жүргізуге сөз берді.

"Осы талқылаулардан кейін заң жобасын біз күзде парламентке енгізуге тиіспіз. Ол қабылданғаннан кейін, біздің шамалауымызша, келесі жылдан бастап, дәрі-дәрмектердің бөлшек саудадағы бағасы бойынша ең жоғарғы, шекті мөлшері бекітіліп, ол бағалар Қазақстанның барлық өңірлерінде бірдей болады", – деді министр.

Рас, көлік-тасымал мен логистика да дәрілік препараттар құнына ықпал ететіні мәлім. Сонда қалай ең шалғайдағы өңірлер мен орталықтағы өңірде баға бірдей болмақ?

"Біздің ойымызша, мысалы, логистикалық шығындарды алар болсақ, 25 пайыздық үстемеақы – өте жоғары үстемеақы болып табылады. Біз халықаралық тәжірибені де, "СҚ-Фармация" бірыңғай дистрибьюторының тәжірибесін де зерделедік. Сонда байқағанымыз, дәрі-дәрмек құнын қазіргіден төмендеткеннің өзінде, олар бойынша кірістілікті жоғары сақтауға болады. Себебі, логистикалық қызметтердің бір бөлігін бірыңғай дистрибьютор өз мойнына алатын болады және препараттарды тікелей дәріханаларға дейін жеткізіп береді. Дәріханаларға ол дәрілерді тасымай, тек сатумен немесе тіркеуге алып, таратумен ғана айналысу қалады", –  деді министр.

Айтқандай, денсаулық сақтау ведомствосының басшысы дәрі-дәрмек бағасын реттеу әдістемесі дайын екенін де қосты.

"Ол әдістеме фармацевтикалық өнімдерді өндірушілердің мүдделерін ескеру негізінде түзілген. Яғни, бірінші кезеңде, қандай да бір препаратты Қазақстан аумағында тіркеу кезінде өндірушісі оның көтерме саудадағы бағасын да декларациялайды. Біз осы құжатты назарға ала отырып, дәл сол препаратқа қатысты ең шекті үстемеақыны белгілейміз. Сонымен бірге бұл ретте "референтті баға қалыптастыру" жүзеге асырылады. Ол бойынша біз дәл сол дәрі-дәрмек аталымының ең кем дегенде 9 елдегі, соның ішінде Еуропа, Түркия секілді алыс шетелдегі, сондай-ақ Ресей, Беларусь секілді жақын, көрші елдердегі бағасына да қараймыз. Бұл бізге әрбір препаратқа қатысты әділетті бағаны білуге мүмкіндік береді", – деді Елжан Біртанов.

Ол дәл осы әдістемені 2015-2016 жылдары стационарлық буында сынақтан өткізіп шыққандарын да жасырмады.

"Кей жағдайларда фармөндірушілер өкілдерімен баға бойынша жеке талқылаулар жүреді. Дәл осы мақсатта құрамына бизнес пен жұртшылық өкілдері, мәжіліс депутаттары кіретін министрліктің формулярлық комиссия жұмыс жасайды. Әрине, бұл сирек кездеседі, бірақ кейде біз белгілеген баға кәсіпкерлер көңілінен шықпай жатады да, оны қайта қарауға тура келеді. Мысалға, биылғы жыл басында 7 препарат бойынша баға қайта қаралды да, олар бағасы көтерілді. Демек, бизнес мүдделері сөзсіз, ескеріледі" деп нықтады денсаулық сақтау министрі.

"Үкімет үйіндегі" жиында елбасының "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауы бойынша есеп беруге мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да келді.

Оның айтуынша, Үшінші жаңғыру аясында министрліктің алдында ішкі және сыртқы туризмді дамыту жөнінде ауқымды міндеттер қойылған. Бұл бағыт жанармай-энергетикалық, агро-өнеркәсіптік кешендерді, сауданы, көлікті және өнеркәсіпті дамыту сияқты жаңғырудың олимпиадалық трассасының 6 негізгі басымдықтарының қатарына енгізілген.

"Алғаш рет саланың алдында өршіл міндет тұр – 5 жылдың ішінде туризм бойынша жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсуі 15%-ды құрайды" – деді министр. – Туристік саладағы жұмыспен қамтылған халықтың саны 530 мың адамды құрайды, ал туризмге салынатын инвестициялардың нақты өсуі 23% құрайды деп күтілуде. Бүгінде Туристік саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Мұнда Қазақстанның туристік нарығын әлемдік кеңістікте туристік бизнес пен сервистің инфрақұрылымын белсенді дамыту, Ұлттық қорды құру және елдің бай тарихи-мәдени мұрасын, оның сакральді нысандарын, бірегей табиғи аймақтарын, сондай-ақ заманауи мәдениет, білім, медицина, спорт және басқа да салалардағы жоғары жетістіктер мен мүмкіндіктерді кеңінен ұсынудың жаңа құралдарын енгізу арқылы ілгерілету жөніндегі барлық шаралар толығымен үйлестірілген. Барлық шаралар мемлекет басшысының қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі берген тапсырмаларымен сәйкес келеді.

Сондай-ақ Арыстанбек Мұхамедиұлының хабарлауынша, ел Парламенті "Дене шынықтыру және спорт туралы" заң жобасына спорт түрлерін қаржыландырудың жаңа жүйесі мен спорт түрлері бойынша саралауды көздейтін өзгертулерді қабылдады. Бұл өзгерістер спорт түрлері бойынша қаржының республикалық және жергілікті деңгейде объективті және тәуелсіз бөлінуі, қаржыландыру барысында ауытқуларға жол бермеуге мүмкіндік қалыптастырады.

"Министрлік елбасының қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру қызметіне кірісті. Президент ұсынған жобалар еліміздің шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің, қоғам арасында кеңінен қолдау тауып, олардың әрқайсысы "Туған жер", "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы", "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет", "Қазақстандағы 100 жаңа есім" және басқа да жобаларды жүзеге асыруға белсенді атсалыса бастады. Министрлікке туризм саласындағы функциялар берілгеннен кейін мәдениет, спорт, туризмнің өрістерінің бір-бірімен дұрыс бағытта селбесуі қамтамасыз етілді. Өйткені нақты осы салалар барша әлемде өте тиімді және тез танымал болуға мүмкіндік береді", – деп түйді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу