Дәріханадағы ішімдік

18124

Қазақстандық өндірушілер медициналық спиртті алкогольді өнімдермен теңестіруді ұсынды.

Дәріханадағы ішімдік

"ҚазАлко" қауымдастығының президенті Әміржан Қалиевтің айтуынша, Қазақстандағы медициналық спирттің сатылымы тиісті деңгейде бақыланбайды. Ол abctv.kz-ке бүгінгі таңда өндірушілер фармацевтикалық компаниялардың сұранысына байланысты анықталатын квота негізінде этил спиртін акцизсіз босатуға құқылы екенін айтты. Медициналық спирттің сатылымына бақылау жасау денсаулық сақтау министрлігінің тоқсан сайын жүргізетін бақылауымен ғана шектеледі. Оның қорытындысы қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетіне жіберіледі.

Әміржан Қалиевтің сөзінше, медициналық спирт тұнбаларға ғана емес, ішімдік дайындау үшін де пайдаланылады. Қазір дәріханалардағы 70 пайыз спирт ерітіндісінің 50 мл 80 теңге тұрады. Дәл осындай бірнеше "бөтелкені" сатып алып, жасырын цехта арақ жасауға болады. Бұл ретте 0,5 литрдің бағасы 350 теңге шамасында болмақ. Әміржан Қалиевтің айтуынша, егер арақ заңды түрде жасалса, онда оның  бөлшек саудадағы бағасы 850 теңге шамасында болады (өзіндік құн – 113 теңге, акциз – 400 теңге, ҚҚС – 62 теңге, зауыт табысы (12%) – 75,9 теңге, бөлшек пайда (12%) – 85 теңге). Қауымдастық президентінің айтуынша, маржаның 500 теңге болуы контрафактілі өнім өндірісін тартымды ете түседі.

Мұны мемлекеттік кірістер департаментінің Алматы қаласында жүргізген тексерісінің қорытындысы да растап отыр. Жуырда Алматы аудандарының бірінде контрафактілі алкогольдің ірі партиясы табылды. Тәркіленген өнімнің жалпы көлемі 640,7 мың бөтелкені (499,5 млн теңге) құрады. Күмән тудырған сусындардың қатарында белгілі брендтердің арағы мен шараптары бар. Бұған дейін қаланың ірі нарықтарының бірінде мемлекеттік кірістер департаменті заңсыз жасалған 30 мың алкоголь өнімін тәркіледі. Аталған сусындардың бәрі Алматы облысы мен Алматы қаласының аумағындағы түрлі көтерме сауда орындарында сатылған.

Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Алматы аумағында жалпы сомасы 1,4 млрд теңге болатын 1,8 млн бөтелке тәркіленген.

Қазіргі уақытта ел бойынша ішімдік акцизі 100% спирттің литріне 2 мың теңгені құрайды. 2018 жылы оны литріне 2275 теңгеге, 2019 жылы 2550 теңгеге өсіру жоспарлануда. Ал медициналық спирт үшін акциз төлеудің қажеті жоқ.  

Stat.gov.kz сайтында жарияланған мәліметке сенсек, Қазақстанда ішімдікті тұтыну артып келеді. Тек соңғы екі жылда арақ, коньяк және ликердің ақша түріндегі сату көлемі 1,7 есеге өскен. Республикадағы спирт өндірісі керісінше төмендеп келеді. Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 2015 жылмен салыстырғанда былтыр арақ өндірісі 21 мыңға немесе 210 мың литрге қысқарған. Импорт та өндірістің төмендеуін жаба алмай отыр. 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында біздің елге 3 млн 093,2 мың литр спирт пен спирт қосылған сусындар жеткізілген. Осы кезеңде арақ былтырғы жылмен салыстырғанда 3 млн 296 мың литрге аз шығарылған. Бұл жерде вермут, тұнбалар және басқа да алкогольді сусындар есепке алынып отырған жоқ.   

Әміржан Қалиевтің айтуынша, ішімдік өндірісінің технологиялық желілері есепке алуды бақылау құрылғыларымен жабдықталған. Құрылғылар уәкілетті органды өндірістің нақты көлемі туралы мәліметтермен автоматты түрде қамтамасыз етіп отырады. Сондай-ақ ішімдік өнімдерінің сатылымы қатаң бақыланады. "ҚазАлко" қауымдастығының президенті медициналық спиртті де дәл осындай бақылау-есепке алу құрылғыларымен жабдықтау керек деп есептейді.  

Қазақстанның шарап өндірушілер одағының президенті және Winnac Elite шарап-коняк зауытының басшысы Артуш Карапетян да елімізде спирт айналымы бақыланбайтынын мәлімдеді. Коньяк пен шараптың құрамы жиі өзгереді. Аталған өнімдерге этил спирті мен түрлі бояғыш қосылады. Осының салдарынан нанын адал тауып отырған ішімдік өнімдерін өндірушілер жапа шегеді. Оның айтуынша, контрафактілі өндірушілерге еркіндік беретін жағдай да жоқ емес. Бұған дейін егер акциздік маркалар оқылмайтын болса, өндірушіні лицензиясынан айыратын, сондай-ақ 100 АЕК (бір айлық есептік көрсеткіш 2269 теңгеге тең) көлемінде айыппұл салынатын. Ал заңсыз өндірістің басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылатын. Қазір мұндай заңбұзушылық үшін 100 АЕК көлемінде айыппұл ғана салынады. Ешқандай қылмыстық іс қозғалмайды.    

Артуш Карапетянның айтуынша, акциз маркасынсыз сатылатын алкоголь өнімдеріне деген жазаны күшейту керек.

Ал медициналық спирт өндірушілер өз тауарларына деген бақылаудың күшейтілуіне қарсы емес. "ТалғарСпирт" ЖШС бас директоры Сергей Налейкин аbctv.kz-ке берген жауабында "ҚазАлко" қауымдастығы президентінің пікірімен келісетіндігін және медициналық спирт өндірісінің технологиялық желілерін қажетті бақылау-есепке алу құрылғыларымен қамтамыз ету керек деп есептейтінін айтты.

Аталған шаралар алкоголь нарығындағы контрафактілердің көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мамандардың пікірінше, заңсыз өнім өндірушілер денатуратты (құрамында спирті бар, парфюмериялық индустрияда қолданылатын зат) да қолданады.

Соңғы жылдары Қазақстанда контрафактілік алкогольден улану жағдайы тіркелген жоқ. Десе де, Ресейде ваннаға пайдаланылатын "Боярышник" деп аталатын концентраттан жаппай улану фактісі тіркелді. Дәлірек айтсақ, 2016 жылдың желтоқсан айында Иркутск облысында "Боярышник" қосылған өнімді пайдаланған 74 адам қаза тапты. Осыдан кейін үкіметтің шешімімен 25 градустан жоғары алкогольдік емес азық-түлік тауарларын сатуға тыйым салынды. 2017 жылдың жазында Мәскеу және Астрахан облыстарында да адам өлімімен аяқталған жағдайлар тіркелді. Қазан айында азық-түлікке жатпайтын алкоголь өнімдерін сатуға қойылған тыйым алынып тасталды.

Еркебұлан Қыздарбек, Римма Гахова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу